Қазақстан Республикасының Ұлттық қорғаныс университетінде ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен Қорғаныс министрлігімен бірлесіп ұйымдастырылған әскери журналистика және дағдарыстық коммуникациялар бойынша семинар өтті.
Оған күштік құрылымдардың, мемлекеттік органдардың, БАҚ және онлайн-қоғамдастық өкілдері қатысты.
Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат комитеті төрағасының орынбасары Әлішер Мұқажан және Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаменті БАҚ-пен жұмыс жөніндегі басқармасының бастығы подполковник Эрик Мусин құттықтау сөзінде бұқаралық ақпарат құралдарының маңызды рөлін атап өтті.
Журналистер «Төтенше жағдайлар кезіндегі ТЖМ мен БАҚ өкілдерінің іс-қимылдарын үйлестіру және ақпараттық өзара іс-қимылы», «Төтенше жағдайларға ден қоюда ақпараттық жүйелерді қолданудың өзекті тәсілдері», «Қазіргі заманғы қарулы қақтығыстарда күрес жүргізудің гибридті әдістері», «Медиагигиена мемлекеттік міндет ретінде: жеке дағдыдан тұрақтылық инфрақұрылымына дейін» дәрістерін тыңдады.
Семинарда табиғи төтенше жағдайлар кезіндегі БАҚ-тың рөлі атап өтілді. Жаппай су тасқыны мен жойқын жер сілкінісі халыққа үлкен қауіп төндіреді және қоғамның барлық институттарының үйлестірілген әрекетін талап етеді. Мұндай жағдайда бұқаралық ақпарат құралдары халықты сенімді ақпаратпен қамтамасыз ететін өмірлік маңызды буын болып табылады. Уақтылы берілген жаңалықтар дүрбелеңнің алдын алуға көмектеседі, дәлелденген мәліметтер мен жалған ақпаратқа қарсы тұру халық пен мемлекеттік қызметтер арасындағы байланысты сақтауға мүмкіндік береді.
Семинарға қатысушылар үшін қарулы қақтығыс аймақтарындағы журналистер жұмысының ерекшеліктері туралы баяндама да пайдалы болды. Халықаралық гуманитарлық заңға сәйкес, қарулы қақтығыс аймағында БАҚ өкілі оны шабуылдан және зорлық-зомбылықтан қорғайтын азаматтық мәртебеге ие. Алайда, егер журналист қарулы құрамаға кіріп, қолына қару алса немесе кез келген әскери нысандардың жанында болса, оны жоғалтады.
Дәрістен кейін сұрақ-жауап сессиясы өтті. Іс-шара соңында семинарға қатысушылар сертификаттар алды.