Шымкенттегі әскери қалашықта спорттық-ойын кешені ашылды

Шымкенттегі әскери қалашықта спорттық-ойын кешені ашылды

Шымкент гарнизонының әскери қалашығында балаларға арналған жаңа спорттық ойын алаңының ашылуына орай салтанатты іс-шара өтті.

Аталмыш объект Әл-Фараби ауданы әкімдігінің және жобаға демеушілік еткен жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен салынды.

Әскери оркестрдің сүйемелдеуімен өткен салтанатты рәсімге Шымкент гарнизонының бастығы подполковник Сергей Биболатов, Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданының әкімі Маратбек Мықтыбеков, кәсіпкерлер мен әскери қалашықтың тұрғындары қатысты.

Подполковник С. Биболатов әкімге және кәсіпкерлерге балаларға жасаған қолдау үшін алғысын білдірді.

– Осы қаланың тұрғыны және әке ретінде барша отбасыны осындай қуанышпен құттықтаймын. Балаларымызды назардан тыс қалдырмай, олардың дамуына үлес қосқандарыңызға көп рахмет. Ынтымақтастығымыз нығайып, дамитынына сенімдімін, – деді ол.

Өз кезегінде Әл-Фараби ауданының әкімі М. Мықтыбеков те осы жобаны іске асыруға қатысқан кәсіпкерлерге алғысын білдірді.

Алаң шартты түрде бірнеше аймаққа бөлінген: бір бөлігі – бүлдіршіндер үшін қауіпсіз ойын алаңы болса, екіншісі – үлкен балаларға арналған – спорттық тренажерлер және шағын футбол жаттығуларына арналған жабық алаң. Қойылған шатырлы сәкілер мен орындықтар қалашықтың тұрғындарының демалуына қолайлы жағдай жасайды.