
«Батыс» өңірлік қолбасшылығының теңіз жаяу әскері бригадасында панкратионнан әлем чемпионы, Alash Pride лигасының спортшысы қатардағы жауынгер Максим Павлов мерзімді әскери қызметін өтеп жүр.
Қызметтің алғашқы күндерінен бастап ол өзге әскери қызметшілермен қатар әскери істің негіздерін меңгеріп, Әскери ант қабылдауға дайындалуда. Ол үшін әскердегі қызмет тек мықты дене дайындығын ғана емес, жоғары жеке жауапкершілікті талап ететін жаңа кезеңге айналды.
Максим – Қостанай облысының тумасы. Спорттағы жолын ол бала кезінен бастап, 12 жыл бойы табандылықпен жоғары нәтижелерге жетіп келеді. Қостанай спорттық-техникалық колледжін «дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша тәмамдаған ол күш, тәртіп және үздіксіз даму жолын таңдады.
Оның жетістіктері де аз емес. Ол Қазақстан чемпионатының сегіз дүркін жеңімпазы, панкратионнан әлем чемпионы, панкратион, ММА, жекпе-жек бойынша спорт шебері, армиялық қоян-қолтық ұрыс және грэпплинг бойынша спорт шеберіне кандидат. Соған қарамастан Максим қарапайым әрі мақсатшыл жан болып қала береді. Ол үшін әскери қызмет – жаңа өмір ырғағына бейімделу, әскери-есеп мамандығын меңгеру және тұлғалық тұрғыдан өсу мүмкіндігі.
– Әскерге саналы түрде келдім. Бұл – мен үшін парыз, әрі абырой. Мұнда мінез шыңдалып, рух нығаяды. Қызмет атқара отырып, жаттығуды жалғастырып, формамды сақтап, алдағы уақытта бригадамыздың намысын жарыстарда қорғауға мүмкіндік бар екеніне қуаныштымын, – деді қатардағы жауынгер Максим Павлов.
Қазақстан Қарулы Күштерінде дене дайындығы мен спортты дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Әскер тек кәсіби дағдыларды қалыптастырып қана қоймай, рухы мықты, мақсатшыл жастарды тәрбиелейді. Максим Павловтың оқиғасы – қызмет пен спорттың қатар өріліп, жаңа белестерді бағындыруға жол ашудың жарқын үлгісі.
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше елдердің әскери қызметшілері арасында өткен қазақ күресі мен самбо чемпионатында қазақстандық балуандар 10 алтын медаль жеңіп алып, ұлттық және әскери-қолданбалы спорт түрлеріндегі жоғары дайындық деңгейін дәлелдеді.
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі ұйымдастырған спорттық жарыстар Алматы қаласындағы Армияның орталық спорт клубы базасында өтті.
Жарысқа Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстаннан 70-тен астам спортшы қатысты.
Қазақ күресі бойынша жарыс қорытындысында Қазақстан құрамасы 8 алтын медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленді. Екінші орын – Ресей құрамасына, үшінші орын – Қырғызстан командасына бұйырды.
Самбо турнирінде қазақстандық спортшылар 2 алтын, 4 күміс және 1 қола медаль иеленіп, жалпыкомандалық есепте екінші орынға тұрақтады. Бірінші орынды Ресей самбошылары, үшінші орынды Тәжікстан спортшылары алды.
Әскерлердің жолдастық XVII Спартакиадасы аясында өткен чемпионат әскери қызметшілердің жоғары дайындық деңгейін, рух күшін және шеберлігін көрсетті. Жарыстар ТМД елдері әскерлері арасындағы спорттық ынтымақтастықты нығайтатын маңызды алаңға айналды.
Елорданың «Алатау» спорт сарайында Қорғаныс министрінің орынбасарларымен, Қорғаныс министрлігі, Бас штаб және Қарулы күштердің құрылымдық бөлімшелері басшыларымен дене дайындығы бойынша бақылау сабақтары өтті. Жоғары офицерлік құрамның өкілдері – 12 генерал бақылау нормативтерін тапсырды.
Бақылау сынағы жеке жауапкершіліктің айқын үлгісі болып, бүкіл жеке құрамға талапты күшейтті. Олар дене дайындығы бойынша сынақтар тапсырып, № 3 жаттығуды (белтемірге тартылу) және № 37 жаттығуды (1 шақырым жүгіру) орындады.
