Таразда әскери қызметшілер майдангерді 98 жасқа келуімен құттықтады

Таразда әскери қызметшілер майдангерді 98 жасқа келуімен құттықтады

«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері мен жергілікті әскери басқару органдарының өкілдері Ұлы Отан және кеңес-жапон соғыстарына қатысқан Иван Федорович Макеевті туған күнімен құттықтады.

Туған күн иесіне ерекше құрмет көрсетіліп Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосановтың атынан сыйлықтар мен алғыс хат табыс етілді. Құттықтау мәтінде ардагерге батылдығы, табандылығы және жеңіске қосқан баға жетпес үлесі үшін шын жүректен алғыс сөздер мен жүрекжарды жылы лебіздер айтылды.

Иван Федоровичке соғыс әндерін орындаған әскери музыканттардың музыкалық қойылымы керемет сыйлық болды. Жауынгер болған жас кездің әуендерін естігенде ардагер көзіне жас алды.

Иван Федорович Макеев 1927 жылы 10 шілдеде дүниеге келген. 1944 жылы қарашада әскер қатарына шақырылып, мергендер мектебін бітірді. Оның бөлімшесі Жапония тарапынан қауіп төнген Кеңес Одағының шығыс шекараларына жіберілді. Онда Иван Макеев Моңғолия мен Қытай аумағында – Харбин мен Мұқден аймағында шайқастарға қатысты. Қанша жарақат алса да аман қалып, соғыстың соңына дейінгі жауынгерлік жолдан өтті.

Соғыс аяқталғаннан кейін ол Находкада қызметін жалғастырды. Тек 1951 жылы ғана әскерден босады. Иван Федорович өзінің бүкіл өмірін ІІМ жүйесіндегі қызметке арнады. Әріптестері оны адал, қағидашыл және әділ адам екенін айтып отырады.

Бүгінде Иван Федорович өз қамқорлығына бөлеп отырған қызы Ольгамен бірге тұрады. Ардагердің теңізде қызмет ететін ұлы да бар. Қария жасына қарамастан ширақ, келген қонақтарды жылы қарсы алып, естелік әңгімелерін айтып берді.

– Әскери қызметшілердің бізді, ардагерлерді ұмытпағанына, келіп, хабарласып тұратындығына қуаныштымын, – деп атап өтті Иван Федорович. – Қорғаныс министрінен құттықтау хат алу, әсіресе соғыс жылдарындағы әуендерді тыңдау қатты қуантты. «Катюша» әнімен шабуылға шықтық. Бұл ән мені жастық шағыма апарып қайтты.