Қорғаныс министрінің БҰҰ Халықаралық бітімгерлер күнімен құттықтауы

Қорғаныс министрінің БҰҰ Халықаралық бітімгерлер күнімен құттықтауы

Құрметті бітімгерлер!

 Сіздерді Қорғаныс министрлігінің басшылығы, жеке құрамы және өз атымнан Біріккен Ұлттар Ұйымының Халықаралық бітімгерлер күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл күн – БҰҰ-ның туы астында бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау жолында аянбай еңбек етіп жүрген жандарға құрмет көрсетілетін күн.

Қазақстан Республикасы посткеңестік кеңістікте БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясына дербес мандат алған алғашқы әрі жалғыз мемлекет. Ұлттық бітімгерлік контингенттің Голан жоталарына орналастырылуы – Қарулы күштеріміздің кәсіби даярлығының, жауапкершілігі мен құзіретінің халықаралық деңгейде мойындалғанының айқын дәлелі.

Қазақстан Республикасының Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Голан жоталарынан оралған жеке құрамды марапаттау рәсімінде: «Сіздер ең күрделі жағдайда да қазақстандық әскери қызметшілердің тиімді қызмет ете алатынын дәлелдедіңіздер. Бұл – еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, Қазақстанға деген сенімді нығайтатын маңызды қадам. Еңбектеріңіз елеусіз қалмай, еліміздің халықаралық беделін арттыруға едәуір үлес қосты» деп атап өткен болатын. Бұл сөздер –  жоғары деңгейде мойындаудың айғағы әрі әрбір қазақстандық бітімгердің жаһандық қауіпсіздікке қосқан үлесінің маңыздылығын көрсетеді.

2014 жылдан бері 750-ден астам қазақстандық әскери қызметші Африка мен Таяу Шығыстағы БҰҰ-ның миссияларына қатысып келеді. Бітімгерлердің қызметі халықаралық қауымдастық тарапынан жоғары бағаланып, Отан қорғаушылардың жаңа буынына үлгі болуда.

Қымбатты бітімгерлер!

Сіздерге зор денсаулық, өр рух, отбасыларыңызға амандық және бейбітшілік жолындағы қызметке толағай табыстар тілеймін.

Құрметпен,

Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі

генерал-полковник Р. Жақсылықов