
1992 жылғы 19 маусымда Қорғаныс министрінің директивасы негізінде Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері құрылды.
Бұл әскерлер елдің әкімшілік-саяси, өнеркәсіптік-экономикалық орталықтарын, Қарулы күштердің топтарын, маңызды әскери және стратегиялық нысандарды авиация мен ұшқышсыз ұшу аппараттарының соққыларынан қорғауға арналған.
Бөлімшелер заманауи зениттік-зымыран кешендерімен және радиолокациялық станциялармен жабдықталған. Бұл әуе кеңістігін бақылауды және ықтимал қауіптерді анықтауды қамтамасыз етеді.
Әскерлер үшін офицер кадрларды даярлау Алматы қаласындағы Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында жүзеге асырылады. Әскери қызметшілердің жоғары кәсіби дайындығы халықаралық оқу-жаттығулар барысында бірнеше рет дәлелденді.
Қазірде Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері цифрлық технологиялар мен автоматтандырылған басқару жүйелерін белсенді енгізіп келеді. Бұл шешім қабылдау жылдамдығын арттырып, бөлімшелердің өзара іс-қимылын тиімді үйлестіруге және жауынгерлік міндеттерді орындау сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
2025 жылы Қарағанды облысындағы «Сарышаған» полигонында өткен «Жауынгерлік достастық» халықаралық тактикалық оқу-жаттығуы барысында автоматтандырылған басқару жүйесі алғаш рет сынақтан өткізіліп, өзінің тиімділігін көрсетті. Оқу барысында әуе нысандарын анықтау және жою алгоритмдері пысықталды.
Жоғары жауынгерлік дайындық, әскери қызметшілердің кәсібилігі және заманауи технологияларды енгізу – мемлекет қорғаныс қабілетінің негізгі тіректері. Әуе шекараларын тәулік бойы күзететін әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері ел мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп келеді.
ТМД-ға мүше мемлекеттердің Қарулы күштері штаб бастықтары комитетінің Астанада өткен отырысы аясында Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы Күштер Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров пен Беларусь Республикасының Қарулы Күштері Бас штабының бастығы – Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары генерал-майор Павел Муравейконың кездесуі өтті.
Тараптар екіжақты әскери және әскери-техникалық ынтымақтастықтың өзекті бағыттарын талқылады. Әскери білім беру, кадрлар даярлау, екіжақты және көпжақты оқу-жаттығулар өткізу, сондай-ақ әскери-патриоттық жобаларды іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар 21–27 маусым аралығында Қазақстанда өтетін «Айбын-2026» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынына Беларусь Республикасы командасының қатысу мәселесі қаралды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екі елдің қарулы күштері арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және серіктестік қатынастарды нығайтуға өзара мүдделі екенін растады.
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше мемлекеттердің қарулы күштері штаб бастықтары комитетінің отырысына Әзербайжан, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан әскери ведомстволарының өкілдері қатысты.
Пленарлық отырыс басталмас бұрын әскери делегациялар басшыларының екіжақты кездесулері өтті. Сондай-ақ қатысушылар «Отан қорғаушылар» алаңындағы Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты. Отырыста тараптар әлемдегі және Орталық Азия өңіріндегі әскери-саяси ахуалды, көпжақты әскери ынтымақтастықты дамыту және Достастық елдерінің қарулы күштері арасындағы өзара іс-қимылды нығайту мәселелерін талқылады.
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы Күштер Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіровтың айтуынша, Қазақстан әскер құрылымын дамытудағы тәжірибесімен және әскердің жауынгерлік қабілетін арттыруға бағытталған жаңа тәсілдерімен бөлісті.
Кездесу барысында радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс саласындағы ынтымақтастықты дамыту, әскери авиация ұшуларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері де қаралды.
Сонымен қатар жоғары технологиялық қару-жарақ пен әскери техниканы қолданудың заманауи тәжірибесін зерделеу жайы сөз болды. Қатысушылар әскери зымырандар мен артиллерияны жауынгерлік қолдану, сондай-ақ нысандар мен аумақтарды минадан тазарту міндеттеріне ерекше назар аударды.
– Әскери саладағы ынтымақтастығымыздың деңгейі тұрақты түрде кеңейіп келеді. Бұл ұлттық қарулы күштердің әлеуетін нығайтуға және Достастық мемлекеттерінің қауіпсіз дамуын қамтамасыз етуге ықпал етеді, – деп қорытындылады сөзін генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров.
Кездесу қорытындысы бойынша ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің қорғаныс министрлері кеңесінің хатшысы генерал-лейтенант Юрий Дашкин Достастық кеңістігіндегі әскери өзара іс-қимылдың маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, бұл ынтымақтастық қарулы күштер арасындағы үйлестіруді күшейтуге және өңірлік қауіпсіздікті сақтауға бағытталған.
Іс-шара соңында тараптар ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің қарулы күштері арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту және өңірдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту жөніндегі келісімдерді бекітетін қорытынды құжаттарға қол қойды.
