Салтанатты рәсімі Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтының Оқу орталығында өтті.
Оған оқу орнының қолбасшылығы, Қарулы күштердің ардагерлері, Түркістан облысынан шақырылған жауынгерлердің туыстары мен жақындары қатысты.
Бұған дейін елуге жуық сарбаз бір айлық жас жауынгер курсынан өтті. Олар жалпыәскери жарғыларды зерделеп, әскери істің негіздерін, соның ішінде саптық, атыс және тактикалық дайындықты игерді.
– Бүгін Қарулы күштер қатарына қосылып, нағыз жауынгер болдыңыздар. Отан қорғаушы атағын абыроймен алып жүріңіздер, – деді Құрлық әскерлері әскери институты бастығының орынбасары полковник Нұрлан Айтжанов сарбаздарға.
Іс-шараға қатысқан ата-аналар аз уақыт ішінде ұлдарынан өзгеріс байқағанын айтады.
– Армияда қызмет ету туралы шешімге өзім келдім. Бұл ел үшін өте жауапты әрі маңызды екенін түсінемін. Менің ойымша, армияда алған тәжірибем азаматтық өмірде де пайдалы болмақ, – деді қатардағы жауынгер Болат Әбдікәрім.
Ант берген әскери қызметшілер ротада қызмет етеді. Олардың міндетіне әскери уоқу орны нысандарын күзету мен қорғау кіреді.