
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрамалары мен әскери бөлімдерінде әскерлерді жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежелеріне келтіру бойынша кешенді тактикалық-саптық сабақтар өткізілді.
Іс-шаралар барысында әскери қызметшілер әскерлерді жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежелеріне келтіру кезіндегі іс-қимыл тәртібін пысықтап, жауынгерлік даярлық бағдарламасында көзделген ұйымдастырушылық және практикалық іс-шаралар кешенін орындады.
Әскери бөлімдердің аумағында жеке құрамның практикалық дағдыларын жетілдіруге арналған оқу орындары ұйымдастырылды. Жекелеген бөлімшелер оқу-жауынгерлік міндеттерді далалық жағдайда пысықтау үшін әскери полигондар мен оқу орталықтарына жоспарлы марштар жасады.
Сабақтар жоспарлы оқу сипатында өтіп, далалық машықтану деңгейін арттыруға, әскери басқару органдарының, құрамалар мен бөлімшелердің үйлесімді іс-қимылын жетілдіруге, сондай-ақ Қарулы Күштердің мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындауға әзірлігінің белгіленген деңгейін сақтауға бағытталды.
Жауынгерлік әзірліктің тұрақты жоғары деңгейін сақтау – мемлекетті қорғау жөніндегі міндеттерді тиімді орындаудың негізгі шарттарының бірі. Осындай іс-шараларды жүйелі түрде өткізу әскери қызметшілердің кәсіби даярлығын жетілдіруге, бөлімшелер арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға және түрлі жағдайларда шешім қабылдау жеделдігін арттыруға мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Ақпарат және коммуникациялар департаменті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен блогерлерге «Әскери дискурс – 2026» оқу-тәжірибелік семинарын ұйымдастырды.
Бірнеше күн бойы журналистер редакциядағы қалыпты жұмысынан қол үзіп, әскери ортаға бейімделді. Олар Тау дайындығы орталығының казармасына орналастырылып, әскери тәртіппен өмір сүрді. Таң сәріден ерте оянған БАҚ өкілдері сапқа тұрып, күнделікті әскери өмірдің күн тәртібіне машықтанды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қарқынды дайындықтан өту – семинар бағдарламасының негізгі бөлігі болды. Ал қойын дәптер мен камераның орнын дулыға мен сауытты кеудеше басты.
Бағдарлама теориялық және практикалық сабақтарды қамтыды. Практикалық жаттығулар барысында қатысушылар түрлі экстремалды жағдайларда әрекет етуге машықтанды. Соның бірі – тұтқынға түсу барысында әрекет ету іс-қимылдары болды. Журналистердің бастарына қап кигізіліп, көздері байланып, белгісіз бағытқа әкетілді. Бұл тапсырма олардың күйзеліс жағдайында өзін қалай ұстау керектігін сезінуге мүмкіндік берді.
Сонымен қатар қатысушылар шартты миналанған аумақтан өту, топ құрамында қауіпсіз қозғалу және төтенше жағдайда өзара іс-қимыл жасау тәсілдерін меңгерді. Мұндай практикалық жаттығулар журналистердің ерекше қызығушылығын тудырды.
Алғашқы медициналық көмек көрсету сабақтарында олар зардап шеккендерді қауіпсіз эвакуациялау, қан кетуді тоқтату және жеке медициналық қорғаныс құралдарын дұрыс пайдалануды да үйренді.
Семинарды қорытындылау барысында Қорғаныс министрінің коммуникациялар жөніндегі кеңесшісі Әйгерім Ағылтаева мұндай дайындық журналистердің экстремалды жағдайда сенімді әрекет етіп, жеке қауіпсіздігін сақтауға және кәсіби міндеттерін тиімді орындауға көмектесетінін атап өтті.
– Қорғаныс министрлігі үшін бұқаралық ақпарат құралдарымен ашық әрі кәсіби диалог орнату өте маңызды. Сіздер Қарулы күштер мен қоғам арасындағы байланысты нығайтып, халыққа шынайы әрі объективті ақпарат жеткізіп келесіздер. Семинар барысында жинақтаған білім мен тәжірибені шынайы қолданатын жағдай болмасын деп тілеймін. Біздің міндетіміз - қандайда бір жағдай немесе төтенше кезең болмасын, БАҚ өкілдерін жан-жақты әрекет етуге үйрету, – деді ол.
