Логотип
Меню
Страницы
Байланыс ақпараты
Баспасөз орталығы
Қызметі
Құжаттар
Министрлік туралы
Онлайн қабылдау
Қызметі
Басқарма туралы
Онлайн қабылдау
Баспасөз орталығы
Все материалы
28 июля 2025
Ұлттық қауіпсіздік пен әскери салада 60-тан астам офицер мен генерал магистр атанды

Қазақстан Республикасы Ұлттық қорғаныс университетінде болашақ қолбасшылар мен әскери басқару жүйесінің жетекшілері болып саналатын магистранттардың салтанатты бітіру рәсімі өтті. Биыл магистратура бағдарламасын 66 әскери қызметші сәтті аяқтады. Олардың қатарында Қорғаныс министрлігі, ҰҚК, ІІМ, Ұлттық ұлан және басқа да күштік құрылымдардың офицерлері мен генералдары бар.

Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров түлектерді құттықтады:

«Бүгін сіздер кәсіби әрі академиялық дамудың маңызды кезеңін аяқтап отырсыздар. Университет қабырғасында алған білім, дағды мен офицерге тән қасиеттер — Отан алдындағы қызметтің берік іргетасы болмақ. Басшылықтың атынан баршаңызды оқу орнын сәтті аяқтаумен құттықтаймын. Әрқайсыңызбен мақтанамын!».

Бұдан бөлек ол әскери білім беру жүйесін дамытуға қосқан үлестері үшін профессорлық-оқытушылық құрам мен ғылыми қызметкерлерге де алғыс білдірді.

Үздік түлектер қатарында — генерал-майор Дәулет Оспанов, әділет подполковнигі Нұржан Жапаров және медицина қызметінің майоры Талғат Слямбаев бар. Университет тарихында алғаш рет медицина қызметінің офицерлері магистр дәрежесін иеленгенін айта кету керек.

Жоғары дайындық деңгейін көрсеткен үздік магистранттарға төсбелгілер табысталып, есімдері университеттің Құрмет тақтасына енгізілді.

Ұлттық қорғаныс университеті — Орта Азиядағы жедел-тактикалық, жедел-стратегиялық және стратегиялық деңгейдегі офицерлерді дайындайтын жалғыз жоғары оқу орны. Мұнда тек Қазақстан Қарулы Күштерінің ғана емес, ҰҚШҰ мүше елдер мен алыс шет елдерінің өкілдері де білім алады. Бұл өз кезегінде білім ордасын халықаралық әскери әріптестіктің маңызды алаңына айналдырады.

 

28 июля 2025
Қазақстанда мерзімді қызметтің жаңа форматтағы SARBAZ+ пилоттық жобасын іске қосу жоспарланып отыр

Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі жаңа форматтағы мерзімді әскери қызметтің SARBAZ+ пилоттық жобасын іске асыруда. Бағдарлама әскери қызметшілерді даярлау сапасын арттыруға және заманауи технологияларды күнделікті әскер өміріне кіріктіруге бағытталған.

Осы күзде Алматы облысында орналасқан Әуе қорғанысы күштерінің 78460 әскери бөлімінде 150 әскерге шақырылушы жаңа үлгі бойынша қызмет атқара бастайды. SARBAZ+ сарбаздардың жеке және кәсіби әлеуетін дамытуға, қызмет көрсету жағдайларын жақсартуға және күнделікті қызметті басқаруға цифрлық құралдарды енгізуге бағытталған шешімдерді сынақтан өткізуге арналған алаңға айналады.

Жобаны іске қосуға дайындық аясында бөлімге Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің цифрландыру жөніндегі орынбасары Дархан Ахмедиев келді. Делегация құрамына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Олжас Құспеков және «Қазақтелеком» АҚ, «Транстелеком» АҚ, «BI Group» АҚ, «Invictus Fitness» ЖШС, «Қазақстан ГАЖ Орталығы» АҚ және Алматы шахмат клубының серіктес компанияларының өкілдері кірді. Қатысушылар инфрақұрылым нысандарымен танысып, жаңа футбол алаңы мен электронды тирдің ашылуына қатысты.

