Қазақстан Республикасы Ұлттық қорғаныс университетінің базасында Геоақпараттық қамтамасыз ету департаментінің көмегімен Қорғаныс министрлігі бөлімшелерінің геоақпараттық қамтамасыз ету саласындағы мамандары біліктілік арттыру курсынан өтті.
Дәрістер мен практикалық сабақтарды Ұлттық қорғаныс университетінің оқытушылары мен Геоақпараттық қамтамасыз ету департаментінің мамандары өткізді.
– Біздің алдымызда қорғаныс жүйесіне цифрлық шешімдерді белсенді енгізу міндеті тұр. Бүгінде ведомство мамандарының топогеодезиялық және навигациялық қамтамасыз етудің жаңа технологиялары мен әдістерін игеруі өте маңызды. Біздің курс осыған бағытталған, – деп нақтылады Геоақпараттық қамтамасыз ету департаменті бастығының орынбасары полковник Шаяхмет Әшіров.
Курс бағдарламасы әскери қызметшілердің геоақпараттық жүйелерді қолдану, цифрлық картографиялау, кеңістіктік талдау және навигациялық сүйемелдеу саласындағы кәсіби құзыреттерін дамытуға бағытталған.
ГАЖ бағдарламаларын қолдану, геодеректермен жұмыс істеуде заманауи бейнелеу және автоматтандыру әдістерін қолдану мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Қорытынды аттестаттаудан өткеннен кейін курс тыңдаушыларына біліктілігін арттыру туралы сертификаттар берілді. Сонымен қатар, оларға өткен тақырыптар бойынша дәрістер мен презентация материалдары, анықтамалық ақпарат пен бейнематериалдар табысталды.
Ұлттық қорғаныс университеті ақпараттық-талдамалық қамтамасыз етудің негізгі бағыттары бойынша мамандар даярлау үшін тәжірибеге бағдарланған бағдарламаларды одан әрі дамытуды жоспарлап отырғанын айта кету керек.