Логотип
Меню
Страницы
Байланыс ақпараты
Баспасөз орталығы
Қызметі
Құжаттар
Министрлік туралы
Онлайн қабылдау
Қызметі
Басқарма туралы
Онлайн қабылдау
Баспасөз орталығы
Все материалы
21 октября 2024
Алматы облысында VI республикалық жас патриоттар форумы өтті

Бұл жиын Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтының «Әли» оқу-жаттығу орталығында өтті. 

Іс-шараны Қорғаныс, Оқу-ағарту министрліктері, облыстық әкімдік және «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығы ұйымдастырды. 

Оған облыстық білім басқармаларының, жоғары әскери оқу орындарының, колледждердің, «Жас ұлан» республикалық мектептерінің басшылары, қазақстандық Жас патриоттар академиясының мүшелері, мұғалімдер, ата-аналар мен батыл әрекет жасаған оқушылар қатысты. 

Жас патриоттарды Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым, Құрлық әскерлері әскери институтының бастығы генерал-майор Бауыржан Ибатулин, Қарулы күштердің ардагерлері, белгілі қоғам қайраткерлері мен педагогтар қарсы алды.

"Патриотизм – "Біртұтас тәрбие" бағдарламасының негізгі арқауы атты жас патриоттар форумы өскелең ұрпақтың бойында рухани-адамгершілік қасиеттерді дамытуға, азаматтық жауапкершілік пен патриотизмге, парасаттылық пен адалдыққа тәрбиелеуге бағытталған. 

Форумда қоршаған ортаны қорғау, буллингке қарсы іс-әрекет, азаматтық борыш, педагогикалық кәсіп және т. б. мәселелер қозғалды. 

Форумға қатысушылар үшін жас патриоттардың жетістіктерінен көрме ұйымдастырылды. Ерлік жасаған оқушылар қазақстандық Жас патриоттар академиясының қатарына салтанатты түрде қабылданды. 

Үш күн бойы өткен форумда флешмобтар, экскурсиялар және белгілі адамдармен кездесулер өтті. Делегаттар үшін әскери техника, қару-жарақ және киім нысандарының көрмесі ұйымдастырылды. Десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскери қызметшілері оларға қоян-қолтық ұрыс элементтерін көрсетті, ал құрмет қарауыл ротасы қарумен дефиле көрсетіп, балаларды қуантты. 

21 октября 2024
Анкарада Сағадат Нұрмағамбетовтың 100 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар өтті

Түркия елінің астанасындағы Халықаралық симпозиум Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың өмірі мен жауынгерлік жолына арналды.

Анкарадағы Халықаралық симпозиумға Қазақстанның Түркия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Еркебұлан Сәпиев, әскери атташе генерал-лейтенант Мұхамеджан Таласов, батырдың қызы Айсұлу Нұрмағамбетова, курсанттар, қазақ-түрік ғалымдары қатысты. 

Қазақстан елшілігінің және ҚР Қорғаныс министрлігінің қолдауымен өткен форумда Сағадат Қожахметұлының өмір жолы, оның Қазақстан Қарулы күштерін құрудағы рөлі туралы жан-жақты әңгімеленді. Кездесуге қатысушылар генералдың батыл мінезі мен адалдығы жайлы жақсы пікірлер білдірді. 

Түркия Әскери академиясының деканы Ибрагим Этем Атнур Сағадат Нұрмағамбетов тәуелсіз Қазақстанның қорғаныс министрі ретіндегі алғашқы шетелдік сапарын Түркияға жасағанын атап өтті. 

– Осыдан кейін Анкарадағы Әскери академияға Қазақстаннан курсанттар жіберілді. Ол екі елдің әскери ведомстволары арасында екіжақты қатынастар орнатуға айтарлықтай үлес қосты. Сағадат Нұрмағамбетовтың көшбасшылық қасиеттері қазақ-түрік әскери ынтымақтастығының өсуіне айтарлықтай әсер етті. Міне, бүгін біз қолбасшы досымызды еске алуға жиналып отырмыз, – деді ол. 