SARBAZ+ жобасы әскери қызметті кәсіптік оқыту элементтерін, цифрлық шешімдерін, медициналық мониторинг жүйесін және бос уақытты ұйымдастыруды кіріктіруді көздейді.

Әрбір әскери қызметшіге нақты уақыттағы биометриялық көрсеткіштерді бақылау үшін фитнес-білезік беріледі деп жоспарланып отыр. Деректер медициналық персонал мен командирлерге қолжетімді орталықтандырылған мониторинг жүйесіне келіп түседі, бұл жеке құрамның денсаулық жағдайын тұрақты бақылауды қамтамасыз етеді. Бейне талдау жүйесі де енгізілуде.

Бөлім аумағында құрылыс және жөндеу жұмыстары аяқталуда. Спорт нысандары жаңартылып, тренажерлер орнатылуда, ойын спорт түрлеріне арналған алаңдар мен көрермендерге арналған аймақтар құрылып жатыр. Логикалық ойлауды дамыту және зияткерлік белсенділікті қолдау үшін шахмат секцияларын іске қосу да жоспарда бар.

Жоба аясында телекоммуникация және IT саласында — «Қазақтелеком» және «Транстелеком» компанияларымен бірлесіп базалық оқыту бағдарламалары көзделген. Әскердегі қызмет аяқталғаннан кейін қатысушылар аттестаттаудан өтіп, жұмысқа орналасу кезінде пайдалы сертификаттар ала алады. Оған қоса ұшқышсыз ұшатын құрылғылар мен радиобайланысты пайдалану негіздеріне оқыту жоспарланған. Қосымша қазақ және ағылшын тілдерінде сабақтар ұйымдастырылады.

Әскери қызметшілердің психологиялық күйін қолдау үшін эмоцияны шығару бөлмесі ашылады. Офицерлер мен сержанттар үшін заманауи, құзыретті және стресске төзімді әскери маман қалыптастыруға бағытталған жеке тұлғаны дамыту бойынша тренингтер қарастырылған.

SARBAZ + бағдарламасы мерзімді қызмет сарбаздарына ғана әсер етпейді. Бөлімнің офицерлік және сержанттық құрамы да, оның ішінде CCNA Cisco желілік технологиялар саласындағы халықаралық бағдарламасы бойынша біліктілігін арттырудан өтеді.

Әскерге шақырылушыларды іріктеудің ыңғайлылығы үшін жобаның ресми сайты әзірленді. Платформада қызметке кіру тәртібі, өту шарттары және іріктеу кезеңдері туралы ақпарат орналастырылған. Әскерге шақырылушылар онлайн-тіркеуден өте алады, содан кейін олардың сауалнамаларын бөлім өкілдері мен жергілікті әскери басқару органдарының қатысуымен комиссия қарайды. Іріктеуден өткен үміткерлер қабылданғаны жайлы хабарлама алады.

«SARBAZ+ — әскери қызметтің үлгісі ғана емес, сонымен қатар жеке және кәсіби өсу мүмкіндігі. Біз әрбір әскерге шақырылушының азаматтық өмірде пайдалы болатын нақты білім мен дағды алып, әскерден запасқа шығуына жұмыс істейміз», — деп атап өтті Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев.

Жоба сәтті іске асырылған жағдайда оны Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің басқа да бөлімшелеріне кезең-кезеңімен енгізу жоспарланып отыр.

27 июля 2025
Әскери теңізшінің қызы бес сайыстан Азия чемпионатында медаль олжалады

Бурабайда өткен жасөспірімдер мен ересектер арасындағы биатл және триатлдан Азия чемпионатында қазақстандық спортшы Айша Наурызбай үздік нәтиже көрсетті. Жас спортшы жеке пәндер бойынша күміс және қола медаль жеңіп алды, сонымен қатар 10 жасқа дейінгі балалар арасындағы командалық аралас жарыста екінші орын алды.