– Дене дайындығы – әскери қызметтің ажырамас бөлігі. Командирлер әрдайым жеке құрамға үлгі болуы тиіс. Сондықтан талап қоюмен қатар, өздері де сол талаптарға сай болуы қажет. Әскер – бұл тек техника ғана емес, ең алдымен рухы мықты, физикалық тұрғыдан дайын, білімді әрі тәртіпті жауынгер, – деді Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы күштер Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров.
Қысқы оқу кезеңінің қорытындысы бойынша бақылау сынағын Спорт комитетінің офицерлері қабылдады. Нормативтерді орындаумен қатар, жаттығуларды орындау техникасы, төзімділігі және жалпы дене дайындығының деңгейі ерекше назарға алынды.
Спорттық іс-шараның басында медициналық қажетті құрал-жабдықтармен және санитарлық көлікпен қамтамасыз етілген дәрігерлік-фельдшерлік бригада тұрды.
Жалпы министрліктің басшылық құрамы жақсы физикалық дайындық деңгейін және белгіленген нормативтерді толық көлемде орындауға дайын екенін көрсетті. Үздік нәтиже көрсеткен офицерлер келесі жиында марапатталатын болады. Ал алынған көрсеткіштер алдағы дене дайындығын жоспарлау кезінде ескерілетін болады.
Бақылау сабақтарына ведомство басшылығының қатысуы Қарулы күштерде дене дайындығына қойылатын талаптардың баршаға бірдей екенін және ол жауынгерлік даярлықтың ажырамас бөлігі болып қала беретінін көрсетті.
Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармония ғимаратында елордадан әскерге шақырылған жастарды салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті.
Іс-шараға Қорғаныс министрлігінің басшылығы, Астана қаласының Қорғаныс істері жөніндегі департаменті, ҚР Парламенті депутаттары, Қарулы күштердің және жергілікті қақтығыстардың ардагерлері, «Жас сарбаз» қозғалысының тәрбиеленушілері, мектеп оқушылары мен жас сарбаздар - барлығы шамамен 1500 адам қатысты.
Әскерге шақырылушыларға Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары генерал-майор Асқар Мұстабеков сәт-сапар тіледі.
– Сіздер үшін өмірдің маңызды кезеңі басталып отыр. Бұл жай ғана бір жылдық қызмет емес - бұл ерік-жігерді шыңдайтын, мінезді қалыптастыратын уақыт. Әскер Отанға деген сүйіспеншілікті, борыш пен жауапкершілік сезімін тәрбиелейді. Бүгін сіздерге «аманат» жүктеліп отыр - бұл тек ата-аналарыңыздың емес, бүкіл Қазақстан халқының сенімі, - деді ол.
Содан кейін генерал-майор Асқар Мұстабеков запасқа шыққан әскери қызметшілерге жоғары оқу орнында тегін білім алуға арналған сертификаттар табыстады. Бұл Қорғаныс министрлігінің «Sarbaz 2.0» әлеуметтік жобасының жүзеге асып жатқанының нақты көрінісі.
ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ғалиасқар Сарыбаев өз сөзінде Қазақстанның жаңа даму кезеңіндегі әскердің маңызын атап өтті. Ол қазіргі әскер тек күштік құрылым ғана емес, сонымен қатар ел тұрақтылығының негізі, мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды тірек екенін айтты.
Салтанатты жиынның ерекше сәті - «Аманат» рәсімі болды. Запасқа шыққан сарбаздар әскерге шақырылған жастарға әскери абырой мен ұрпақ сабақтастығын білдіретін қалқан мен қылышты табыстады.
– 1414 сервисінен хабарлама келген кезде, ойланбастан әскерге бару туралы шешім қабылдадым. Елді, отбасымды және жақындарымды қорғауды үйрену - менің парызым деп санаймын. Бүгін сарбаздарға жоғары оқу орнына түсуге сертификаттар берілгенін көрдім. Мен де өз күшімді сынап, осы мүмкіндікті пайдаланғым келеді, - деді әскерге шақырылушы Мағжан Сайлау.
Жастармен әскери-патриоттық тәрбие жүргізгені үшін Қазақстан Республикасы Қарулы күштері ардагерлері атынан елорда мектептерінің алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімдері алғыс хаттармен марапатталды.