Қазақстанда әскери қызметшілердің, арнайы мемлекеттік және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, сондай-ақ азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің тұрғын үй төлемдерін пайдалану мүмкіндіктері кеңейтілді.
Өзгерістер 2026 жылғы 15 сәуірде күшіне енген «Күзет қызметі, тұрғын үй қатынастары және құқық қорғау қызметі мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген. Аталған заңды іске асыру мақсатында Үкіметтің 2026 жылғы 30 мамырдағы қаулысымен тұрғын үймен қамтамасыз етудің жаңартылған қағидалары бекітілді.
Жаңа нормаларға сәйкес тұрғын үй төлемдерін енді тұрғын үй сатып алуға, ипотекалық қарызды өтеуге және тұрғын үй құрылыс жинақтарын толықтыруға ғана емес, сондай-ақ кейіннен сатып алу құқығымен тұрғын үйді жалға алу төлеміне және тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу кезінде жарналарды төлеуге де пайдалануға болады.
Сонымен қатар құжатпен бұрын қолданыста болған бірқатар шектеулер алынып тасталды. Атап айтқанда, тұрғын үйді жалға алу үшін тұрғын үй төлемдерін пайдалану мерзіміне қатысты шектеу жойылды, жалдау шартын міндетті мемлекеттік тіркеу талабы алынып тасталды, тұрғын үйді жалға алу немесе сатып алу кезінде жақын туыстармен мәміле жасауға қойылған тыйым күшін жойды. Сондай-ақ тұрғын үй алаңының 90 шаршы метрге дейінгі мөлшеріне байланысты ағымдағы тұрғын үй төлемдерінің көлеміне қойылған шектеу де алынып тасталды.
Жаңартылған қағидалар тұрғын үймен қамтамасыз ету шараларының қолжетімділігін арттыруға бағытталған және әскери қызметшілерге тұрғын үй жағдайларын жақсартудың қосымша тетіктерін ұсынады.
Сонымен қатар тұрғын үй төлемдерін алушылар жыл сайын 25 қаңтарға дейін төлемдерді алу орны бойынша отбасы мүшелерінің атына тіркелген жылжымайтын мүліктің бар-жоғы туралы анықтаманы және арнайы шот бойынша банктік анықтаманы ұсынуға міндетті.
Астанада Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров пен Әзербайжан Республикасы Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Әзербайжан армиясы Бас штабының бастығы генерал-полковник Керім Велиевтің кездесуі өтті.
Келіссөздер Қазақстан астанасында өтіп жатқан Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше мемлекеттер Қарулы күштері штабтары бастықтары комитетінің отырысы аясында өтті.
Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін, сондай-ақ екі елдің қорғаныс ведомстволары арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі дамыту перспективаларын талқылады.
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі Бас әскери прокуратураның үйлестіруімен «Цифрлық профилактика» ведомствоаралық бағдарламасы аясында әскери қызметшілерге арналған өтініштерді қабылдаудың цифрлық жүйесін енгізді.
Жаңа сервис әскери қызметшілердің құқықтық қорғалу деңгейін арттыруға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және әскери ұжымдарда «Заң және тәртіп» қағидатын нығайтуға бағытталған.
Цифрлық жүйенің көмегімен әскери қызметшілер күш қолдану, заңсыз ақша жинау, психологиялық қысым көрсету және өзге де құқыққа қайшы әрекеттер туралы жедел түрде хабарлай алады.
Келіп түскен өтініштерге қатысты уақтылы әрекет ету мақсатында Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Әскери полициясы бас басқармасында бірыңғай «Жедел желі» Call-орталығы жұмыс істейді.
Әрбір келіп түскен хабарлама белгіленген тәртіппен қаралып, тиісті шаралар қабылданады.
– Профилактиканың цифрлық құралдарын енгізу әскери тәртіпті нығайтуға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және әскери қызметті қауіпсіз өткеруге жағдай жасайды, – деді ҚР ҚК Әскери полициясы бас басқармасының профилактика басқармасының бастығы подполковник Әділхан Қалиев.
Сондай-ақ ол әскери қызметшілер заң бұзушылық фактілеріне бейжай қарамауы және құқыққа қайшы әрекеттер туралы уәкілетті органдарға дер кезінде хабарлауы тиіс екенін атап өтті.
Өтініштерге жедел әрекет ету құқық бұзушылықтардың алдын алуға, олардың бастапқы кезеңде жолын кесуге және әскери ұжымдарда заңдылық пен құқықтық тәртіптің мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Өтініштер келесі нөмір бойынша қабылданады: +7 700 081 11 19.
78460 әскери бөлімінің базасында жүзеге асырылып жатқан Sarbaz+ жобасы сұранысқа ие технологиялық бағыттар бойынша мамандар даярлауға бағытталған.
Әскери дайындықпен қатар, жоба қатысушылары бағдарламалау, киберқауіпсіздік, ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқару, байланыс жүйелеріне қызмет көрсету және деректерді талдау салалары бойынша білім алады.
