Алматы гарнизонына жасаған жұмыс сапары барысында Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов «Жағалау» оқу-жаттығу орталығының инфрақұрылымымен, Десанттық-шабуылдау әскерлері әскери бөлімінің қызметімен танысып, «Жас десантшы» балалар әскери-патриоттық орталығына барды.
Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы, генерал-майор Алмаз Жұмакеев Қорғаныс ведомствосының басшысына Десанттық-шабуылдау әскерлерінің «Жағалау» оқу-жаттығу орталығындағы жүріп жатқан құрылыс пен жөндеу жұмыстарының барысы туралы баяндады. Оның айтуынша, мұнда десанттық әскерлерге арналған бронетранспортерлер мен «Арлан» броньды машиналарының жүргізушілерін даярлау жүргізілуде. Қазіргі уақытта жаңа кең асхана, штаб ғимараты, бақылау-өткізу пункті, казармаларға күрделі жөндеу жүргізу және жаңаларын салу жұмыстары жалғасуда.
Райымбек батыр атындағы 38-десанттық-шабуылдау бригадасында Қорғаныс министрі әуе-десанттық даярлық сыныбын аралап, әскери бөлімнің негізгі міндеттері туралы егжей-тегжейлі сұрап білді. Ол парашютпен секіру және басқа да оқу-жаттығу міндеттерін орындау кезінде қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға ерекше назар аударды.
«Жас десантшы» балалар әскери-патриоттық орталығында Қорғаныс министрін орталық тәрбиеленушілері қарсы алды. Балаларға енді үйірмелер мен секцияларға бару үшін қалаға шығудың қажеті жоқ екенін айтты.
Айта кетейік, бұл дамыту орталығы өткен жылы ашылған. Көп уақытын қызметке арнайтын Алматы десантшыларының отбасыларында мектеп жасындағы 3000-нан астам бала бар. Осы балалар үшін орталықта тегін робототехника, шахмат, шешендік өнер, мобилография, хореография, сурет салу, ағылшын тілі және домбыра тарту үйірмелері жұмыс істейді.
Жұмыс сапарының соңында авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысына әскерді дамыту, жеке құрамның жауынгерлік әзірлігі мен моральдық рухын жоғары деңгейде ұстау жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берді.