Paryz.kz ақпарат агенттігінің бас редакторы Рауан Исқалиев ұйымдастырушыларға кәсіби деңгейде өткізілген семинар үшін алғыс айтты.
– Барлық қатысушылардың атынан Қорғаныс министрлігіне және Тау дайындығы орталығының нұсқаушыларына шынайы ризашылығымды білдіремін. Осы үш күнде біз өзімізді бұрын-соңды болмаған жағдайда сынап көрдік. Тұтқынға түсу көрінісі, жауап алу, психологиялық және күш-қуат тұрғысынан төзімділікті сынау, сондай-ақ құтқару операциясының сценарийі өте әсерлі әрі шынайы ұйымдастырылды. Кейбір сәттерде оқу-жаттығу мен шынайы жағдайдың арасындағы айырмашылық мүлде сезілмей қалды. Журналистер үшін бұл үлкен тәжірибе болды. Еліміздің қорғанысы әр уақыт мықты болсын, – деді ол.
Оқу-тәжірибелік семинар соңында қатысушыларға сертификаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.
Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров Гвардейск гарнизонына жұмыс сапарымен барды.
Сапар барысында ол Гвардейск кентіндегі инфрақұрылым нысандарын және «Мәтібұлақ» оқу полигонының стратегиялық командалық-штабтық «Батыл тойтарыс – 2026» оқу-жаттығуына дайындық барысын тексерді.
Бас штаб бастығы жауапты лауазымды тұлғалардың полигонды тактикалық кезеңдер мен оқу-жаттығудың белсенді фазасын өткізуге дайындау мақсатында жүргізіліп жатқан инженерлік жұмыстардың барысы туралы баяндамаларын тыңдады.
Инженерлік және тылдық қамтамасыз ету бөлімдерінің мамандарымен бірлесіп, басқару пункттерін, әскерлерді орналастыру аудандарын, қару-жарақ пен әскери техниканы орналастыру орындарын салу және жабдықтау мәселелері қаралды. Сонымен қатар байланыс жүйелерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге, тылдық және медициналық қамтамасыз етуді ұйымдастыруға ерекше назар аударылды.
Бұдан бөлек, генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров жеке құрамның, қару-жарақтың, әскери техниканың және оқ-дәрінің есептік көрсеткіштерін, сондай-ақ ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды өрістетуге қатысты мәселелерді нақтылады.
Бас штаб бастығы бөлімше командирлері мен жеке құрамның практикалық іс-қимылдардың әрбір кезеңі бойынша міндеттерді орындау тәртібін, берілетін пәрмендерді орындау уақытын және белгіленген шептерді қаншалықты меңгергенін тексерді.
Қазіргі уақытта полигонда тактикалық алаңды инженерлік тұрғыдан жабдықтау, взводтың тірек пункттерін нығайту және ұшқышсыз ұшу аппараттарына қарсы қорғаныс жүйесін құру жұмыстары жалғасып жатыр.
Оқу-жаттығу өтетін ауданға жүргізілген алдын ала тексеру қорытындысы бойынша Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары далалық инфрақұрылым нысандарын дайындауды аяқтау, оларды инженерлік тұрғыдан жетілдіру, сондай-ақ байланыс, материалдық-техникалық қамтамасыз ету жүйелерінің әзірлігін қамтамасыз ету және қауіпсіздік талаптарының сақталуы жөнінде нақты тапсырмалар берді.
2 шілдеде Қазақстанда Радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау әскерлерінің күні аталып өтеді. РХБ қорғау әскерлерінің тарихы 1992 жылдан бастау алады. Сол жылы Қорғаныс министрлігінің құрылымында радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау бөлімі құрылды.
Ал 2020 жылы оның негізінде Радиациялық, химиялық, биологиялық қорғау және экологиялық қауіпсіздік әскерлері департаменті құрылды.
РХБ қорғау әскерлерінің негізгі міндеті – жеке құрам мен әскери техниканы радиациялық, химиялық және биологиялық қауіптерден қорғау, жауынгерлік міндеттердің орындалуын қамтамасыз ету, өртегіш-жандырғыш қаруды қолдану, сондай-ақ Қарулы күштердегі экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету.
