Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлерінің әскери институтында мемлекеттік емтихандар басталды.
Түлектердің білімі мен дағдыларын объективті, жан-жақты бағалау, олардың қызмет атқаруға дайындығын тексеру үшін институтқа ҚР Қорғаныс министрлігінен комиссия келді.
Емтихан сессиясы «Әли» оқу орталығындағы саптық байқаудан басталды. Сымдай тізілген курсанттар алдағы күрделі сынақтарға дайын екендіктерін көрсетті.
– Еліміздің қорғаныс қабілеті жас офицерлерді оқыту сапасына байланысты. Олар – армиямыздың болашағы. Түлектер мұқият дайындықтан өтті. Енді өз білімдерін растайтынына және қойылған міндеттерді лайықты орындайтынына сенімдімін, – деді институт бастығы генерал-майор Бауыржан Ибатулин.
Сынақ барысында теориялық білім, практикалық дағдылар, тактикалық ойлау деңгейі және түлектердің ұрысқа барынша жақын жағдайларда салмақты шешім қабылдау қабілеті бағаланады.
Аттестаттау аяқталғаннан кейін дипломды мамандар «лейтенант» алғашқы офицерлік атағын алып, Қарулы күштер қатарында қызметін жалғастырады.