Айша – Қазақстан Республикасы Әскери-теңіз күштері теңізшісінің қызы. Бала кезінен бастап ол Отан қорғаушылардың отбасына өсіп, патриотизмді бойына сіңірген, тәртіп пен жауапкершілікті біледі.

«Менің әкем – менің тәлімгерім. Ол мені бала кезімнен тәртіпті болуға, спортпен шұғылдануға үйретіп келеді. Барлық бастамаларымды қолдап, жанымнан табылады. Арманым – әлемдік аренада Қазақстанның Туын көкке желбірету», – деді Айша.

Айша бес жасынан жүзумен айналысқан. Бұл ол қатысқан бірінші халықаралық жарыс емес: 2024 жылы ол осындай чемпионатта қола медаль жеңіп алды. Оның табандылығы, спорттық рухы және жеңіске деген ұмтылысы құрбы-құрдастарына керемет үлгі.

Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері өз елінің лайықты азаматтары — қайсар, мақсатқа ұмтылатын және талантты балалар тәрбиелеп отырған әскери қызметшілердің отбасыларымен мақтанады. Өскелең ұрпақты тәрбиелеуде отбасын қолдау, Отанға қызмет ету рухы және жоғары моральдық құндылықтарды сақтау маңызды екені анық.

26 июля 2025
Әскери қызметшілер 98 жастағы соғыс ардагерін туған күнімен құттықтады

Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері Илья Григорьевич Кудинді туған күнімен құттықтауға Жетісу ауданы қорғаныс істері жөніндегі басқармасының әскери қызметшілері, Алматы қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары подполковник Нұржан Естаев, ардагерлер, аудан әкімдігінің өкілдері келді.

«ҚР Қарулы Күштерінің ардагерлері» РҚБ Алматы филиалының өкілі отставкадағы полковник Төлеген Мұстафин туған күн иесіне Қорғаныс министрінің құттықтау хатын табыс етті. Соғыс ардагері құттықтаулар мен сыйлықтарды әрқашан ризашылықпен қабылдайды, бұл жолы да өмір жолындағы естеліктерін әңгімелеп берді. Илья Григорьевич әскерге шақыру жасына жетпегендер туыстарын майданға қалай шығарып салғанын айтып берді. Жылдар өтті, көптеген адамдар жақындарынан айырылды, бірақ жауды жеңеміз деген үміт басым болды дейді.

1927 жылы Алматы облысының Кербұлақ ауданында дүниеге келген Илья Кудин 1944 жылдың аяғында он жеті жасында соғысқа шақырылды. Қазақстаннан аттанған сарбаз артиллерияда қызмет етті және гитлерлік Германия жеңілгеннен кейін оның бөлімшесі жапондарға қарсы ұрыс қимылдарына қатысу үшін Қиыр Шығысқа жіберілді. Илья Григорьевич әскерге кеткеннен жеті жыл өткен соң үйіне оралды.

Туған жерінде зейнетке шыққанша Илья Григорьевич механизатор болып жұмыс істеді. Ел алдындағы әскери және елге сіңірген еңбегі үшін майдангер II дәрежелі Отан соғысы орденімен және «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Бүгінде Илья Григорьевич Алматыда тұрады, үш бала тәрбиелеп өсірді, тоғыз немересі мен алты шөбересі атасымен мақтанады.

– Біз, әскери қызметшілер ардагерлеріміздің жауынгерлік жолын құрметтейміз, – деді Алматы қаласы ҚІД бастығының орынбасары. – Біздің міндетіміз – жауды жеңіп, елге оралып, бейбіт өмірді қалыптастыруға атсалысқан, сұрапыл соғыста жеңіске жеткен адамдарды назардан тыс қалдырмау.

