Қарулы күштерде сержанттарды кәсіби мерекелерімен құттықтады

Қарулы күштерде сержанттарды кәсіби мерекелерімен құттықтады

ҚР Қарулы күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында Сержант күні салтанатты түрде атап өтілді. 

Іс-шараға Қорғаныс министрлігінің басшылығы, келісімшарт бойынша әскери қызметшілер, Қарулы күштердің ардагерлері және әскери колледж кадеттері қатысты. 

Қорғаныс министрлігі басшылығының атынан оларды Қарулы күштер Бас штабы Жауынгерлік дайындық департаментінің бастығы генерал-майор Анатолий Довганюк кәсіби мерекелерімен құттықтады. Ол сержанттардың сарбаздарды оқыту мен тәрбиелеудегі рөлін және ардагерлердің сержанттар корпусының жаңа моделін дамытуға қосқан үлесін атап өтті.

– Сержант күндіз-түні сарбаздың қасында болып, әр бағыныстының жеке ерекшеліктерін зерделейді. Олардың қызметтік және әлеуметтік-тұрмыстық қажеттіліктерін зерттейді. Әскери қызметшілердің жауынгерлік білімі оның беделіне, талапшылдығына, кәсіби шеберлігі мен дағдыларына байланысты, – деп атап өтті департамент бастығы.

Кәсіби мерекеге орай бірқатар әскери қызметшілер "Ел қорғаны" медалімен және грамоталармен, ал ардагерлер алғыс хаттармен марапатталды. Іс-шара мерекелік концертпен аяқталды.

Мерекеге орай әскери бөлімдерде Ашық есік күндері өтті. Үздік ән мен поэтикалық шығармаларға конкурстар, жаппай жарыстар мен спорттық жарыстар ұйымдастырылды.