Биыл елордадан барлығы 1400 жас әскерге шақырылады. Айта кетейік, Шекара қызметі мен Мемлекеттік күзет қызметін жасақтау жұмыстары аяқталып, қазірде Қарулы күштер қатарына қабылдау жалғасып жатыр.
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінде авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосановтың төрағалығымен азаматтарды әскери қызметке шақыру жүйесін жетілдіру және мемлекеттің жұмылдыру әлеуетін нығайту мәселелеріне арналған ведомствоаралық кеңес өтті.
Отырысқа Әділет, Ұлттық экономика, Денсаулық сақтау, Көлік, Цифрлық даму, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерін қоса алғанда, бірқатар негізгі мемлекеттік органдардың басшылары мен өкілдері, сондай-ақ өзге де мүдделі ведомстволар қатысты.
Кеңес барысында азаматтардың Отанды қорғау жөніндегі конституциялық міндетін орындауын қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екені атап өтілді. Бұл мәселе Қазақстан Республикасының Жоғарғы Бас қолбасшысы мен Үкіметінің тұрақты бақылауында.
Осыған байланысты Қорғаныс министрлігі азаматтарды хабардар ету жүйесінің тиімділігін арттыруға, шақыру науқанының ашықтығын қамтамасыз етуге және әскери міндетті орындау тәртібін күшейтуге бағытталған Біріңғай шақырту тізілімін енгізу мәселесін пысықтауда.
«Біріңғай шақырту тізілімін енгізу хабарлау жүйесін сапалы жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Біз азаматтарды уақтылы әрі толық ақпараттандыруды қамтамасыз ететін, сондай-ақ олардың конституциялық міндетін орындауын жүйелі түрде қолдайтын заманауи цифрлық тетікті қалыптастырамыз», – деді Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов.
Сонымен қатар бастама аясында әскерге шақырудан жүйелі түрде жалтарып жүрген азаматтарға қатысты уақытша шектеу шараларын енгізу мүмкіндігі қарастырылуда. Аталған шаралар уақытша сипатта болып, тек қолданыстағы заңнама шеңберінде жүзеге асатын болады.
Кеңес барысында ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту және мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін интеграциялау арқылы цифрлық трансформацияны жеделдету мәселелеріне ерекше назар аударылды. Бұл деректермен жедел алмасуды қамтамасыз етуге және қабылданатын шаралардың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
«Мемлекеттік органдардың күш-жігерін үйлестіру және заманауи цифрлық шешімдерді енгізу – жүйенің тиімділігін арттырудың негізгі шарты. Біз оның ашықтығын, сенімділігін және тұрақтылығын қамтамасыз етуге тиіспіз», – деп атап өтті Қорғаныс министрі.
Сондай-ақ мерзімді әскери қызметтің тартымдылығын арттыру мәселелері қаралды. Қорғаныс министрлігі мерзімді әскери қызметшілердің ай сайынғы қаржылай қажеттілік үлесін арттыру және әлеуметтік кепілдіктер жүйесін жетілдіру мәселесін пысықтауды ұсынды.
Кеңесті қорытындылай келе, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов аталған бастамаларды іске асыру барлық мемлекеттік органдардың үйлесімді және жүйелі іс-қимылын талап ететінін атап өтті.
Маңғыстау облысында Әскери-теңіз күштерінің теңіз жаяу әскері десанттық-шабуыл батальонында «Айбын – 2026» әскери-патриоттық жастар жиынының облыстық кезеңі өтті.
Оған өңірдің бес ауданы мен екі қаласынан келген командалар қатысып, өзара үздіктерді анықтады.
Жарыс келесі кезеңдерден тұрды: кермеге тартылу, жатып денені көтеру, әскери кросс, АК-74 автоматын бөлшектеп-жинау, арқан тарту, пневматикалық мылтықтан ату, сондай-ақ эстафета. Бұл сайыстар қатысушылардан жоғары дене дайындығы, төзімділікті, ептілікті, жылдамдықты және командалық үйлесімділікті талап етті.
– Бұл жарыстар біздің күш-қуатымыз бен командалық рухымызды сынады. Әр кезеңде бір-бірімізді қолдап, соңына дейін бірге бардық. Осында біз құнды тәжірибе жинадық, ұйымдастырушыларға алғысымызды білдіремін, – деп бөлісті Ақтау қаласындағы №22 мектеп-гимназиясының оқушысы Камила Костромина.
