«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында армия спортшысы Ангелина Лукасқа құрмет көрсетілді

«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында армия спортшысы Ангелина Лукасқа құрмет көрсетілді

Қорғаныс министрлігі Армия орталық спорт клубының қызметшісі Ангелина Лукас тарихи жекпе-жектен кейін «Оңтүстік» ӨңҚ әскери қызметшілерінде қонақта болды.

Алты раундтық сайыста Ангелина Лукас чилилік спортшы Даниэла Асенходан реванш алып, спорттық мансабындағы жалғыз жеңілісін жойды. АОСК өкілін алғашқылардың бірі болып «Тараз Арена» спорт кешенінде оған қолдау көрсеткен «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері құттықтады.

  Ангелинамен бірге кездесуге анасы Надежда да келді. Әскери қызметшілер чемпионды сұрақтың астына алды. Олар спортшының жекпе-жекке қалай дайындалғанын, спорттық құпиялары бар-жоғын білуге қызығушылық танытты. Ангелина ауыр жаттығулар мен жеңістен кейінгі эмоциялары туралы айтты.  

 – Біздің жауынгерлерімізге, сондай-ақ «Оңтүстік» ӨҚ әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Ержан Ыбраевқа қолдау көрсеткені үшін шексіз алғысымды білдіремін, – деді Ангелина Лукас. – Осы жекпе-жекке дайындалу барысында өзімді ғана емес, маған сенім артқандар туралы да ойладым. Қайткен күнде де жеңісті қайтару керек болды. Мен мұны Қазақстанда, жерлестерімнің алдында, әскерилердің күшті қолдауымен жасадым. 

  Кездесу соңында генерал-майор Ержан Ыбраевтың атынан Ангелинаға «Оңтүстік» ӨңҚ символикасы бар сыйлықтар – кәдесый және көптеген гүлдер табыс етілді.

  Ангелина Лукас мұндай кездесулер оны жаңа жетістіктерге жетелейтінін жеткізді. Ол келесі жекпе-жектерге дайындықты бастап кетті. Ал әскери қызметшілер өз кезегінде барлық турнирлерде оған қолдау көрсетуді жалғастыруға уәде берді.