Айсұлу Нұрмағамбетова әкесі туралы естеліктерімен бөлісті. Қызының айтуынша, Сағадат Қожахметұлы өте қарапайым, талапшыл және жауапкершілігі мол адам болған. 

– Әкем бәрінен де армияны бірінші орынға қоятын. Осылайша, ол бүкіл өмірін әскери іске арнады. Сіздерде де халықтың әскери іске деген құрметі ерекше екен. Әкем қазақстандықтар қашанда ел әскерін мақтан етіп, оған арқа сүйегенін қалайтын, – деп атап өтті ол. 

Симпозиумның екінші бөлімі «Қазақстан – Түркия: ортақ тарих пен мәдениет» тақырыбына арналды, онда түркі халықтарының әскери тарихы мәселелері қаралды.

Симпозиум соңында қонақтарға Сағадат Нұрмағамбетовтың 100 жылдығына орай шығарылған төсбелгілер табысталды. Батыр жайлы  түрік тіліне аударылған кітаптың тұсаукесері өтті. Кітаптың тәржімалануын ұйымдастыруға әскери атташе генерал-лейтенант Мұхамеджан Таласов едәуір көмек көрсетті. Жуырда бұл еңбек түрік әскери оқу орындарының кітапханаларында пайда болады.

– Сағадат Қожахметұлының өмір жолы, оның әскери ерлігі туралы кітап түрік тіліне аударылды. Түркілермен ортақ тарихымызды, мәдениетіміз бен дәстүрімізді бағалаған Сағадат Нұрмағамбетов жайлы туындыны жастарымыз қызығып оқитынына сенімдімін, – деді белгілі түрік ғалымы Южель Өзтүрік.

Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов негізін қалаған Қарулы күштер бүгінде шетелде оқыған офицерлермен толығуда. Қазіргі уақытта Түркияның әскери оқу орындарында 70-тен аса курсант оқып жүр.

19 октября 2024
Астанада Рахымжан Қошқарбаевтың ерлігіне арналған конференция өтті

Қазақстан Республикасының Ұлттық қорғаныс университетінде «Рейхстагқа ту тіккен – Рахымжан Қошқарбаев» тақырыбында ведомствоаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Оған Қарулы күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың өкілдері, профессор-оқытушылар құрамы, жоғары оқу орнының магистранттары мен докторанттары, жоғары әскери және арнаулы оқу орындарының оқытушылары мен курсанттары, тарихшылар, ардагерлер және Рахымжан Қошқарбаевтың туыстары қатысты.

Конференция форматы қатысушыларға пікір алмасуға, әскери-патриоттық тәрбие мен қазақстандықтардың екінші дүниежүзілік соғысқа қатысуының өзекті мәселелерін талқылауға мүмкіндік берді. 

– Бүгінгі сындарлы диалог бізді Берлиндегі шабуылдау операциялары мәселелері және оның фашизмді жеңу ісіндегі маңыздылығы бірдей екенін түсінуге жетелеуі керек. Конференцияға қатысушылар сондай-ақ 150-ші атқыштар дивизиясы 674-ші атқыштар полкінің жауынгерлік жолын еске алып, даңқты батырдың ерлігі жайлы жан-жақты айтып береді, – деп атап өтті ҚР Ұлттық қорғаныс университетінің бастығы генерал-майор Асқар Мұстабеков құттықтау сөзінде. 

1945 жылдың сол күндерінде батыр жерлесіміз небәрі 20 жаста еді. Оның өмір жолы, тарихтағы рөлі мен орны Қазақстанның бүгінгі әскери қызметшілеріне үлгі-өнеге.

Отставкадағы генерал-лейтенант Абай Тасболатов Рахымжан Қошқарбаевты феномен деп атады. Ол өзінің өмірлік ұстанымы – қарапайымдылығымен және еңбекқорлығымен, сеніп тапсырылған іске жауапкершілігімен үлгі бола білді. Уақыт бәріне сыншы, қаһарман да тарихтан өз орнын алды.

