Әскери қызметшілердің балалары Каспий теңізіне әскери кемелермен жорыққа шықты

Әскери қызметшілердің балалары Каспий теңізіне әскери кемелермен жорыққа шықты

Әскери-теңіз күштерінің әртекті кемелер дивизионының базасында 200-ден астам балаға арналған ашық есік күні ұйымдастырылды.

Алдымен жас қонақтар әскери теңізшілердің шығармашылық ұжымы дайындаған концерттік бағдарламаға қатысты. Бағдарламада сүйікті кейіпкерлер бейнесіндегі көңілді аниматорлар балалармен ойын ойнап, би билеп, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Балалардың күлкісі мен шаттығы алаңды думанға бөледі.

Қызықты шоу бағдарламаны теңіз жаяу әскерлері десанттық-шабуылдаушы батальонының сарбаздары жалғастырды. Олар қоян-қолтық ұрыстан көріністер көрсетіп, қарумен шебер жұмыс істеу дағдыларын паш етті. Одан кейін алаңға шыққан коменданттық ротасының матростары қарумен керемет дефиле жасады. Қозғалыстың үйлесімділігі мен жауынгерлік сап түзеулері балалардың таңдайын қақтырды.

Мерекелік күннің ерекше сәттерінің бірі – «Менің әкем – қаһарман» атты республикалық балалар сурет байқауының жеңімпаздарын марапаттау болды. Әр сурет Отан қорғаушы әкелеріне деген сүйіспеншілік пен мақтаныштың көрінісі болды. Әскери бөлім қолбасшылығы жеңімпаздарға дипломдар мен бағалы сыйлықтарды табыстады.

Ең әсерлі сәт балалардың теңізге әскери кемелермен саяхатқа шығуы болды. «Орал», «Сарыарқа», «Маңғыстау» атты зымыран-артиллериялық кемелер мен «Алатау» миналық-тралдық кемесі Каспий теңізіне шықты. Балалар теңіз жағасынан қаланың таңғажайып көрінісін тамашалады.

— Мұндай үлкен кемеде алғаш рет теңізге шығып тұрмын. Сонымен қатар әскери теңізшілермен бірге. Бұл мерекені ұйымдастырған барлық әскери қызметшілер мен ата-аналарымызға алғыс айтамын. Бұл күн менің есімде мәңгі қалады, – деді офицердің қызы Жұлдыз Қайрат.

Бірақ мереке мұнымен аяқталған жоқ. Әскери пирске қайтып келген соң, балаларды тәтті сыйлықтар мен әскери кемелер фонында естелік фотосессия күтті. Бұл іс-шара әскери қызметшілер отбасына деген құрметтің белгісі болып, өскелең ұрпақ үшін әскери форма киген батырлардың қызметімен жақынырақ танысуға тамаша мүмкіндік болды.