РХБ қорғау бөлімшелері қос мақсаттағы әскерлер ретінде бейбіт уақытта да, соғыс жағдайында да жүктелген міндеттерді орындайды. COVID-19 пандемиясы кезінде әскери қызметшілер қоғамдық орындар мен әлеуметтік маңызы бар нысандарда ауқымды дезинфекциялық жұмыстар жүргізді. 2024 жылғы су тасқынының салдарын жою барысында Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарындағы ықтимал қауіпті нысандарды залалсыздандыру жұмыстарын жүзеге асырды.
Бүгінде әскерлер заманауи арнайы техникамен, қорғаныс құралдарымен және арнайы жабдықтармен қамтамасыз етілуде. Жеке құрамның кәсіби даярлығы тұрақты түрде жетілдіріліп, арнайы оқу-жаттығулар өткізіліп, халықаралық әскери ынтымақтастық дамытылуда.
Отыз жылдан астам уақыт ішінде Радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау әскерлері Қарулы күштердің жауынгерлік әзірлігін қамтамасыз етуге және ел қауіпсіздігін нығайтуға елеулі үлес қосып келеді. Олар әскерлерді, халықты және ел аумағын заманауи қауіп-қатерлерден қорғау жөніндегі міндеттерді абыроймен орындауда.
2 шілдеде Қазақстанда Әскери-әуе күштері күні атап өтіледі. Бұл – әскери ұшқыштардың, инженерлердің, авиация саласы мамандарының және еліміздің әуе кеңістігін қорғауды қамтамасыз ететін барлық қызметкерлердің кәсіби мерекесі.
Аталған мереке 1998 жылғы 2 шілдеде Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Әуе қорғанысы күштерінің құрамында Әскери-әуе күштерінің құрылуына орай белгіленген.
Әскери-әуе күштерінің негізгі міндеті – мемлекеттің әуе кеңістігін қорғау, әуе қарсыласын жою және маңызды бағыттарды, аудандар мен стратегиялық нысандарды әуеден жасалатын соққылардан қорғау.
Өзінің даму жылдарында Әскери-әуе күштері еліміздің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі кең ауқымды міндеттерді тиімді орындай алатын, жоғары ұтқыр әрі заманауи техникамен жарақтандырылған әскер түріне айналды.
Әскери-әуе күштерінің құрамында Су-30СМ және Су-27 көпфункциялы жойғыш ұшақтары, L-39 оқу-жауынгерлік ұшақтары, Ми-171Ш және Ми-35М әскери-көліктік әрі соққы беретін тікұшақтары, ұшқышсыз ұшу аппараттары, сондай-ақ С-295, А-400 және L-410 әскери-көліктік авиация ұшақтары бар.
Әскери-көліктік авиация ұшақтары арнайы міндеттерді орындауда белсенді қолданылады. А-400 ұшағы пайдалануға берілген уақыттан бері 500 тоннадан астам түрлі жүк тасымалдады. Оның ішінде Ауғанстанға жіберілген гуманитарлық көмек те бар. Сонымен қатар БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясына қатысқан ұлттық контингенттің жеке құрамын тасымалдау жұмысы да қамтамасыз етілді.
Әскери-әуе күштерінде жауынгерлік даярлық жүйесі қазіргі заманғы талаптар мен қарулы күрес сипатының өзгерістерін ескере отырып, үнемі жетілдіріліп келеді. Әскери қызметшілер жаңартылған бағдарламалар бойынша даярлықтан өтеді. Халықаралық және түрлі әскер түрлерінің қатысуымен өткізілетін оқу-жаттығулар авиациялық бөлімшелердің Қарулы күштердің өзге де әскер түрлерімен өзара іс-қимылын жетілдіруге ықпал етеді.
Әскери ұшқыштардың, инженерлік-техникалық құрамның, тылдық және байланыс қамтамасыз ету мамандарының, сондай-ақ авиациялық бөлімдердің азаматтық құрамының күнделікті қызметі Әскери-әуе күштерінің жоғары жауынгерлік әзірлігін сақтауға және Қазақстан Республикасының қорғаныс қабілетін нығайтуға елеулі үлес қосып келеді.
Көктемгі шақыру науқаны аясында Қазақстанның Қарулы күштеріне, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарына 18 бен 27 жас аралығындағы 21 мыңнан астам азамат шақырылды.
