Әскери қызметшілер 98 жастағы соғыс ардагерін туған күнімен құттықтады

Әскери қызметшілер 98 жастағы соғыс ардагерін туған күнімен құттықтады

Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері Илья Григорьевич Кудинді туған күнімен құттықтауға Жетісу ауданы қорғаныс істері жөніндегі басқармасының әскери қызметшілері, Алматы қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары подполковник Нұржан Естаев, ардагерлер, аудан әкімдігінің өкілдері келді.

«ҚР Қарулы Күштерінің ардагерлері» РҚБ Алматы филиалының өкілі отставкадағы полковник Төлеген Мұстафин туған күн иесіне Қорғаныс министрінің құттықтау хатын табыс етті. Соғыс ардагері құттықтаулар мен сыйлықтарды әрқашан ризашылықпен қабылдайды, бұл жолы да өмір жолындағы естеліктерін әңгімелеп берді. Илья Григорьевич әскерге шақыру жасына жетпегендер туыстарын майданға қалай шығарып салғанын айтып берді. Жылдар өтті, көптеген адамдар жақындарынан айырылды, бірақ жауды жеңеміз деген үміт басым болды дейді.

1927 жылы Алматы облысының Кербұлақ ауданында дүниеге келген Илья Кудин 1944 жылдың аяғында он жеті жасында соғысқа шақырылды. Қазақстаннан аттанған сарбаз артиллерияда қызмет етті және гитлерлік Германия жеңілгеннен кейін оның бөлімшесі жапондарға қарсы ұрыс қимылдарына қатысу үшін Қиыр Шығысқа жіберілді. Илья Григорьевич әскерге кеткеннен жеті жыл өткен соң үйіне оралды.

Туған жерінде зейнетке шыққанша Илья Григорьевич механизатор болып жұмыс істеді. Ел алдындағы әскери және елге сіңірген еңбегі үшін майдангер II дәрежелі Отан соғысы орденімен және «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Бүгінде Илья Григорьевич Алматыда тұрады, үш бала тәрбиелеп өсірді, тоғыз немересі мен алты шөбересі атасымен мақтанады.

– Біз, әскери қызметшілер ардагерлеріміздің жауынгерлік жолын құрметтейміз, – деді Алматы қаласы ҚІД бастығының орынбасары. – Біздің міндетіміз – жауды жеңіп, елге оралып, бейбіт өмірді қалыптастыруға атсалысқан, сұрапыл соғыста жеңіске жеткен адамдарды назардан тыс қалдырмау.

Илья Григорьевич әскери қызметшілерге осылай келетіндеріне үйренген. Майдангер әскерилерге аға буынға құрмет көрсеткені және жыл сайын соғыс құрбандарын жадымызда сақтауға ықпал еткендері үшін ризашылығын білдірді.