Қарулы күштердің әскери қызметшісі өртеніп жатқан үйден әйел адамды құтқарып қалды

Қарулы күштердің әскери қызметшісі өртеніп жатқан үйден әйел адамды құтқарып қалды

Семей қаласында орналасқан әскери бөлімнің коменданттық взводының электригі қатардағы жауынгер Қызыр Мұхаметжанов отқа оранған үйден әйелді құтқарып алып шықты.

Оқыс оқиға 10 маусым күні кешкі уақытта әскери қызметші дүкенге бара жатқан уақытта орын алды. Ол қаланың тар көшелерінің бірінде өрт сөндіріп жатқан адамдар тобын көрді.

Жанып жатқан ғимараттың терезелерінен жанұшыра шыққан айқайды естіген әскери қызметші еш ойланбастан көмекке жетті. Қоршауды айналып өткен ол терезе әйнегін сындырып, жанып жатқан бөлмеге кірді.

Бұл кезде қалың түтіннің салдарынан үй ішінде ештеңе көрінбейтін. Сол себепті Қызыр Мұхаметжановқа айқайлаған дауысқа құлақ түруге тура келді. Соның арқасында ол үй ішінен әйел адамды тез тауып, сыртқа көтеріп алып шықты.

Жедел медициналық жәрдем бригадасы зардап шеккен адамды қаладағы ауруханаға жеткізді. Қазір ол ем қабылдап жатыр.

Екі баланың әкесі қатардағы жауынгер Қызыр Мұхаметжанов он жылдан астам уақыттан Қарулы күштер сапында келісімшарт бойынша қызмет етіп келеді.

Қызыр өзінің іс-әрекетін батырлық деп санамайды. Өйткені қиын сәтте көмек қолын созу ол әр азаматтың міндеті дейді. Әскерде қалыптасып қалған әдетінше ол жедел, әрі батыл әрекет етуге шешім қабылдауға әркез дайын.