ҚР Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің депутаттары Қарулы күштердің Арнайы операциялар күштері қолбасшысының басқармасында болды.
Парламент Мәжілісінің бейінді комитетінің хатшысы Айдос Сарым өз сөзінде сапардың мақсаты мен Арнайы операциялар күштерінің еліміздің қорғаныс қабілетін нығайтудағы және әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызын атап өтті.
Заң шығарушы билік өкілдері басқару пунктінің жұмысымен танысты. Оларға қару-жарақ, техникалық құралдар, ұшқышсыз ұшу аппараттары мен жабдықтардың үлгілері ұсынылды.
Арнайы операциялар күштерінің қолбасшысы полковник Айдос Мырзахметов депутаттарды сеніп тапсырылған әскери құрылымның қалыптасуы мен даму перспективалары туралы хабардар етті.
Кездесу барысында жауынгерлік және жұмылдыру дайындығын арттыру мәселелері талқыланды. Бүгінгі таңда бұл жеке құрамды даярлау сапасына, заманауи технологияларды, оқыту құралдарын қолдануға және жеке құрамның идеологиялық тұрақтылығын дамытуға тікелей байланысты. Сондай-ақ әскери инфрақұрылымды жетілдіру, қару-жарақ пен әскери техниканы жаңғырту туралы да сөз болды.
Кездесу VIII сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің үшінші сессияына арналған өкілеттіктерін іске асыру жөніндегі негізгі іс-шаралар жоспарына сәйкес өтті.