Оқу барысында заманауи цифрлық платформалар, VR-тренажерлер мен арнайы симуляторлар қолданылады. Дайындықты аяқтағаннан кейін қатысушылар меңгерген білімдері мен дағдыларын растайтын сертификаттарға ие болады. Бұл олардың мерзімді әскери қызметтен кейінгі кәсіби дамуына қосымша мүмкіндік береді.
Салтанатты рәсімге Ащыбұлақ ауылдық округі әкімінің орынбасары Кенжегүл Мұратбекқызы, Алматы облыстық мәслихатының депутаты, Sagadat Batyr спорт клубының негізін қалаушы Нұрсұлтан Орынбасаров, Қарулы күштердің ардагерлері, сондай-ақ әскери қызметшілердің ата-аналары мен жақындары қатысты.
Әскери антты мерзімді әскери қызметтің 89 сарбазы қабылдады. Салтанатты рәсім әскери оркестрдің сүйемелдеуімен өтті. Сарбаздар домбырада қазақтың көрнекті күйшілері Құрманғазы мен Дина Нұрпейісованың шығармаларын орындап, қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін көрсетті. Іс-шара жеке құрамның салтанатты маршымен аяқталды.
– Бүгін – менің өмірімдегі ең маңызды күндердің бірі. Біз бұл күнге үлкен жауапкершілікпен келдік. Sarbaz+ жобасына қатысу бізге тек әскери машықтарды меңгеруге ғана емес, сонымен қатар болашақта сұранысқа ие болатын заманауи білім мен құзыреттерді игеруге мүмкіндік береді деп сенемін, – деді мерзімді әскери қызметші Дәурен Жақай.
Ресми бөлім аяқталғаннан кейін ата-аналар үшін әскери бөлім аумағына экскурсия ұйымдастырылды. Қонақтар әскери қызмет өткеру жағдайларымен танысып, казармаларды, асхананы және әскери инфрақұрылым нысандарын аралап көрді.
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі «Ашық НҚА» порталында «Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің ««Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріндегі әскери-медициналық (медициналық) қамтамасыз ету ережелерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2020 жылғы 21 желтоқсандағы № 723 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Қорғаныс Министрі бұйрығының жобасын жариялады.
НҚА жобасы төменде көрсетілген сілтеме бойынша қолжетімді:
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі «Ашық НҚА» порталында «Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің жеке құрамымен тәрбие, әлеуметтік-құқықтық, психологиялық және идеологиялық жұмысты ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2022 жылғы 13 қазандағы № 911 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Қорғаныс Министрі бұйрығының жобасын жариялады.
НҚА жобасы төменде көрсетілген сілтеме бойынша қолжетімді:
Әскери ант қабылдаудың салтанатты рәсімі Әуе қорғанысы күштерінің 14157 әскери бөлімінің саптық алаңында өтті.
Әскери жиындарға шақырылған 120 әскери міндеттінің 65-і ант қабылдады. Олардың қатарында оқуына, жұмысына немесе басқа себептерге байланысты әскерге бармаған және жоғары оқу орнында әскери кафедрада оқымаған азаматтар бар.
– Әскери ант қабылдау әскери міндеттілердің жауапкершілік сезімін, жауынгерлік рухын және отансүйгіштік қасиетін күшейтеді. Бұл қасиеттер, әсіресе ұшқышсыз ұшу аппараттарының операторы сияқты қазіргі заман талабына сай, жоғары сұранысқа ие әскери мамандықты игеру барысында ерекше маңызға ие, – деді 14157 әскери бөлімінің командирі подполковник Алмат Хайрушев.
Ант беру рәсімі жоғары деңгейде өтті. Ант қабылдауға әскери міндеттілердің туған-туыстары мен жақындары қатысты. Іс-шараның салтанатты өтуіне «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери оркестрі ерекше үлес қосты.
Ант қабылдағандардың қатарында Байзақ аудандық ауруханасының қабылдау бөлімінің меңгерушісі Нұрдәулет Сәтенов те бар.
– Бұл жиындарға қатысып, Әскери ант қабылдау мен үшін үлкен мәртебе. Әр ер азаматтың қасиетті борышы – Отанға адал қызмет ету, – деді ол.
Жиынға қатысушылардың ішінде Жуалы ауданынан шақырылған 38 жастағы электромонтер Абзал Абдалиев те бар. Ол шақырту жасында әртүрлі себептермен әскерде болмағанымен, әрқашан азаматтық борышын өтеуге дайын болғанын айтады.
– Бұрын әскерде болмадым, енді әскери дайындықтан өтіп, жаңа мамандық игеруге мүмкіндік туып жатыр. Бүгін Әскери ант қабылдағаныма қуаныштымын, – деді ол.
Жиын аяқталғаннан кейін әскери міндеттілер қазіргі заманғы армияның ең өзекті мамандықтарының бірі – ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқаруды меңгерген резервтегі дайын маман ретінде үйлеріне оралады.