Гвардейск гарнизонының әскери бөлімдеріне көктемде әскерге шақырылған 800-ге жуық сарбаз жас жауынгер курсын аяқтады.
Дайындық мамандандырылған оқу орындарында жүргізілді және атыс негіздері, тактикалық медицина, жергілікті бағдарлау, РХБ қорғау және психологиялық дайындық сынды көптеген пәндерді қамтыды.
Жас жауынгер курсының негізгі элементтерінің бірі жүріп келе жатқан танктің астында окопта жату. Бұл сынақ психологиялық тұрақтылықты дамытуға, тапсырманы орындау техникасын түсінуге және әріптестеріне сенуге арналған жаттығу. Окопта жатып, жауынгерлер ауыр танкті үстінен өткізіп, содан кейін оны шартты түрде граната лақтырып, жойды.
– Сарбаздар тәртіпті, төзімділікті және оқуға деген ұмтылысты көрсетті. Бұл қасиеттер кәсіби әскери дағдыларды одан әрі шыңдай түсуге негіз болады, – деп атап өтті гарнизон бастығының тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары подполковник Жандос Тазабеков.
Тәжірибелі офицерлер мен нұсқаушылардың жетекшілігімен әскерге шақырылушылар алғаш рет штаттық атыс қаруы – АК-74 Калашников автоматынан жауынгерлік атыстарды орындады. Алдымен әр әскери қызметші тексеру үшін үш оқ атып, содан кейін он оқты сынақ жүзінде атты.
– Бірінші атудан кейін бұл енді теория емес, нақты тәжірибе екенін түсіндім. Аздап толқыдым, бірақ содан кейін бірден сенімділік пайда болды. Нұсқаушылардың қолдауы бізді жігерлендіре түсті, – деп бөлісті қатардағы жауынгер Ерасыл Жанболатұлы.
Жас жауынгер курсы сарбаздың жаңа мәртебесін және жауынгерлік оқудың келесі кезеңіне өткенін білдіретін Әскери ант беру рәсімімен аяқталады.