Әскери инженерлер Шардара тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз етуде

Әскери инженерлер Шардара тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз етуде

Түркістан облысы Шардара қаласында ҚР ҚК Құрлық әскерлері инженерлік-саперлік бригадасының әскери қызметшілері халықты ауыз сумен қамтамасыз етуге көмек көрсетуге кірісті.

Шардара су қоймасындағы су деңгейінің күрт төмендеуіне байланысты өңірде өте маңызды болып саналатын сумен жабдықтау жағдайына ден қою шаралары қабылданып жатыр.

31 800 адамнан асатын қала халқы ауыз суды бірнеше жерден алады, соның ішінде су қоймасы мен артезиан ұңғымасы да бар. Алайда биыл су қоймасындағы су көлемі жеткіліксіз болуы су тартуға арналған құрылыстардың жұмысында іркілістерге және тұрғындардың қажеттіліктерін толық қамтамасыз ете алмауға әкелді.

Әскери қызметшілер халықты сумен қамтамасыз етуге қабілетті уақытша су алу көздерін жасады. Понтонды монтаждау Шардараның негізгі су торабында жүзеге асырылды. Платформада 500 м³/сағ су тартатын құрылғы орнатылған, бұл су жеткізуді тұрақтандыруға және қаладағы ауыз судың жетіспеушілігін уақытша шешуге мүмкіндік береді.