Олардың ішінде 11 мыңнан астамы Қарулы күштердің қатарында мерзімді әскери қызметін өтейтін болса, 7 мыңнан астамы – ІІМ Ұлттық ұланына, 2 мыңға жуығы – Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне, 400-ге тарта – Төтенше жағдайлар министрлігіне, ал 300 азамат – Мемлекеттік күзет қызметіне жіберілді.
Әскери қызметке шақыру туралы хабарламалар азаматтарға SMS-хабарлама және eGov порталындағы жеке кабинеті арқылы жолданды. Әскерге шақыруды кейінге қалдыру және одан босату рәсімдері автоматты түрде іске асырылды.
Шақыру науқаны барысында Қорғаныс министрлігінің Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаменті жергілікті әскери басқару органдарымен бірлесіп, азаматтарды әскерге шақыру мәселелері бойынша жан-жақты ақпараттандыру жұмыстарын жүргізді. «Қауырт желі» телефондары, азаматтарды жеке қабылдау және ақпараттық-түсіндіру кездесулері барысында шақырылушылар мен олардың ата-аналары өздерін қызықтырған барлық сұрақтарға толыққанды жауап алды.
Жергілікті атқарушы органдар шақыру іс-шараларын ұйымдастыруды және өткізуді, шақыру және медициналық комиссиялардың жұмысын қамтамасыз етіп, олардың тиімді қызметі үшін қажетті жағдай жасады.
Бүгінде Қарулы күштер қатарындағы қызмет жас азаматтарға еңбек нарығында сұранысқа ие жұмысшы мамандығын меңгеруге мүмкіндік беретінін айта кеткен жөн. Әскери қызмет кезінде банктер мен қаржы ұйымдары алдында міндеттемелері бар сарбаздарға несиелік демалыс беріледі. Ал әскери қызметін аяқтағаннан кейін жауынгерлік даярлықта үздік нәтиже көрсеткендер жоғары оқу орындарына мемлекеттік білім гранты негізінде түсе алады. Қалғандары ҰБТ тапсырмай-ақ ақылы бөлімге қабылдану мүмкіндігіне ие болады.
Астанада Қорғаныс министрінің тыл және әскери инфрақұрылым жөніндегі орынбасары генерал-майор Алмаз Джумакеев пен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Талғат Алдыбергеновтың қатысуымен кеңес өтті.
Оған Қорғаныс министрлігінің, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ және «Жолаушылар тасымалы» АҚ өкілдері қатысты.
Тараптар әскери-көлік саласындағы ынтымақтастықты дамыту және Қазақстан Қарулы күштерінің құрамында мамандандырылған бөлімше құру мәселелерін талқылады. Келіссөздер барысында Қорғаныс министрлігінің өкілдеріне Астанадағы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының әкімшілік ғимаратынан қызметтік кабинет бөлу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл шешім ведомстволар арасындағы өзара іс-қимылдың жеделдігі мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Кеңеске қатысушылар бұдан бөлек, әскери қызметшілер мен олардың жүктерін теміржол көлігімен тасымалдауды реттейтін қолданыстағы шартқа өзгерістер енгізу қажеттігін атап өтті. Бұл шешім «Көлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңына енгізілген өзгерістерге байланысты қабылданды. Тараптар Қорғаныс министрлігі үшін орындарға алдын ала бронь бөлу тәртібін, сондай-ақ нақты пайдаланылған орындардың ақысын төлеу тетігін айқындайтын қосымша келісім жасасуға келісті.
Қаралған барлық мәселеге қатысты Қорғаныс министрінің орынбасары әскери қатынастар органдарының басшылығына нақты тапсырмалар беріп, олардың орындалу мерзімдерін белгіледі. Мұндай қабылданып жатқан шаралар ведомствоаралық өзара іс-қимылды дамытуға, әскери тасымалдар жүйесінің сенімділігін арттыруға және мемлекеттің қорғаныс қабілетін одан әрі нығайтуға бағытталған.
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Бітімгерлік операциялар орталығының әскери қызметшілері Алматы облысының көрікті жерлерінде үш күндік экологиялық әрі сауықтыру маршын жүріп өтті.
Маршқа қатысушылар қашықтықты аралас тәсілмен еңсерді. Алдымен Үлкен Алматы көліне дейін жүгіріп, оның маңындағы аумақты тазалады. Одан кейін Көлсай және Қайыңды көлдеріне қарай жаяу жүрді.
