Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтының командасы әскери-кәсіптік даярлық бойынша жоғары білім ордаларының курсанттары арасында өткен IX халықаралық олимпиададан зор жеңіспен оралды.
Жарыс Әскери материалдық-техникалық қамтамасыз ету академиясының оқу-жаттығу орталығында өтті. Сайысқа алты мемлекеттен 34 команда қатысты.
Олимпиада бағдарламасына «жалпы тактика», «Қарулы күштер түрінің тактикасы», «радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс», «әскери топография», «атыс қаруынан оқ атуға дайындық», «медициналық дайындық» және «дене шынықтыру» пәндері кірді.
Қазақстанның әскери білім ордаларының 2-ші және 3-ші курс курсанттары осы байқаулардың әрқайсында көш бастап, кәсіби шеберлік деңгейін көрсетіп, жалпы командалық есепте бірінші орын иеленді.
Үлкен жеңістен кейін курсанттарды Әскери материалдық-техникалық қамтамасыз ету академиясының басшылығы мен батальон қолбасшылығы қабылдады. Елге оралған курсанттарды ҚР Қарулы күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы генерал-майор Мереке Көшекбаев жеңісімен құттықтады.
Қазақстандық курсанттардың бұл жетістігі дайындық деңгейінің жоғары екенін және әскери-кәсіптік оқыту саласындағы оқыту стандарттарын ұстанатынын айғақтайды.