Илья Григорьевич әскери қызметшілерге осылай келетіндеріне үйренген. Майдангер әскерилерге аға буынға құрмет көрсеткені және жыл сайын соғыс құрбандарын жадымызда сақтауға ықпал еткендері үшін ризашылығын білдірді.

 

25 июля 2025
Армия балалар көзімен қарағанда: дағдарыс орталығының тәрбиеленушілері әскери бөлімге саяхаттады

Жастарды патриоттық тәрбиелеу және әскери қызметті танымал ету шеңберінде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің 68665 әскери бөлімі Астана қаласындағы қиын өмірлік жағдайдағы балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілеріне экскурсия жасады.

Қонақтарға қару-жарақ пен әскери техниканың үлгілерімен танысуға, оқу сыныптарына, бөлімнің казармалары мен спорт залдарына баруға рұқсат берілді. Оқушылар әскери қызметшілермен әңгімелесіп, мерзімді және келісімшарттық қызметті өткеру тәртібі, сол секілді әскери оқу орындарына түсу мүмкіндіктері туралы білді.

Экскурсия барысында балаларға әскери киім, құрал-жабдықтар мен арнайы құралдар көрсетіліп, жарақтарды киіп көруге және техниканы ішіне кіруге мүмкіндік берілді.

– Бұрын мен әскер туралы көп білмедім, енді бәрін – казармаларды, техникаларды, қару-жарақты өз көзіммен көрдім. Офицерлерді тыңдау, қызметтің қалай өтіп жатқандығы туралы білу өте қызықты болды. Енді мен өз өмірімді армиямен байланыстыру үшін әскери оқу орнына түсу туралы байыппен ойланамын, – деді экскурсияға қатысушылардың бірі он үш жасар Нұрлан.

 Мұндай іс-шаралар өскелең ұрпақтың бойында патриотизм, әскери қызметке деген қызығушылық сезімін қалыптастыруға және Отанды қорғаудың маңыздылығын түсінуге ықпал етері анық.

 

 

25 июля 2025
Курсанттар теңіз ісін үйренуде: Ақтауда болашақ офицерлердің теңіздегі тәжірибесі аяқталды

Ақтауда  Әскери-теңіз күштері 29011 әскери бөлімінің базасында Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштері әскери институтының әскери-теңіз кафедрасында оқитын екінші курс курсанттарының теңіздегі практикасы аяқталды.

Бір айдың ішінде болашақ офицерлер теңіз қызметінің теориясы мен тәжірибесін үйренді. Бағдарламаға навигация, төтенше жағдайлар, қауіпсіздік және кеме экипажының өзара іс-қимылы кірді. Каспийдің қазақстандық секторына оқу-жаттығу жорықтары негізгі кезеңге айналды, іс жүзінде курсанттар білімдерін бекітіп, теңіз қызметінің жағдайына бейімделді.

– Біз алғаш рет әскери корабль бортындағы төтенше жағдайларда іс-қимылдарды пысықтадық. Қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау маңызды болды. Осы айда мен қызметте пайдалы баға жетпес тәжірибе жинадым, – деді курсант Эльдар Қалабай.

Практиканың қорытындысы бойынша курсанттар теңіз даярлығының негізгі пәндері бойынша сынақтан өтті. Қолбасшылық олардың жауапкершілігі мен кәсіби дағдыларын жоғары бағалап, мұндай іс-шаралар болашақ Әскери-теңіз күштерінің офицерлерін даярлауда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Теңіз практикасы курсанттарға Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштерінің бөлімшелерінде қызмет ету үшін қажет нәрсенің бәрін – тәртіпті, дербестікті және жүктемелерге төзімділікті дамытуға көмектеседі.