Конференцияда «Берлиндегі шабуылдау операциясы және оның фашизмді түпкілікті жеңудегі маңызы» және «Рахымжан Қошқарбаев қызмет еткен полктің жауынгерлік жолы» тақырыбындағы  баяндамалар да тыңдалды.

Алматыдағы Ұлттық әскери-патриоттық орталығының филиалы бастығының орынбасары Алуа Байқадамова «Даңқты ерлік – 360 батыл қадам» тақырыбында сөз сөйледі. Сондай-ақ, Тәжікстан мен Қырғызстаннан келген жауынгерлердің Ұлы Жеңіске қосқан үлесі туралы баяндамалар болды.

Конференция қарарында еліміздің әскери тарихының батырларын зерттеу және олардың ерлігін дәріптеу ғылыми қоғамдастықтың басты міндеттері болып табылатыны атап өтілді.

19 октября 2024
Рақымжан Қошқарбаев атындағы мектепте салтанатты іс-шара өтті

Елордадағы Рақымжан Қошқарбаев атындағы № 44 мектепте Рейхстагқа Жеңіс туын тіккен қазақ халқының даңқты ұлын еске алуға арналған іс-шара өтті.

Іс-шараға ҚР Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаменті басқармасының бастығы полковник Сергали Әлімқұлов, «Аманат» партиясының өкілдері, Ауған соғысының ардагерлері, мұғалімдер мен оқушылар қатысты.

ҚР Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Орталық әскери оркестрінің музыканттары мемлекеттік әнұранды орындады. Құрмет қарауыл ротасының әскери қызметшілері мектеп алаңына Мемлекеттік туды шығарды. Содан кейін мектеп ғимаратында орнатылған Рақымжан Қошқарбаевтың мемориалдық тақтасына гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. 

 – Осы жылдың мамыр айында Қорғаныс министрінің ұсынысымен мектепке Рақымжан Қошқарбаевтың есімі берілді. Атаулы күнге орай Қорғаныс министрлігі іс-шаралар кешенін ұйымдастырды. Барлық оқу орындарында Ерлік сабақтары өтті. Болашақ Отан қорғаушыларына өмір жолы үлгі болып табылатын Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігі туралы айтылды, – деп атап өтті полковник С. Әлімқұлов.

Іс-шара алғашқы әскери-технологиялық дайындық сыныбында жалғасты. Кездесуге қатысушыларға Рақымжан Қошқарбаев туралы деректі фильм көрсетіліп, оқушылар батырдың ерлігіне арналған өлеңдерді жатқа оқыды.

19 октября 2024
Астанада Қарулы күштердің әскерилері соғыс ардагерін 101 жасқа келуімен құттықтады

Астана қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің әскери қызметшілері, Қарулы күштердің ардагерлері, қалалық әкімдік пен қоғамдық ұйымдардың өкілдері Ұлы Отан соғысының ардагері Рзағұл Байкешевті 101 жасқа толған туған күнімен құттықтап барды. 

Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері Рзағұл Байкешев 1923 жылы 18 қазанда Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданында дүниеге келген. 1939 жылы ауыл мектебін бітірген. Соғысқа дейін совхозда жұмысшы болып еңбек еткен.

17 жасқа толған шағында әскер қатарына шақырылған қарт майдангер Ржев қаласы маңындағы шайқастарға, Великие Луки операциясына қатысып, Польша, Румыния және Венгрияны неміс-фашист басқыншыларынан азат етті. Соғыстан ефрейтор шенімен оралған.

Майданда көрсеткен ерлігі үшін ардагер I және II дәрежелі Отан соғысы, «Маршал Г.К. Жуков» ордендерімен және бірқатар мерейтойлық медальдармен марапатталған.

