Қорғаныс ведомствосының басшысы авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов әскери қызметшінің қызы, гимнаст Ақмарал Ерекешеваны жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатындағы тамаша жеңісімен құттықтады.
Қорғаныс министрі Құрлық әскерлері жауынгерлік даярлық басқармасының аға офицері подполковник Әсет Ерекешевке осындай қыз тәрбиелегені үшін ризашылығын білдірді. Чемпион мен оның ата-анасына салтанатты жағдайда алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.
– Тәртіптің не екенін әскери қызметшінің балалары жақсы біледі. Спорттағы тәртіп те армиядағыдай қатаң. Жеңістер мен жоғары нәтижелерге қол жеткізу үшін спортшы көп нәрседен бас тартуға, кестені сақтауға және өз бетімен көп жұмыс істеуге тура келеді. Қарулы күштер офицерінің қызы ел намысын әлемдік аренада қорғағанын мақтан тұтамын. Әр спортшының арманын орындап, Олимпиада чемпионы атансын деп тілеймін, – деді Қорғаныс министрі Ақмаралға айтқан сөзінде.
Ақмарал 4 жасынан бастап көркем гимнастикамен айналысады. Осы уақыт ішінде ол жасөспірімдер арасында екі дүркін әлем чемпионы, екі дүркін Азия чемпионы, Қазақстан Республикасының абсолютті чемпионы, Якутияда өткен "Азия балалары-2024" чемпионатының күміс жүлдегері атанды.
Ал жақында Софиядағы 70-тен астам елден 350-ден аса гимнастшы қатысқан жасөспірімдер арасындағы көркем гимнастикадан өткен әлем чемпионатында Ақмарал Ерекешева үлкен жетістікке қол жеткізді. Отандасымыз доп пен лента жаттығуларында алтын медаль, оған қоса шеңбермен жаттығуда күміс медаль иеленіп, турнирдің ең титулды қатысушысы атанды.
Кездесу соңында жас гимнаст Қорғаныс министріне еңбегін жоғары бағалап, жаңа жетістіктер мен жеңістерге жігер беретін қолдауы үшін алғысын білдірді.