Қорғаныс министрлігі «Қарулы Күштердің әскери мүлкін (Әскери-теңіз күштерінің суүсті кораблінің электр жабдықтарын) пайдалануды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы» қорғаныс ведомствосы басшысы бұйрығының жобасын дайындады.
Нормативтік құқықтық акт ҚР Үкіметінің 2022 жылғы 2 маусымдағы № 35 қаулысымен бекітілген ҚР Қорғаныс министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 144) тармақшасына сәйкес әзірленді.
Бұйрық жобасы қауіпсіздікті қамтамасыз етуді, оны іс-әрекетке әркез дайын ұстауды, техникалық қызмет көрсетуді және консервациялауды қамтитын Әскери-теңіз күштерінің жерүсті корабльдерінің электр жабдықтарын пайдалануды ұйымдастыруды егжей-тегжейлі көрсетеді.
Қорғаныс министрі бұйрығы жобасының толық мәтінімен «Электрондық үкімет» порталында осы жылдың 12 наурызына дейін «Ашық НҚА» бөлімінде мына https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15459916 сілтеме бойынша танысуға болады.
Елорданың "Хан шатыр" сауда ойын-сауық орталығында мерейтойға арналған концерт пен көрме өтті.
ҚР Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығы (ҰӘПО) Орталық әскери оркестрінің музыканттары қала тұрғындарына арнап классикалық және заманауи туындыларды орындады. Оркестрдің орындауындағы таныс әскери және патриоттық, марштық және джаз әуендері көрермендердің қошеметіне бөленді.
ҰӘПО Орталық ансамблінің солистері тыңдаушыларды соғыс жылдарындағы әндер мен патриоттық шығармаларды орындап қуантты. Ал ҚР Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығы шығармашылық взводының сарбаздары қала тұрғындарын жалынды сарбаз биімен тәнті етті.
– Әскерилердің көпшілік алдына шығып өнер көрсеткеніне әрқашан қуанамыз. Демалыс күндері біздің орталыққа көп адамдар келеді. Әскери қызметшілердің өнерлерін көрермендер әрқашан жылы қабылдайды, – деп атап өтті "Хан шатыр" сауда ойын-сауық орталығы әкімшілігінің өкілі Жазира Садықан.
Орталық алаңда құрмет қарауыл ротасының әскери қызметшілері де өнер көрсетті, олар көрермендердің назарын тіп-тік болып сап түзеп, нақты қимылдармен аударды.
– "Хан шатырға" келушілерге арнап нағыз мереке ұйымдастырған Қорғаныс министрлігіне рахмет. Әскерилердің келбеті, музыканттардың үйлесімді ойыны, соғыс жылдарындағы әуендердің ауыртпалығымен таныс жандарға – осының бәрі ерекше әсер береді және жер бетінде бейбітшілікті қорғаған жауынгерлеріміздің ерлігі жайлы естеліктерді еске түсіреді, – деді астаналық Айман Батырова.
"Хан шатыр" орталығының халық көп жиналатын алаңында өткен концертпен қатар ҚР Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Әскери-тарихи музейінің қызметкерлері "1941–1945 жж. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстан" атты көшпелі көрме ұйымдастырды.
Экспонаттар қатарына жеке заттар, мұрағат құжаттары, соғыс батырлары Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигелдинов, Сағадат Нұрмағамбетов, Тілеуғали Әбдібеков және Хиуаз Доспанованың бірегей фотосуреттері, сондай-ақ шайқас орындарынан табылған снарядтар мен сарбаздар медальондары бар.
– Екінші дүниежүзілік соғыс – Қазақстан тарихының ажырамас бөлігі. Көрме бүкіл адамзатқа қауіп төндірген фашистік "машинаны" тоқтатқан отандастарымыздың ерлігін еске салады. Сұрапыл соғыста миллиондаған адамның өмірі қиылды. Тарихымыздың осы қайғылы бетін еске түсіруге және көрме жәдігерлерін көруге мүмкіндік бергендеріңіз үшін рахмет, – деді Астана қаласының тұрғыны Әлішер Төлепалғанов.
Мерейтой жылы Қорғаныс министрлігі осындай іс-шараларды елорда мен ел өңірлерінің басқа да қоғамдық орындарында өткізетін болады. Ондағы мақсат – отандастарымызға қазақстандық жауынгерлердің ерлігі, бейбітшілік пен Жеңіс орнату үшін бәрін жасаған тыл еңбеккерлерінің жанқиярлығын ұмытпау.
Махамбет Өтемісов атындағы оқушылар сарайында балалар мен жасөспірімдер шығармашылығының DALA AYENI IV халықаралық фестиваль-байқауы өтті.