Соғыстан кейін Рзағұл ақсақал Ақмола облысының Рождественка совхозында экспедитор болып жұмыс істеген. 1983 жылы құрметті демалысқа шықты. Екі ұл тәрбиелеп өсіріп, олардан бес немере, жеті шөбере сүйген. Қарт майдангер қазір немересі Талғаттың отбасымен бірге тұрады.

«Қарулы күштердің ардагерлері» РҚБ төрағасының орынбасары отставкадағы генерал-майор Марат Нағұманов ардагерге Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың құттықтауын жеткізіп, соғыс жылдарында көрсеткен ерлігі үшін алғыс айтты.

Ардагерге сыйлық ретінде мектеп оқушылары мен жасарбаздықтар өлең оқып берді. Ал қалалық оркестр әскери марштар ойнап, ҚР ҚК Ұлттық әскери-патриоттық орталығының өнерпаздары әннен шашу шашты.

Майдангер құттықтауды жылы қабылдап, әскери қызметшілерге табысты қызмет, отбасылық амандық және ашық аспан тіледі. Ғасырдан асқан ақсақал өзін ұмытпаған ұрпаққа алғысын айтып, ақ батасын берді.

19 октября 2024
Ұлттық қорғаныс университетінде кітапхана ісін ұйымдастырудың жаңа тәсілдері талқыланды

Астанада университеттің оқу процесінде арнайы әскери кітапханалардың рөліне арналған халықаралық конференция өтті. 

Оған әскери жоғары оқу орындарының, азаматтық жоғары оқу орындарының, кітап үйлерінің, баспалардың басшылары мен мамандары және электрондық бағдарламаларды әзірлеушілер қатысты. 

Бейнеконференция байланысы арқылы конференция жұмысына доктор Давуд Рамезани бастаған Иран Қарулы Күштері Бас штабы Жоғары Ұлттық қорғаныс университетінің оқытушылары және Беларусь Республикасы Әскери академиясының кітапхана меңгерушісі Наталья Горбач қосылды.

Қатысушыларға ҚР Ұлттық қорғаныс университеті бастығының тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары генерал-майор Самат Төлепбаев құттықтау сөз сөйледі.

– Оқу үдерісінің тиімділігін арттырудың маңызды резерві кітапхана желілері мен жаңа ақпараттық технологиялар екені анық. Сондықтан біз олардың дамуына ерекше назар аударамыз, – деді ол. 

Конференция барысында оқу орындарының кітапханаларын үйлестіруді жақсарту жөнінде тұшымды баяндамалар мен ұсыныстар айтылды. 

Құрлық әскерлері әскери институтындағы оқу кітапханасының меңгерушісі Ұлдар Бекқожаеваның баяндамасы арнайы әскери-оқу кітапханаларының құрылу тарихына және олардың даму перспективаларына арналды. 

Доктор Давуд Рамезани Ирандағы Жоғары ұлттық қорғаныс университетінің әскери кітапханасы қорғаныс саласындағы ғылыми зерттеулердің дамуына қалай ықпал ететіні жайлы айтты. 

 Беларусь Республикасы Әскери академиясының кітапхана меңгерушісі Наталья Горбач әріптестеріне оқу орнының қорындағы сирек кітаптар туралы әңгімелеп берді. 

«EDP HUB» ЖШС даму жөніндегі директоры Вита Кутуеваның электрондық кітапхана желісіне қатысты презентациясы арнайы әскери жоғары оқу орындарының оқу процесіне қалай кіріктіруге болатынын көрсетті. 

Іс-шара аясында Ыбырай Алтынсарин атындағы Кітап үйінің көрмесі ұйымдастырылды.

 

 

 

 

18 октября 2024
Армия дзюдошыларының командасы Ташкентте өткен CISM әлем чемпионатында үздік үштікке енді

Өзбекстанда әскери қызметшілер арасында дзюдодан әлем чемпионаты аяқталды. Командалық есепте Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Армия орталық спорт клубының дзюдошылары ең мықты үштікке кіріп, қола медаль жеңіп алды.

