Щучинск қаласындағы әскери колледжде сержанттардың оқуды аяқтау рәсімі өтті

Щучинск қаласындағы әскери колледжде сержанттардың оқуды аяқтау рәсімі өтті

Шоқан Уәлиханов атындағы Қорғаныс министрлігінің әскери колледжін аяқтаған 70 түлекке дипломдар табысталды.

Кәсіби сержанттар дайындайтын бұл оқу орнының жиырма жетінші салтанатты рәсімі «Абылай хан алаңында» орналасқан сәулет-мемориалдық кешенінде өтті.

Салтанатты шараға Құрлық әскерлерінің қолбасшылығы, колледж басшылығы, Қарулы күштердің ардагерлері, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, колледж түлектері мен олардың туыстары қатысты.

Дәстүр бойынша алдымен оқуды үздік аяқтаған үш түлекке ерекше үлгідегі диплом табысталды.

Кәсіби сержанттарды даярлау мерзімі – шамамен екі жыл. Олар «әскери істе төменгі буын менеджменті» мамандығы бойынша білім алып, «мотожауынгерлік бөлімшелерді басқару», «жаяу әскер жауынгерлік машинасының механик-жүргізушісі» және «В1, С1 санатындағы жүргізуші» біліктіліктерін иеленді.

Түлектер алған білімдері арқылы әскери техниканы басқаруға, қаруды қолдануға, сондай-ақ мерзімді әскери қызметтегі сарбаздарды бұл істерге үйретуге мүмкіндік алады.

Оқу орнын тәмамдаған түлектер Құрлық әскерлерінің, Әскери-теңіз күштерінің, арнайы мақсаттағы барлау бөлімшелерінің және ҰҚК Шекара қызметінің әскери бөлімдеріне қызметке жіберіледі.

Салтанатты рәсім түлектердің салтанатты шеруімен және колледждің Жауынгерлік туымен қоштасу дәстүрімен аяқталды.