 

24 июля 2025
ҚР Қорғаныс министрлігі Қарулы Күштерді цифрландыру саласындағы жаңа жетістіктерімен таныстырды

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Қарулы Күштерінің цифрлық трансформациялаудағы елеулі жетістіктері таныстырылды. Мұндай бастамалардың мақсаты – әкімшілік процестерді жеңілдету, әскерилер қызметінің тиімділігін арттыру және сапасын жақсарту.

Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев Қорғаныс министрлігі Әскери білім беру және мерзімді әскери қызметке шақыру жүйесіне цифрлық шешімдерді белсенді енгізіп жатқанын хабарлады.

«Smart военкомат» бұл әскери есепте тұрған шақырылушылардың жалпы санынан әскерге шақыру жасындағы азаматтарды іріктеу. Жасанды интеллект белгілі бір критерийлер мен бұрын әскерге шақырылғандардың мәліметтер базасы негізінде жедел әскери қызметке шақырылуға тиіс азаматтарды ғана хабардар етеді деп күтілуде.

Енді әскери оқу орындарына түсу үшін құжаттарды онлайн – e-Gov порталы арқылы тапсыруға болады (бүгінгі күні пысықталғаны 22 мемлекеттік қызмет). Одан бөлек бұл сервис арқылы жоғары оқу орнына, егер оқыту бұрын шығып кеткен болса, қайта қалпына келтіру қызметі де қолжетімді (16 мемлекеттік қызмет). Алдын ала медициналық куәландыру жойылды, арнайы тексеру қашықтықтан жүргізіледі.

Қорғаныс министрлігінің цифрлық трансформация шеңберіндегі негізгі жетістіктерінің бірі Қазақстан Республикасының барлық әскери оқу орындарына арналған «Askeri Ziyat» әскери-білім беру көпфункционалды платформасын құру болды. Бұл платформа әскери мамандарды даярлауды жүзеге асыратын әскери жоғары оқу орындары мен әскери колледждерді бірыңғай цифрлық кеңістікке біріктіреді, қарау режимінде сыртқы ұйымдар үшін де қолжетімді ведомствоаралық электрондық кітапханасы да бар. Мұнда 20 бағытта дайындық курстары өткізіледі. Бүгінгі таңда 1000-нан аса әскери қызметші тіркелген. 300-ден астамы оқуды ойдағыдай аяқтап, белгіленген үлгідегі сертификаттарға ие болды.

Үшінші жылы іске асырылып жатқан «Sarbaz 2.0» жобасы бойынша жұмыс жалғастырылды. Жоба арқылы мерзімді қызметтің әскери қызметшілері мемлекеттік білім беру гранттары арқылы тегін оқи алады. Жыл басынан бері онлайн-тестілеу өткізілді, тестке қатысуға 10 мыңнан астам сарбаз ниет білдірді. Биыл мамыр айында 2010 сарбаз еліміздің жоғары оқу орындарында оқу үшін мемлекеттік гранттар алды.

Мемлекет басшысының жасанды интеллектті кеңінен енгізу туралы тапсырмасына сәйкес Қорғаныс министрлігі ARMIA.KZ. сервисін әзірледі, бұл кіріктірілген ЖИ қазірдің өзінде 2 мыңнан астам сұранысты өңдеп, әскери қызмет туралы ақпараттың әмбебап көзіне айналды. Мемлекеттік органдар арасында алғашқылардың бірі болып Қорғаныс министрлігінің мамандары Ұлттық жасанды интеллект платформасына негізделген ARMIA.KZ. сервисінің ЖИ-ассистентін құрды. Бот кең көлемді білім базасына ие және заңнамадағы өзгерістерге жедел бейімделе алады. Ол әскери қызметке қатысты сұрақтар бойынша «цифрлық кеңесші» ретінде жұмыс істейді.

Бұдан өзге Қорғаныс министрлігі әскерге шақыруды, қорғаныс қабілетін жақсартуды және жауынгерлік дайындықты оңтайландыруды көздейтін қорғалған сегментте жасанды интеллектті қолданатын бірқатар жобаларды жүзеге асырып жатыр.