Татамиде командалық есепте қазақстандық балуандар француздың ең мықты деген дзюдошыларын оңай жеңіп, Оңтүстік Кореядан келген командаға жол берді. Бірақ Алжир мен Испания командаларынан жеңісті жұлып алды. Қола медаль үшін болған күресте қазақстандық дзюдошылар италиялық қарсыластарын 4:1 есебімен жеңді.

Айта кетейік, 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі жеке біріншілікте қазақстандық дзюдошы ефрейтор Нұрқанат Серікбаев чемпион атанды. Оның финалдық жекпе-жектегі қарсыласы әлем чемпионатының күміс жүлдесін жеңіп алған Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің қызметкері Шерзод Давлатов болды. ҚР Қарулы күштерінің қызметкерлері Жанарыс Рахметқали (66 кг) және Бақытжан Абдурахманов (73 кг) қола жүлдегер атанды.

Әйелдер арасында қола медальдарды ҚР Қарулы күштерінің қызметкерлері Камила Берліқаш (78 келіден жоғары) және Екатерина Токарева (78 келі) жеңіп алды. 

Чемпионатты ұйымдастырушылар 100 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен аға лейтенант Марат Байқамұровты "Жеңіске деген жігері үшін" арнайы номинациямен марапаттады.

- Мұны армия құрамасының тарихи жетістігі деп атауға болады. Спортшылар жекпе-жек сипатын, жеңіске деген ерік-жігерін көрсетіп, үздік үштікке сенімді кірді. Біз мұны мақтан тұтамыз, - деп атап өтті Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Армия орталық спорт клубының төрағасы полковник Арман Әбеуов.

Естеріңізге сала кетейік, әскери қызметшілер арасында дзюдодан CISM әлем чемпионаты алғаш рет Ташкентте қазанның 16 мен 18 аралығында өткізілді. Оған 29 елден 300-ге жуық әскери дзюдошы қатысты.

 

18 октября 2024
Мерзімді қызмет сарбаздарына жоғары оқу орнында тегін оқуға 1500 грант бөлінді

Білім беру гранттарын бөлу рәсімінің ашық өтуін Қорғаныс, Төтенше жағдайлар министрліктері және Ұлттық ұлан өкілдерінен құралған комиссия қадағалады.  

Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап білім беру жеңілдіктерін алу жөнінде жаңа талаптар пайда болатынын мәлімдеді. Екі бейіндік пән бойынша тестілеу қосылады. Бұдан өзге мемлекеттік грант берілген сарбаздар шәкіртақы алатын болады. Оларға оған қоса, алғашқы оқу жылы студенттік жатақханаға орналастыруға басымдық беріледі. 

2023 жылы күзде әскерге шақырылған мерзімді қызметтің 17 927 сарбазы тегін оқуға бір жарым мың орынды бөлу рәсіміне қатысты. Конкурсқа Қорғаныс министрлігінен – 8 169, Ұлттық ұланнан – 6 441, ТЖМ – 315, Шекара қызметінен – 2 715, Мемлекеттік күзет қызметінен – 287 сарбаз қатысты. 

Іріктеудің ашықтығын «Срочники 2.0» ақпараттық жүйесі қамтамасыз етті, онда күш құрылымдарының 161 әскери бөлімі қызметтің барлық кезеңінде сарбаздардың үлгерімі мен тәртібі бойынша нәтижелер енгізді. 

Әрбір әскери қызметшіге үш жоғары оқу орнын таңдауға болады. Олардың арасында жастардың ең үлкен қызығушылығын тудырған Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, NARXOZ, Astana IT University, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті болды. Әскери жоғары оқу орындарына түсуге 1031 сарбаз өтініш берді.

Бөлу рәсімі әскери қызметшілердің рейтингіне қарай күш құрылымдарының үш базасы бойынша автоматты түрде іске асырылды.  

