Қорғаныс министрі әскери жоғары оқу орындары мен колледждердің үздіктеріне погон табыстады

Қорғаныс министрі әскери жоғары оқу орындары мен колледждердің үздіктеріне погон табыстады

Мемлекеттік рәміздер күні Қазақстан Президенті - Қарулы күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс, Ішкі істер, Төтенше жағдайлар министрліктері және ҰҚК оқу орындарының 14 үздік түлегіне алғашқы офицерлік погондарды табыс етті.

Іс-шараға мемлекеттік органдардың басшылары, Парламент депутаттары, Ұлттық құрылтай мүшелері, Халық қаһарманы және Қазақстанның Еңбек Ері атақтарының иегерлері, Қарулы күштердің ардагерлері, курсанттар, туыстары мен жақындары қатысты.

Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтының, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының түлектеріне лейтенант погондарын табыс етті. Ал  Астана және Ақмола облысының Щучинск қаласындағы әскери колледждерді сәтті бітірген жастар кіші сержанттың погондарын алу құрметіне ие болды.

Мемлекеттік рәміздер күні үздік курсанттар мен кадеттерге погон табыстаған генерал-полковник Руслан Жақсылықов түлектер Отан қорғаушы атағын лайықты алып жүретініне және  батыр бабалардың өсиеттеріне адал болатынына сенім білдірді.

Биыл "Атамекен" этномемориалдық кешенінде әскери колледждердің түлектері погон алды.

- Бүгін маған "кіші сержант" әскери атағы берілді. Қорғаныс министрінің қолынан погон алу мен үшін үлкен мәртебе. Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледж басшылығына және командирлерге оның қабырғасында алған біліміміз үшін өте ризамын. Мен олардың сенімін ақтауға тырысамын, - деді Максим Ибрашев.

Әскери институттың үздік түлектерінің бірінің анасы да өз әсерін жеткізді:

– Өз басым осындай маңызды іс-шараға қатысқаныма өте қуаныштымын. Менің ұлым бүгін Президенттің қолынан лейтенант погонын алды. Мен оның жетістігіне мақтанамын және болашақта жақсы офицер болатынына сенімдімін, – деп атап өтті Әміре Жолдыбековтің анасы Альфия Есенғалиева.

Әскери жоғары оқу орындарының түлектері ел Президенті мен Қорғаныс министріне көрсеткен құрметі үшін алғыс білдіріп, Отанға адал қызмет етуге уәде берді.