Жарыс қорытындысы бойынша I орынды Ақтау қаласының «Каспий» командасы, II орынды Мұнайлы ауданынан «Жас жауынгер» әскери-патриоттық клубы, ал III орынды Жаңаөзен қаласының «Қайсар» командасы иеленді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер кубоктармен және грамоталармен марапатталды. Олар биылғы жылдың маусым айында Ақмола облысының Щучинск қаласында өтетін «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынында өңір намысын қорғайды.
Бұл шара жастардың әскери қызметке деген қызығушылығын арттырып, патриоттық рухты нығайтқан маңызды оқиға болды.
Қазақстан Қарулы Күштерінде жаңа талап енгізілді: мерзімді қызмет кезеңінде әрбір әскери қызметші кемінде бес кітап оқуға міндетті. Бұл бастама жеке құрамның дамуына және 23 сәуірде елімізде атап өтілетін Кітап күні қарсаңында оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
Мереке халықаралық дәстүрге негізделген. Ол ЮНЕСКО-ның бастамасымен бекітіліп, бүкіл әлемде Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күні ретінде аталып өтеді. Қазақстанда бұл күн ел Президентінің тапсырмасымен енгізіліп, алғаш рет 2025 жылы оқу мәдениетін насихаттауға бағытталған маңызды мәдени-ағартушылық дата ретінде атап өтілді.
Қазақстан Қарулы Күштерінде оқу мәдениетін қалыптастыру жұмысы жүйелі түрде жүргізілуде. Бүгінде әскери бөлімдер мен мекемелерде 322 кітапхана жұмыс істейді. Олардың қорында 52 434 дана көркем әдебиет және 198 293 оқу басылымы бар.
– Біздің кітапханамызда отандық авторлардың, әскери
жазушылар мен әскери ғалымдардың көптеген еңбектері бар. Олар әскердің қалыптасуы мен дамуы туралы жазылған бірегей құнды еңбектер. Кітапхананың өзі 2020 жылдың желтоқсан айында ашылды. Кітапхана қорында 7000-нан астам кітап бар. Қор қайырымдылық акциялардан келіп түскен кітаптар негізінде жасақталды. Бізге Астана мен Алматы қалаларының кітапханалары кітаптар табыстады. Сондай-ақ Ұлттық қорғаныс университетінің кітапханасы да үлкен көмек көрсетті. Бізде сирек кездесетін кітап басылымдары өте көп, – деді Ұлттық әскери-патриоттық орталығы әскери-ғылыми кітапханасының меңгерушісі Оксана Әлжанова.
Тек биылғы жылдың басынан бері әскери қызметшілер қолына 48 837 кітап берілді. Бұл жеке құрам арасында кітап оқуға деген тұрақты қызығушылықтың бар екенін және кітапхана қорына сұраныстың жоғары екенін көрсетеді.
Кітапхана қоры үнемі толықтырылып отырады. Кітаптар демеушілік көмек, баспалармен ынтымақтастық, сондай-ақ қайырымдылық акциялары аясында келіп түседі. Бұл шараларға әскери қызметшілердің өздері де белсенді қатысады – олардың көпшілігі жеке жинақтарындағы кітаптарды әкеліп, бөлім кітапханаларының қорына тапсырады.
Міндетті оқу нормасын енгізу - жай сөз емес, тәрбиелік әрі білім беру жұмысының бір бөлігі. Кітап оқу көкжиекті кеңейтеді, сыни ойлауды дамытады және берік құндылықтарды қалыптастыруға ықпал етеді.
– Ұлттық-әскери патриоттық орталығында мерзімді әскери қызметті өткеріп жатқан музыкантпын. Мұндағы кітапханада қызықты тақырыптағы кітаптар көп. Қазіргі сәтте Мұхтар Шахановтың кітабын оқып жатырмын. Жалпы маған детектив жанры мен әскери тақырыптағы кітаптар ұнайды, – деді Ұлттық әскери-патриоттық орталығы шығармашылық взводының сарбазы Нұрдос Айтмұхаметов.
Қазіргі қызмет жағдайында кітап өзін-өзі дамытуға сенімді құрал болып қала береді, ал оған деген қызығушылық әскери қызметшінің кәсіби және тұлғалық өсуінің маңызды құрамдас бөлігіне айналды.