Қорғаныс министрінің кеңесшісі Айгүл Төлембаеваның айтуынша, жобаны іске асырудың барлық кезеңінде 4500 сертификат берілген. Осы жылдың қыркүйек айынан бастап 1039 мерзімді қызмет сарбазы оқуға кірісті, олардың 581-і тегін оқу грантын пайдаланды. Қалған азаматтар жоғары оқу орындарына ҰБТ-сыз ақылы бөлімге түсті. 2023 жылы оқуға 615 сарбаз қабылданды, олардың 189-ы ақысыз оқиды.

Әскерде болған сарбаздар үшін тағы бір артықшылық бар. Студенттің қалауымен ол запастағы офицер бағдарламасы бойынша әскери кафедраға конкурссыз қабылданады, яғни онда ол тегін оқи алады. Бүгінгі таңда әскери кәсіпті таңдаған 20-дан аса адам әскери кафедраға түсті. 

Грант иелерінің тізімдері әлеуметтік желілерде жарияланып, еліміздің жоғары оқу орындарына жіберіледі. Мемлекеттік гранттар сияқты сертификаттар да ауыстыру мүмкіндігінсіз QR-кодпен қалыптастырылады. 

Бұдан бөлек, платформаға соңғы үш жыл ішінде әскерге шақырылған 83 385 сарбаз тіркелгенін атап өтелік.

18 октября 2024
Армия спортшылары дзюдодан әлем чемпионатында ерлер арасында жалпы командалық екінші орынға ие болды

Жалпы, Ташкентте 29 елдің әскери қызметшілері арасында өткен дзюдо сайысында Қазақстан армия клубының құрамасы жалпы командалық төртінші орынға табан тіреді.

  60 келіге дейінгі салмақта қазақстандық дзюдошы ефрейтор Нұрқанат Серікбаев чемпион атанды. Ол ақтық сында өзінің клубтасы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Шерзод Давлатовты ұтты.

Ерлер арасында ҚР Қарулы күштерінің қызметшілері Жанарыс Рахметқали (66 келі) және Бақытжан Әбдірахманов (73 келі) қола жүлде алды.

  ҚР Қарулы күштерінің қызметшілері Камила Берліқаш (78 келіден жоғары) және Екатерина Токарева (78 келі) қола жүлде үшін өткізген жекпе-жектерін жеңіспен аяқтады. Камиланың қарсыласы француз әйелі Нокес Манон, Екатеринаның қарсыласы – өзбек дзюдошысы Муштарийбегим Афзалова болды. Қазақстандық спортшылар татамидегі кездесулерді «иппон» әдісімен таза жеңді. 

Осылайша, Қорғаныс министрлігі Армия орталық спорт клубы спортшыларының еншісінде бір алтын, бір күміс және төрт қола жүлде бар.

18 октября 2024
Қазақстан мен Қытай әскери қаржыгерлері қорғаныс ведомстволарының қызметін қамтамасыз ету мәселелерін талқылады

Қазақстан Республикасының Ұлттық қорғаныс университетінде ҚР Қорғаныс министрлігі Экономика және қаржы департаментінің бастығы полковник Дмитрий Иосифиди Қытай Халық Республикасы Орталық әскери кеңесі Тылды қамтамасыз ету бас басқармасының делегациясымен кездесті.

Жұмыс кездесуі барысында шетелдік әріптестерге Қазақстанның Қарулы күштеріндегі қаржылық қамтамасыз ету органдарының қызметі туралы презентациялық материал көрсетіліп, екі жақ қамтамасыз ету қызметінің өзекті мәселелері төңірегінде пікір алмасты. 

Шетелдік әріптестерге Қазақстан Республикасының Ұлттық музейіне, ҚР Қарулы күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығына және «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешеніне экскурсия ұйымдастырылды.

Социальные сети
Instagram
Twitter
Меню подвал
Экран дикторы
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Мемлекеттік рәміздері
ҚР Премьер-Министрінің сайты
ҚР Президентінің сайты
Терминдер мен қысқартулар
Тұрақты даму мақсаттары
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы