Өңірлерде Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары - Қарулы күштер Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов әскери нысандарға барып, әскери бөлімдердің жеке құрамымен кездесті.
Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтының "Әли" оқу орталығында ол түлектердің қорытынды аттестаттау барысымен танысты. Оқытушылар құрамымен және курсанттармен әңгімелесу барысында Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары заманауи технологияларды меңгерген жоғары білікті мамандарды даярлаудың маңыздылығын атап өтті.
Институтта Бас штаб бастығы инженерлік әскерлер мен РХБҚ кафедрасының жағдайы мен жабдықталуын тексерді. Оқу жоспарлары және бағдарламаларымен танысып, қазіргі заманғы талаптар мен сын-тегеуріндерді ескере отырып, материалдарды жаңарту және оқыту әдістемелерін жетілдіру қажеттігін атап өтті.
Гарнизондарда генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов әскери институттың пәтерлік-пайдалану қызметінің қоймасы және Қонаев гарнизонының "Жағалау" полигонындағы оқу орталығы секілді әскери объектілер құрылысының қарқыны мен сапасын бағалады. Жобалық-сметалық құжаттаманы зерделеп, салынып жатқан құрылыстарды қарап шыққаннан кейін генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов құрылыс процесін оңтайландыру және олардың уақтылы пайдалануға берілуін қамтамасыз ету жөнінде бірқатар нұсқаулар берді.
Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары қару-жарақ пен әскери техниканы жөндеумен және қалпына келтірумен айналысатын "Айнабұлақ" зауытында болды. Сол жерде ол өзінің базасында оқу орталығын орналастыру мүмкіндіктерін зерделеп, казармалық-тұрғын үй қорын дайындау мәселелерін шешу қажеттігін атап өтті.
Тараз гарнизонында Бас штаб бастығы әскери нысандардағы қауіпсіздік ережелерінің сақталуына назар аударып, "Айша бибі" полигонындағы оқу орталығының оқу-әдістемелік базасын дамыту қажеттігін атап өтті.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Бас штаб бастығы генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов материалдық-техникалық қамтамасыз етуді нығайту, мамандардың кәсіби даярлық деңгейін арттыру және әскери объектілердің құрылысын аяқтау мерзімдері бойынша бірқатар міндеттер қойды.