Марш жетекшісі, Бітімгерлік операциялар орталығы бастығының орынбасары полковник Бақытжан Жетпісов бұл іс-шараның сержанттар корпусының 30 жылдығына арналғанын атап өтті.
Сарбаздарға ең жақын буын саналатын сержанттар барлық деңгейдегі командирлердің сенімді тірегі әрі жеке құрамды даярлау, тәрбиелеу және әскери тәртіпті нығайту ісіндегі маңызды буын болып табылады. Олардың тәжірибесі мен кәсіби дағдылары еліміздің Қарулы күштерінде ғана емес, халықаралық деңгейде де жоғары бағаланады.
– Қазіргі таңда қазақстандық әскери қызметшілер, оның ішінде сержанттар да, БҰҰ-ның Голан жоталарындағы және Ливандағы бітімгерлік миссиялары құрамында қызмет атқарады. Сонымен қатар Ирак пен Тәжікстандағы халықаралық миссияларда қызмет еткен ардагерлер де еліміздегі бітімгерлік қызметтің дамуына елеулі үлес қосты, – деді полковник Бақытжан Жетпісов.
Бұл марш әскери қызметшілер үшін дене даярлығын сынап көруге, төзімділікті арттыруға және күрделі жер бедерінде өзара іс-қимылды жетілдіруге мүмкіндік берді. Сондай-ақ қатысушылар су айдындарының маңындағы аумақтарды тазарту арқылы командалық рухты нығайтып, қоршаған ортаны қорғауға өз үлестерін қосты.
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Әскери колледжінде оқуды аяқтауға арналған салтанатты рәсімі өтті. Биыл әскери оқу орнын 100 кадет тәмамдап, кәсіби сержанттар корпусының қатарына қосылды.
Салтанатты іс-шараға Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің басшылық құрамы, Қарулы күштердің ардагерлері, әскери қызметшілер, түлектердің ата-аналары мен жақындары қатысты.
Дәстүрге сай оқу бітірушілер Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Қорғаныс министрі армия генералы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ұлт мақтанышына тағзым етті.
Іс-шара барысында Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары генерал-майор Асқар Мұстабеков жас түлектерді құттықтап, Отан алдындағы абыройлы қызметтеріне табыс тіледі.
- Халық қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы білім ордасы үшін - бүгін ерекше күн. Бұл жаңа буынның сапқа қосылу күні. Бүгін түлектеріміздің ішінен оқуда, әскери-тәртіпте және қоғамдық өмірде ерекше көзге түсіп , колледжді үздік дипломмен аяқтап отырған сегіз оқу озаты бар. Үздік дипломдар болашақ мінсіз офицерлік және сержанттық мансаптарыңыздың берік іргетасы. Енді осы биіктен түспеңіздер. Сіздерге зор жауапкершілік жүктеліп отыр. Әскери серт бердіңіздер, енді Отанға деген адалдық өмірлік бағдарларыңыз болуы тиіс, - генерал-майор Асқар Мұстабеков.
Салтанатты рәсім аясында жас сержанттар Қазақстан Республикасы Қарулы күштері сержантының ар-намыс кодексін қабылдап, сержанттар корпусына қабылдау рәсімінен өтті. Бұл – әскери қызметке адалдықты, жоғары жауапкершілік пен кәсіби міндетке беріктікті айқындайтын маңызды әскери дәстүр.
- Осы айтулы күнде бізге сапалы білім, темірдей тәртіп және отанға деген шексіз махаббатты бойымызға сіңірген колледждің басшылығына, ұстаздарымызға, командирлерге барлық түлектер атынан алғысымды айтамын. Сіздер бізді заманауи әскери біліммен сусындатып қана қоймай, Бауыржан Момышұлының тактикалык көрегенділігі мен Сағадат Нұрмағамбетов атамыздың мемлекетшілдік ұлы қасиетін бойымызға сіңірдіңіздер. Біз Қарулы күштердің жаңа буынымыз, Отан алдында берген әскери антымызға өмір бойы адал болуға уәде береміз, - деді оқу үздігі сержант Өміржан Тасболатов.
Бұл күні жас сержанттардың ата-аналары да толқыныстарын жасыра алмай, перзенттерінің жетістігіне шын қуанды.
- Бауыр еті балаларымыз бүгін сержант атанып жатыр. Үлкен жолға қадам басқан барлық түлектерге сәттілік серік болсын. Отан қорғау сәтінде абыройлары биік болсын, - деді ата-ана Нұрсұлу Өтеуліқызы.
