Астанада кәсіби мерекеге орай Қорғаныс министрлігінің Бас әскери клиникалық госпиталінде салтанатты жиналыс өтті.
Әскери дәрігерлерді құттықтауға м.ғ.к., "Астана медицина университеті" КЕАҚ реабилитология және спорттық медицина кафедрасының профессоры Виктор Ткачев; PhD, доцент, кафедра меңгерушісі Әлия Смағұлова; м.ғ.к., ішкі аурулар кафедрасының доценті Айнагүл Қазбекова; м.ғ.д., профессор "Достармед" клиникасының директоры Амангелді Асабаев; PhD, дерматовенерология және дерматокосметология кафедрасының доценті Наталья Цой; КСРО Денсаулық сақтау ісінің үздігі, Еуропалық урологтар мен андрологтар қауымдастығының мүшесі Гафур Хайрли келді.
– Медицина ғылымы мен практикасының танымал майталмандарын көргеніме қуаныштымын. Сіздердің кәсіби және әдістемелік еңбектеріңіз біз үшін маңызды. Тәжірибемен бөлісіп, бізді қолдап, жеке құрамды дамытуға жігер бергендеріңіз үшін рахмет, – деді Бас әскери клиникалық госпиталь бастығы медициналық қызмет полковнигі Арман Ескендіров. Ол сол секілді медицина ардагерлеріне жылы лебіздерін білдіріп, олардың еңбек жолы денсаулық сақтауды дамыту тарихы, бүгінгі ұрпаққа өнеге екенін атап өтті.
– Бүгін сіздердің араларыңызда тұру мен үшін үлкен мәртебе. Госпиталь басшылығына академиялық қоғамдастықпен ынтымақтастық үшін шын жүректен алғыс айтамын. Әскери медицина қызметі – бұл мамандық пен Отанға деген адалдықтың ең жоғары көрінісі. Бұл тек білім мен тәжірибені ғана емес, батылдықты да қажет ететін еңбек, – деп атап өтті құрметті қонақ Виктор Ткачев.
Кәсіби мереке құрметіне денсаулық сақтау саласындағы көпжылдық, жемісті еңбегі үшін "Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін" төсбелгісімен госпиталь бастығының орынбасары медициналық қызмет полковнигі Аслан Асылханов және урология бөлімшесінің бастығы медициналық қызмет подполковнигі Дастан Кенжерахманов марапатталды.
Ерекше көзге түскен мамандарға Денсаулық сақтау министрінің алғыс хаттары, ал құрметті қонақтарға Қарулы Күштердің Бас әскери-медициналық басқармасы бастығының алғыс хаттары табыс етілді. Аурухананың үздік қызметкерлері медициналық мекеме бастығының құрмет грамоталарымен марапатталды.