23 июля 2025
Ықылас, қамқорлық және патриотизм: әскери қызметшілердің балалары «Балдәуренде» демалыста

Қорғаныс министрлігі мен Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруді жетілдіру жөніндегі бірлескен жоспарын іске асыру шеңберінде әскери қызметшілердің балаларына жыл сайын жазғы демалыс ұйымдастырылады.

Биыл ата-анасы Алматы гарнизонында қызмет өткеріп жатқан Қонаев қаласының мектептерінен 9-10 сынып оқушыларының үлкен тобы Қапшағай су қоймасындағы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығына барды. Үш апта ішінде көп балалы, толық емес отбасылардан шыққан 28 бала, сондай-ақ ерекше күтімді қажет ететін балалар өсіріп отырған отбасылар денсаулығын нығайтып, күш-қуат ала алады.

Таза ауада демалудан басқа, балаларға арналған тамаша бағдарламалар да бар: түрлі үйірмелердегі сабақтар (музыка, театр, сурет салу), оған қоса әскери-патриоттық іс-шаралар. Балаларға әскери бөлімдерде ашық есік күндері үнемі өткізіліп тұрады, онда оқушылар әскери техникамен, қару-жарақпен танысады, тіпті қолдарында шынайы автоматты ұстап көреді. Парашютпен секіруге арналған тренажерді сынап көруге болатын әуе-десанттық кешенге бару және қоян-қолтық ұрыстың элементтерін көрсету де балалардың ерекше қызығушылығын тудырады.

Алматы гарнизоны әскери қызметшілерінің отбасы мүшелерімен жұмыс жөніндегі қызмет бастығы Адалят Насырованың айтуынша, мұндай іс-шаралар балалардың денсаулығын нығайтып қана қоймай, олардың патриоттық тәрбиесіне де ықпал етеді.

- Жыл сайын балаларымыздың үйге біраз нәрсе үйреніп оралғанын көреміз. Олар жаңа достар тауып, уақытты тиімді өткізеді, ең бастысы – ата-аналарының қызметі туралы мақтанышпен айтады. Бұл біздің әскери қызметшілердің отбасыларын қолдау және болашақ Отан қорғаушыларды тәрбиелеу жөніндегі жұмысымыздың маңызды бөлігі, – деп атап өтті ол.

Жыл сайын «Балдәурен» орталығында және оның филиалдарында мыңнан аса әскери қызметшінің балалары демалады, бұл Қорғаныс министрлігінің өз қызметкерлерінің отбасыларын қолдауға жүйелі көзқарасын көрсетеді.

 

 

23 июля 2025
Каспийдегі қауіпсіз навигация: әскери және азаматтық мамандар навигация саласында күш-жігерді біріктіруде

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштерінің базасында Каспий теңізінің қазақстандық секторында теңізде жүзу қауіпсіздігін арттыруға арналған ғылымипрактикалық конференция өтті.

Іс-шараның бастамашысы әскери мамандар мен мамандандырылған азаматтық ұйымдардың өкілдерін тәжірибе алмасу және практикалық шешімдер әзірлеу үшін біріктірген Әскери-теңіз күштерін гидрографиялық қамтамасыз ету қызметі болды.

Конференцияны ашқан Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы вице-адмирал Серік Борамбаев қауіпсіз навигация үшін нақты гидрографиялық деректердің рөлі негізгі екенін атап өтті.

– Гидрографиялық деректер – теңіз қауіпсіздігінің негізі. Оларсыз кемелерді тиімді басқару, төтенше жағдайлардың алдын алу және навигацияның тұрақтылығы мүмкін емес. Деректерді өзектендіру, техникалық жарақтандыруды жаңғырту және білікті мамандарды даярлау негізгі басымдықтар болып қала бермек, – деді   Гидрографиялық қамтамасыз ету қызметінің бастығы 2-дәрежелі капитан Данияр Давишев.