Саптық дефиле көрсету барысында әскери қызметшілер қимылдарының дәлдігімен және қаруды мінсіз меңгеруімен көрермендерді тәнті етті.
Іс-шара әскери оркестрдің сүйемелдеуімен жоғары деңгейде өтті. Мерекенің шырайын дәстүрлі мерекелік вальс аша түсті. Жас сержанттар бал көйлектерін киген арулармен вальс билеп, гүл шоқтарын тарту етті.
Іс-шара Қарулы Күштер Ұлттық әскери-патриоттық орталығы шығармашылық ұжымының орындауындағы әсерлі әнмен және суретке түсу рәсімімен қорытындыланды.
1 шілдеде Қазақстан Қарулы күштерінде барлық деңгейдегі командирлердің сенімді тірегі әрі әскери қызметшілерді даярлау, тәрбиелеу және әскери тәртіпті сақтаудағы маңызды буын саналатын сержанттар күні атап өтіледі.
Бұл мерекенің тарихы 1996 жылғы 1 шілдеде Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қорғаныс министрлігінің Кадет корпусының құрылуымен байланысты. Аталған шешім тәуелсіз Қазақстанның кәсіби сержанттар корпусын қалыптастырудың негізіне айналып, кіші командирлерді даярлаудың заманауи үлгісін қалады.
2021 жылы 1 шілде ресми түрде Сержанттар күні болып бекітілді. Биыл Қарулы күштердің кәсіби сержанттар корпусының құрылғанына 30 жыл толып отыр.
Осы жылдар ішінде Қазақстанда Қарулы күштердің даму талаптарына сай кәсіби сержанттарды даярлаудың заманауи жүйесі қалыптасты. Бүгінде сержанттар армияның ажырамас бөлігіне айналып, жауынгерлік даярлықтың жоғары деңгейін қамтамасыз етіп, бөлімшелердің күнделікті қызметін ұйымдастыруда маңызды рөл атқарады.
Қазақстан Қарулы күштерінің бас сержанты шебер-сержант Темірбек Халықовтың айтуынша, сержанттар құрамының атқаратын міндеттері ауқымды әрі жауапты. Олар сарбаздардың тікелей командирлері ретінде әскери тәртіптің жоғары деңгейін сақтап, жеке құрамды оқытып-тәрбиелейді және офицерлерге жүктелген міндеттерді орындауда жан-жақты қолдау көрсетеді.
– Сержанттардың кәсібилігі, беделі, білімі мен жеке үлгісі әскери қызметшілердің жауынгерлік даярлығының деңгейіне, моральдық-психологиялық ахуалына және бөлімшелердің жүктелген міндеттерді орындауға дайындығына тікелей әсер етеді, – деді шебер-сержант Темірбек Халықов.
Қарулы күштерде сержанттар құрамын даярлау жүйесін жетілдіруге ерекше көңіл бөлінеді. Кәсіби шеберлікті арттыру мақсатында жыл сайын «Үздік сержант» жалпыәскерлік байқауы өткізіледі. Байқауға қатысушылар өздерінің теориялық дайындығы мен қызметтік міндеттерін орындауға қажетті практикалық дағдыларын көрсетеді. Сонымен қатар жеңімпаздар Қазақстан Қарулы күштерінің атынан халықаралық жарыстарға қатысады.
Сонымен бірге Қарулы күштердің оқу-әдістемелік базасы да жетілдірілуде. Қазіргі заманғы қарулы қақтығыстардың тәжірибесі ескеріле отырып, әскери қызметшілердің жауынгерлік даярлығында қолданылатын нормативтер жинағы қайта әзірленді.
Сержант кадрларын даярлау еліміздің бес әскери колледжінде он түрлі мамандық бойынша жүзеге асырылады. Олардың түлектері Қарулы күштердің әртүрлі түрлері мен әскер тектерінде қызмет атқарады.
Сержанттар корпусы кәсіби Қазақстан армиясының берік негізі саналады. Кіші командирлердің кәсібилігі мен әскери борышқа адалдығы Қарулы күштердің жоғары жауынгерлік әзірлігін қамтамасыз етудің және елдің қорғаныс қабілетін нығайтудың маңызды факторларының бірі екені анық.