Елордадағы Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияда запасқа шыққан әскери қызметшілерге жоғары оқу орындарында тегін білім алу үшін сертификаттар табыстаудың салтанатты рәсімі өтті.
Іс-шараға Қорғаныс министрлігінің, Астана қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің басшылығы, Парламент Сенатының депутаттары, әскери қызметшілер, Қарулы күштердің ардагерлері, елордалық мектептер мен колледждердің оқушылары қатысты.
Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары генерал-майор Асқар Мұстабеков запастағы әскери қызметшілерге жоғары оқу орындарында білім алуға арналған сертификаттарды тапсырды.
– Бұл сертификат – сендердің адал қызметтеріңнің лайықты жемісі. Осы мүмкіндікті алда сенімді өсіп-өркендеу үшін пайдалана біліңдер, – деді министрдің орынбасары грант иегерлеріне арнаған сөзінде.
Салтанатты рәсім барысында әскери қызметшілерді Парламент Сенатының депутаты Ғалиасқар Сарыбаев құттықтады.
– Сендер армия мектебінде шыңдалып, жаңа бастамаларға жол аштыңдар. Бұл қадам үлкен жолдың құтты қадамы болсын, – деді ол.
Әскери қызметшілердің бірінің туысы Гүлнар Жәкетова өз ойын білдірді:
– Отбасымыз үшін үлкен қуаныш әрі көрсетілген қолдау. Мұндай бастамалар балаларымыздың болашағы үшін сенімділік тудырады, – деді.
Грант иегерлерінің қатарында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде оқуға жолдама алған алған кіші сержант Бейбарыс Хасен де бар.
– Мен үшін бұл әскерде жеткен басты жетістігім. Командирлерім мен жақындарымның қолдауы үшін алғысымды айтамын, – деді ол.
Қорғаныс министрлігінің бастамасымен 2023 жылы басталған «Сарбаз 2.0» жобасы заң жүзінде бекітілгенін айта кетейік. Бұл жоба әскерде борышын өткерген азаматтарға Ұлттық бірыңғай тест тапсырмай, жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік береді. Жауынгерлік дайындық үздіктеріне сонымен бірге жатақханадан орын беріледі және стипендия төленеді.
Мемлекеттік грантқа үміткерлерді іріктеу «Сарбаз 2.0» цифрлық жүйесі арқылы жүзеге асырылды.
2023-2025 жылдар аралығында жүйеде барлығы 180 мыңнан астам әскери қызметші тіркеліп, оның ішінде «Көктем–2025» әскерге шақыру шеңберінде – 18 мыңнан астам адам грант алды. Іріктеу қорытындысы бойынша білім гранттары былайша бөлінді: Қорғаныс министрлігі – 492 орын, Ұлттық ұлан – 493 орын, ҰҚК Шекара қызметі – 112, Төтенше жағдайлар министрлігі – 28 орын, Мемлекеттік күзет қызметі – 29 орын.
Қазіргі кезде «Сарбаз 2.0» жобасы әскери қызметшілерді қолдаудың тиімді құралына айналып, әскердегі қызмет жастарға білім беру, кәсіби өсу және сенімді болашақ үшін нақты мүмкіндіктер ашатынын дәлелдеп отыр.
Қазақстанда 23 сәуір – Ұлттық кітап күні болып бекітілген. Бұл мереке Үкімет қаулысымен қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, зияткерлік әлеуетті арттыру және жастарды кітапқа баулу мақсатында, Президент бастамасымен 2025 жылдан бастап атап өтіледі.
«Кітапқұмарлық – жақсы қасиет. Көптеген мемлекет Ұлттық кітап күнін атап өтеді. Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз», – деді Президент Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында сөйлеген сөзінде.
Қарулы күштерде челленджге қатысқан сарбаздар белгілі ақындардың өлең жолдарын оқып, жазушылардың прозалық шығармаларынан үзінділер келтірді.
Мысалы Приозерск гарнизонынада орналасқан 06708 әскери бөлімінде Отан алдында борышын өтеп жүрген сарбаз Қамза Ербатыр Арай Әлімжанованың «Бауыр барда» өлеңін оқыса, Атырау гарнизоны 41433 әскери бөлімің сарбазы Мұқағали Мақатаевтың «Отан» өлеңін оқыды.