7 жастан 10 жасқа дейінгі жастағы заманауи би номинациясында "Жас сарбаз" балалар шығармашылық студиясының кіші тобы жеңіске жетті.
Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов жас бишілердің жарқын жеңісімен құттықтап, оларға зор денсаулық, оқуда табыс және шығармашылық шабыт тіледі.
"Джей Сай Рам" эстрадалық үнді биімен жас орындаушылар көрермендер мен білікті қазылар алқасын сүйсіндірді.
Балалардың би қойылымымен хореограф-педагог Қарулы Күштердің қызметшісі Ержан Құдайбергенов жұмыс істеді.
– Бұл байқаудың алдында қарқынды жаттығулар болды. Біз бәрін ұсақ-түйекке дейін жасадық: икемділік, синхрондылық, қозғалыс динамикасы. Балалар көңіл-күйді жеткізе алды. Сонымен, біздің бүлдіршіндер нағыз әртіске айнала отырып, шығармашылық шыңдарды кезең'кезеңімен бағындырып келеді, – деді шығармашылық студияның көркемдік жетекшісі-3-сыныпты сержант Альмира Асылбекова.
Айта кетейік, Dala AYENI балалар мен жасөспірімдер шығармашылығының би байқауына 23 ұжым қатысты.
Майдангер Василий Иванович Григораштың 99 жасқа толған күнімен құттықтауға Павлодар облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің әскери қызметшілері мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері келді.
Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы майор Бекзат Оразов майдангерге табандылығы, батылдығы және Жеңіске қосқан үлесі үшін алғысын білдірді.
– Сіз адам айтқысыз қиындықтарды бастан өткердіңіз, қарсы тұрдыңыз және жеңдіңіз. Сіздің буын соғыс жылдары жасаған ерлік әлемдік тарих шежіресінде жазылған. Біздің бейбіт болашағымыз үшін жасаған барлық істеріңіз үшін рахмет, – деді ол.
Майдандағы ерлігі мен өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін департамент басшысы Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың атынан алғыс хат табыс етті.
Василий Григораш 1926 жылы 21 ақпанда Алтай өлкесінің Гурлинка ауылында дүниеге келген. Мектепті бітіргеннен кейін 17 жасында жас жауынгер қызыл әскер қатарына қызмет етуге кетті. Аға сержант Василий Григораш Байкал әскери округі 293-ші дивизиясының құрамында соғысып, бөлім командирі болды.
Василий Григораш II дәрежелі Отан соғысы орденімен, "Жапонияны жеңгені үшін" медалімен және басқа да мерейтойлық наградалармен марапатталған.
Соғыс ардагері Әбдіғали Қаймолдинге құрметті атақ берілуіне орай облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Руслан Омаров пен Семей қаласындағы ардагерлер ұйымының төрағасы Кенжебай Бердікенов қарияның шаңырағында болды.
Қонақтар ардагермен әңгімелесіп, оның хал-жағдайын сұрап, "Семей қаласының құрметті ардагері" төсбелгісін табыс етті. Жаңа төсбелгі майдангер костюміндегі көптеген марапаттардың арасынан өз орнын тапты.
Ардагерді құттықтау үшін ҚР Қарулы Күштері Ұлттық-әскери-патриоттық орталығының Семейдегі филиалының әскери оркестрі келіп, Әбдіғали Қаймолдинді және оның жақындарын соғыс жылдарындағы әуендермен қуантты.
Өз кезегінде ардагер келушілерге алғысын білдіріп, оларға амандық пен бейбіт аспан тіледі.
Естеріңізге сала кетсек, Әбдіғали Қаймолдин 1921 жылы Семей облысы, Абралы ауданы, Ұзынбұлақ ауылында дүниеге келген. 1941 жылы әскер қатарына шақырылып, Сталинград, Бірінші Украина, Үшінші Балтық майдандарында соғысқан. 1946 жылы маусымда демобилизацияланды. 2025 жылдың 30 маусымында ол 104 жасқа толады.
Қорғаныс министрлігі Армия орталық спорт клубының спортшылары Тайланд астанасы Бангкокта өткен Азия Кубогында Қазақстан құрамасына төрт алтын және күміс медаль сыйлады.
Турнирдің жалпы медаль есебі келесідей: қазақстандықтар 12 алтын, 9 күміс және 4 қола медальмен оралды. Оңтүстік Корея спортшыларының қоржынында 7 алтын, 4 күміс және 7 қола медаль бар. Сингапурлық мергендер 3 алтын, 4 күміс және 2 қола медаль ұтып алды.
