Шығармашылық взвод сарбаздары әскери ант берді

Шығармашылық взвод сарбаздары әскери ант берді

Астанада биылғы көктемде ҚР Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының шығармашылық взводына шақырылған сарбаздардың әскери ант беру рәсімі өтті.     

Шығармашылық взводта 21 сарбаз қызмет етеді. Олар Астана, Семей қалалары мен Түркістан облысынан шақырылған.

Іс-шараға Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың басшылығы мен жеке құрамы, Қарулы күштердің ардагерлері мен сарбаздардың туыстары қатысты.   

 – Сіздерді бүгінгі маңызды шарамен құттықтаймын. Сіздер еліміздегі бірден-бір шығармашылық взводта мерзімді қызмет өткеру құрметіне ие болып отырсыздар. Алдағы бір жыл ішінде әскери-мәдени өмірге бірге әскери істің негіздерін үйреніп, нағыз Отан қорғаушысы боласыздар. Кейін қаласаңыздар, келісімшарт бойынша әскери қызметті жалғастыруға болады, – деді Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың бастығы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арман Әсенов.  

Ант берген жас сарбаздардың бірі Әлішер Нұрмұханбетов Р. Глиер атындағы музыкалық мектепті бітіріп, әскерге дейін жоғары педагогикалық білім алған.

– Саксофонда ойнайтын музыкант ретінде шығармашылық взводқа түскеніме өте қуаныштымын. Бұл жерде маған сүйікті ісіммен айналысуға, кәсіпқойлардан тәжірибе жинауға мүмкіндік бар. Болашақта әскери оркестрде қызметімді жалғастырмақ ойым бар, – деді А. Нұрмұханбетов.

Астаналық Жандос Жастілек әскерге дейін елордалық колледжде аспаздық білім алған. Ол отбасында төрт баланың үлкені. 

– Анам медицина, ал әкем – полиция қызметкері. Олар бізді патриотизм рухында тәрбиелеп, еңбекке баулыды. Әскер қатарына өз еркімен келдім. Бала кезімнен домбыра тартамын. Мұнда кәсіби әскери музыканттардың арасында өз шеберлігімді шыңдайтыныма сенімдімін, – деді Жандос Жастілек.

Бір ай ішінде әскерге шақырылушылар жас жауынгер курсынан өтіп, жалпы әскери жарғыларды, саптық, дене шынықтыру, атыс дайындығының негіздерін оқып, алғашқы практикалық атыстарды орындады. 

Салтанатты рәсім Ұлттық әскери-патриоттық орталық шығармашылық ұжымының концерттік бағдарламасымен аяқталды.

Қарулы күштердегі дарынды әскерге шақырылушыларға арналған бөлімше 2023 жылы құрылған болатын. Бұл шығармашылық взводқа үшінші шақырылушылар.