Қатысушыларға заманауи гидрографиялық және навигациялық-өлшеу жабдықтарының, сондай-ақ су астындағы жағдайды зерттеу және картографиялық ақпаратты нақтылау үшін қолданылатын сүңгуірлік жабдықтардың мамандандырылған көрмесі таныстырылды.

Көрсетілгендер навигацияның дәлдігін арттыруға, теңіз карталарын тезірек жаңартуға және ықтимал қауіпті аймақтарды жедел анықтауға мүмкіндік береді.

Жұмыс талқылаулары барысында сарапшылар навигациялық деректерді ұдайы жинау және оларды жаңарту, әскери және азаматтық құрылымдар арасында ақпарат алмасуды кеңейту, мониторингтің цифрлық технологияларын енгізу және акваторияны ұшқышсыз құрылғылармен және қашықтықтан зерттеу құралдарын пайдалану мәселелеріне назар аударды.

Каспийдің күрделі гидрометеорологиялық жағдайында жұмыс істей алатын гидрограф мамандары мен сүңгуірлерді даярлаудың маңыздылығы ерекше атап өтілді.

Конференция қорытындысы бойынша қатысушылар теңізде жүзу қауіпсіздігі жүйесін нығайту жөніндегі күш-жігерді, оның ішінде бірлескен оқу іс-шаралары, техникалық шешімдермен алмасу және нормативтік-әдістемелік базаны өзектендіру арқылы үйлестіруді жалғастыруға келісті.

22 июля 2025
Әскери институт курсанттары Каспий теңізінде тәжірибеден өтуде

Ақтауда 2-ші шілдеден 26-шы шілдеге дейін Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің Әскери институты әскери-теңіз кафедрасының курсанттары үшін теңізде тәжірибе өтіп жатыр. Оқу-жаттығу жиындары Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Әскери-теңіз күштеріне қарасты 29011 әскери бөлімінің базасында ұйымдастырылған.

Болашақ офицерлер әскери-теңіз күштерінің  бөлімдерінде дайындықтан өтіп, вахта қызметі мен штурмандық қызметтің дағдыларын меңгеруде, сондай-ақ ашық теңізде жаттығу өткізуде. Алғашқы кезеңде курсанттар судағы қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқаулықтан өтіп, бөлімшелерге бөлініп, сынақ парақтарын алды.

Ерекше назар апаттық жағдайлардағы іс-әрекеттерге, сүңгуір жабдықтарын меңгеруге және суда өмір сүру негіздеріне аударылуда. Сабақтар әскери кемелер бортында да, оқу-жаттығу орталықтарында да өткізіледі.

Негізгі дайындықтан бөлек, курсанттар мәдени-тәрбиелік бағдарламаға да қатысуда: олар мұражайларға, ескерткіштерге барып, Ақтаудың тарихы және көрнекі жерлерін аралауда.

Әскери-теңіз факультетінің доценті, бірінші дәрежелі капитан Артур Тудаковтың айтуынша, теңізде өтетін тәжірибе болашақ офицерлердің қалыптасуында маңызды рөл атқарады: «Теңіз үстінде жедел ойлауға, тәртіпке және жауапкершілікке үйретеді. Бұл — курсанттарға теориялық білімді бекітіп қана қоймай, кәсіби қасиеттерді қалыптастыруға мүмкіндік беретін баға жетпес тәжірибе».

Кеме тәжірибесі курсанттардың жеке тұлғалық өсуіне, әскери және кәсіби дағдыларын дамытуына ықпал етеді, бұл олар үшін Әскери-теңіз күштерінде табысты қызмет атқару үшін қажет.

 

Социальные сети
Instagram
Twitter
Меню подвал
Экран дикторы
Терминдер мен қысқартулар
Құпиялылық саясаты
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
ҚР Премьер-Министрінің сайты
ҚР Президентінің сайты