Қорғаныс саласында қызмет атқаратын әскери қызметшілер үшін кітап – тек білім көзі ғана емес, сонымен қатар тұлғалық дамудың маңызды құралы. Іс-шара барысында әскери кітапханаларда арнайы көрмелер ұйымдастырылып, тарихи және әскери әдебиеттер кеңінен таныстырылды. Әскери қызметшілер арасында кітап оқу мәдениетін насихаттауға бағытталған кездесулер мен челлендждер жыл сайын өткізілді.
Ұлттық кітап күні аясында челленджге қатысқан сарбаздарға қазақ және әлем әдебиетінің таңдаулы туындылары ұсынылып, әскери тақырыптағы кітаптарға ерекше назар аударылды. Бұл бастама әскери қызметшілердің кәсіби білімін жетілдіруге және олардың дүниетанымын кеңейтуге ықпал етеді.
Бұл бастамалар қоғамда кітаптың маңызын арттырып қана қоймай, жас ұрпақты білім мен рухани құндылықтарға баулуға мүмкіндік береді.
Қорғаныс министрлігінде өтіп жатқан Ұлттық кітап күні – әскери қызметшілердің рухани дамуына серпін беретін маңызды мәдени оқиға. Бұл шара кітаптың қоғамдағы рөлін нығайтып, білім мен тәрбие құндылықтарын дәріптеуге өз үлесін қосады.
1997 жылғы 22 сәуірде елдегі құқық қорғау жүйесін реформалау аясында Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің әскери полициясы құрылды.
Әскери полиция қызметі әскердің күнделікті тыныс-тіршілігімен тығыз байланысты. Сонымен қатар, оның қызметшілері халықаралық және мемлекеттік деңгейдегі іс-шараларды әскердің қатысуымен өткізу барысында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге белсенді қатысады.
Әскери полиция органдарына құқықбұзушылықтардың алдын алу, әскери техниканы алып жүру, гарнизондарда құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, әскери қызметшілерді іздестіру, сондай-ақ қылмыстардың жолын кесу және ашу сияқты кең ауқымды міндеттер жүктелген. Құқықтық тәртіпті, жол қозғалысы қауіпсіздігін және әскери тәртіпті қамтамасыз етуге әскери автомобиль полициясы мен патрульдік-бекеттік қызмет елеулі үлес қосып келеді.
Құқықбұзушылықтардың алдын алу бағытында әскери полиция 2025 жылғы 30 желтоқсандағы «Құқықбұзушылықтардың алдын алу туралы» ҚР Заңын әзірлеуге қатысты. Заңды іске асыру аясында әскери бөлімдерде тәртіптің жай-күйіне тұрақты бақылау ұйымдастырылып, бұзушылықтарды мониторингтеу мен оларға жедел әрекет етудің заманауи тәсілдері енгізілді. Жалпы, алдын алу жұмысы әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын сақтауға бағытталған жүйелі әрі үздіксіз үдеріс ретінде қалыптасқан.
Материалдық-техникалық базаны дамытуға да ерекше көңіл бөлініп отыр. Бөлімшелер заманауи қару-жарақпен, техникамен және арнайы құралдармен жабдықталып, бұл өз кезегінде уақыт талабына сай тиімді әрекет етуге және қауіпсіздікті жоғары деңгейде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Әскери полиция құрылымында кинологиялық қызметтің құрылуы – маңызды қадамдардың бірі. Қызметтік иттер тыйым салынған және жарылғыш заттарды анықтауда, сондай-ақ күдіктілерді іздестіру мен ұстау операцияларында кеңінен қолданылады.
Дегенмен, әскери полицияның басты күші – қызметті ар-намыс пен жоғары жауапкершілік деп түсінетін адамдар. Олардың кәсібилігі, принципшілдігі және борышқа адалдығы қызметтің жоғары беделін қалыптастырады. Көптеген қызметшілер заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға қосқан үлесі үшін мемлекеттік наградалармен марапатталған.
Елдің әскери қауіпсіздік жүйесінің маңызды құрамдас бөлігі ретінде бұл заманауи, ұтқыр әрі кәсіби құрылым бүгінде армиядағы заң мен тәртіптің сенімді қалқанына айналды.