Ұлттық қорғаныс университетінде әскери ант қабылдау рәсімі салтанатты түрде өтті

Ұлттық қорғаныс университетінде әскери ант қабылдау рәсімі салтанатты түрде өтті

Астанада әскери-ғылыми взводтың, оған қоса ҚР Ұлттық қорғаныс университетінің күзет және қамтамасыз ету ротасының сарбаздары Отанға адал болуға ант берді.

Іс-шараға білім ордасының оқытушылары, әскери қызметшілер, Қарулы күштердің ардагерлері, сарбаздардың туған-туыстары қатысты.

ҚР Ұлттық қорғаныс университетінің бастығы генерал-майор Асқар Мұстабеков жауынгерлерді өміріндегі маңызды оқиғамен құттықтады.

– Әскери қызмет өткеру қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім және әскери қызметшінің моральдық-этикалық келбетіне жоғары талаптар қоюды білдіреді, – деп атап өтті ол.

Әскери-ғылыми взводқа ІТ-мамандығы бойынша жоғары білімі бар Астана, Алматы және Қарағанды қалаларынан бес жасөспірім таңдалды. Күнделікті қызметте бөлімшенің әскери қызметшілері жоғары технологиялық қару-жарақ саласындағы ғылыми-зерттеу жобаларын орындауға бағдарланған.

Жауапты міндет күзет және қамтамасыз ету ротасының сарбаздарына да жүктеледі. Әскери қызметшілер ішкі тәртіпті сақтаумен айналысады, өткізу режимін бақылауды жүзеге асырады, ғимараттар мен әскери мүлікті күзетеді.

– Бүгін біз ресми түрде әскери қызметші атандық. Бір айлық қызмет барысында біз көп нәрсені үйрендік. Енді жаңа кезеңде әскери істің қыр-сырын үйренеміз, ол кездің өз қызығы мен жауапкершілігі болатынына сенімдімін. Командирлердің сенімі мен ата-аналардың үмітін ақтауға тырысамыз, – деді қатардағы жауынгер Мәди Есімбек.    

Ант беру рәсіміне дейін әскерге шақырылушылар жас жауынгер курсынан өтті. Бір ай бойы олар жалпыәскери жарғыларды, саптық, дене шынықтыру, атыс дайындығының негіздерін оқып, практикалық оқ атуды орындады.

Жас сарбаздарды айтулы күнмен қатардағы жауынгер Қайрат Айтбайдың анасы Клара Малтаева құттықтады.  

–  Бүгін әрбір ананың жүрегі ұлына деген мақтаныш пен сүйіспеншілікке толы. Біз балаларымыздың қалай шымырланып келе жатқанын көрдік. Барлық ата-аналардың атынан мен ұлдарға – бүгін сендер Отанға адал болуға ант бердіңдер. Әскери борыштарыңды абыроймен атқарады деп сенемін. Туыстарың сендерге сенеді, аман-есен оралғандарыңды күтеді, – деді ол.

Іс-шара барысында сарбаздар қару-жарақ пен қоян-қолтық ұрыстың техникасын көрсетті. Салтанатты шара соңында ата-аналар сарбаздардың тұрғын үй-тұрмыстық жағдайымен танысты.