Әскерилер арасында алтын медальдарды қатардағы Ислам Сатпаев (пневматикалық мылтық, 10 метр, командалық есеп) және Қарулы күштердің әскери қызметшісі Юрий Юрков (калибрлі мылтық, 50 метр, жатып ату жағдайында, жеке және командалық есепте) жеңіп алды. Күмістен алқа тағынғандар қатарында Қарулы күштердің әскери қызметшісі Валерий Рахымжан (пневматикалық тапанша, 10 метр) және қатардағы Ислам Сатпаев (пневматикалық мылтық, 10 метр, жеке есеп), әскери қызметшілер Юрий Юрков (калибрлі мылтық, 50 метр, үш жағдай, жеке есеп), Валерия Попелова (пневматикалық тапанша, командалық жарыс) бар.
Айта кету керек, Азиядағы ең ірі ұлттық мергендер жарысында 23 елден 300-ден астам спортшы қатысқан.
Бұл Қорғаныс министрлігі Армия орталық спорт клубының қызметшісі Ангелина Лукас үшін кәсіби мансабындағы 14-ші жеңісі. Осы жолы ол Боливия спортшысы Есения Токомен қолғап түйістірді. Жекпе-жек екінші жеңіл салмақта өтіп, сегіз раундқа жоспарланды.
Алайда, аты шулы Ангелина екінші раундта-ақ Есения Токоны тізе бүктіріп, техникалық нокаутпен жеңіске жетті. Бұл Токоның алғашқы жеңілісі болғанын айта кеткен жөн.
Стамбұлдағы кеш Ангелина үшін осы айдағы үшінші жекпе-жек болды, оған дейін армияның былғары қолғап шебері нигериялық Айисат Орийоми мен венесуэльдік спортшы Жоана Суньиганы жеңген болатын.
Бас әскери-медициналық басқарма «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында қызмет өткеру үшін адамдардың денсаулық жағдайына қойылатын талаптарды бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2020 жылғы 22 желтоқсандағы № 722 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы» қорғаныс ведомствосы басшысы бұйрығының жобасын дайындады.
Нормативтік құқықтық актінің жобасы ҚР Қарулы Күштерін жасақтаудың қосымша тәсілі ретінде резервте қызмет енгізілуіне байланысты әзірленіп отыр.
Бұл құжат резервте әскери қызметке кіру кезінде азаматтардың, сондай-ақ резервте әскери қызмет өткеріп жатқан әскери қызметшілердің денсаулық жағдайына қойылатын талаптар бөлігінде өзгерістер енгізуді көздейді.
Қорғаныс министрі бұйрығы жобасының толық мәтінімен «электрондық үкімет» порталында биылғы жылдың 11 наурызына дейін «Ашық НҚА» бөлімінде мына https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15457346 сілтеме бойынша танысуға болады.
Қонаев гарнизонының гвардиялық десанттық-шабуылдау бригадасында взводтардың жауынгерлік атысы өтіп жатыр.
Әскери қызметшілер бөлімшелердің атысын басқару, ұрыста қаруды шебер және тиімді қолдану дағдыларын пысықтайды. Қауіпсіздік шаралары да назардан тыс қалмайды.
Тактикалық әдістер ұрысқа барынша жақын жағдайларда меңгеріледі.
– Жауынгерлердің дағдыларын шыңдау үшін оқу-жаттығу полигонында жердегі де, әуедегі де нысандарға қарудың барлық түрінен атыс жүргізуге мүмкіндік беретін жағдай жасалған. Қол гранаталарын лақтыру дағдылары да пысықталуда. Қараңғыда түнгі көру құрылғылар қолданылады, – деді 32363 әскери бөлімі 2-ші десанттық-шабуылдау ротасының командирі гвардия лейтенанты Мұхамед Сахан.
Тактикалық дайындық барысында бөлімшеге жүктелген міндеттерді ескере отырып, взводтың шабуылдағы, қорғаныстағы, күндізгі және түнгі уақыттағы арнайы әскери маневрлердегі әрекеттерінің үлгілері жасалады.
ҚР Қорғаныс министрлігінде өзбек әріптестерімен штабтық келіссөздер өтті.
Қазақстан мен Өзбекстан қорғаныс ведомстволарының мақсатты топтары бейінді консультациялар өткізді. Екіжақты күн тәртібінің ағымдағы және перспективалық мәселелері бойынша тараптар әскери қауіпсіздік саласындағы ұстанымдарын нақтылап, өңірлік диалогты нығайтудың маңыздылығын атап өтті.
Делегация басшылары екіжақты әскери ынтымақтастықты сындарлы және өзара тиімді түрде ілгерілетіп дамытуға бейілділігін растады.