Ақтауда Әскери-теңіз күштері 29011 әскери бөлімінің базасында Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштері әскери институтының әскери-теңіз кафедрасында оқитын екінші курс курсанттарының теңіздегі практикасы аяқталды.
Бір айдың ішінде болашақ офицерлер теңіз қызметінің теориясы мен тәжірибесін үйренді. Бағдарламаға навигация, төтенше жағдайлар, қауіпсіздік және кеме экипажының өзара іс-қимылы кірді. Каспийдің қазақстандық секторына оқу-жаттығу жорықтары негізгі кезеңге айналды, іс жүзінде курсанттар білімдерін бекітіп, теңіз қызметінің жағдайына бейімделді.
– Біз алғаш рет әскери корабль бортындағы төтенше жағдайларда іс-қимылдарды пысықтадық. Қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау маңызды болды. Осы айда мен қызметте пайдалы баға жетпес тәжірибе жинадым, – деді курсант Эльдар Қалабай.
Практиканың қорытындысы бойынша курсанттар теңіз даярлығының негізгі пәндері бойынша сынақтан өтті. Қолбасшылық олардың жауапкершілігі мен кәсіби дағдыларын жоғары бағалап, мұндай іс-шаралар болашақ Әскери-теңіз күштерінің офицерлерін даярлауда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Теңіз практикасы курсанттарға Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштерінің бөлімшелерінде қызмет ету үшін қажет нәрсенің бәрін – тәртіпті, дербестікті және жүктемелерге төзімділікті дамытуға көмектеседі.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Қарулы Күштерінің цифрлық трансформациялаудағы елеулі жетістіктері таныстырылды. Мұндай бастамалардың мақсаты – әкімшілік процестерді жеңілдету, әскерилер қызметінің тиімділігін арттыру және сапасын жақсарту.
Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев Қорғаныс министрлігі Әскери білім беру және мерзімді әскери қызметке шақыру жүйесіне цифрлық шешімдерді белсенді енгізіп жатқанын хабарлады.
«Smart военкомат» бұл әскери есепте тұрған шақырылушылардың жалпы санынан әскерге шақыру жасындағы азаматтарды іріктеу. Жасанды интеллект белгілі бір критерийлер мен бұрын әскерге шақырылғандардың мәліметтер базасы негізінде жедел әскери қызметке шақырылуға тиіс азаматтарды ғана хабардар етеді деп күтілуде.
Енді әскери оқу орындарына түсу үшін құжаттарды онлайн – e-Gov порталы арқылы тапсыруға болады (бүгінгі күні пысықталғаны 22 мемлекеттік қызмет). Одан бөлек бұл сервис арқылы жоғары оқу орнына, егер оқыту бұрын шығып кеткен болса, қайта қалпына келтіру қызметі де қолжетімді (16 мемлекеттік қызмет). Алдын ала медициналық куәландыру жойылды, арнайы тексеру қашықтықтан жүргізіледі.
Қорғаныс министрлігінің цифрлық трансформация шеңберіндегі негізгі жетістіктерінің бірі Қазақстан Республикасының барлық әскери оқу орындарына арналған «Askeri Ziyat» әскери-білім беру көпфункционалды платформасын құру болды. Бұл платформа әскери мамандарды даярлауды жүзеге асыратын әскери жоғары оқу орындары мен әскери колледждерді бірыңғай цифрлық кеңістікке біріктіреді, қарау режимінде сыртқы ұйымдар үшін де қолжетімді ведомствоаралық электрондық кітапханасы да бар. Мұнда 20 бағытта дайындық курстары өткізіледі. Бүгінгі таңда 1000-нан аса әскери қызметші тіркелген. 300-ден астамы оқуды ойдағыдай аяқтап, белгіленген үлгідегі сертификаттарға ие болды.
Үшінші жылы іске асырылып жатқан «Sarbaz 2.0» жобасы бойынша жұмыс жалғастырылды. Жоба арқылы мерзімді қызметтің әскери қызметшілері мемлекеттік білім беру гранттары арқылы тегін оқи алады. Жыл басынан бері онлайн-тестілеу өткізілді, тестке қатысуға 10 мыңнан астам сарбаз ниет білдірді. Биыл мамыр айында 2010 сарбаз еліміздің жоғары оқу орындарында оқу үшін мемлекеттік гранттар алды.
Мемлекет басшысының жасанды интеллектті кеңінен енгізу туралы тапсырмасына сәйкес Қорғаныс министрлігі ARMIA.KZ. сервисін әзірледі, бұл кіріктірілген ЖИ қазірдің өзінде 2 мыңнан астам сұранысты өңдеп, әскери қызмет туралы ақпараттың әмбебап көзіне айналды. Мемлекеттік органдар арасында алғашқылардың бірі болып Қорғаныс министрлігінің мамандары Ұлттық жасанды интеллект платформасына негізделген ARMIA.KZ. сервисінің ЖИ-ассистентін құрды. Бот кең көлемді білім базасына ие және заңнамадағы өзгерістерге жедел бейімделе алады. Ол әскери қызметке қатысты сұрақтар бойынша «цифрлық кеңесші» ретінде жұмыс істейді.
Бұдан өзге Қорғаныс министрлігі әскерге шақыруды, қорғаныс қабілетін жақсартуды және жауынгерлік дайындықты оңтайландыруды көздейтін қорғалған сегментте жасанды интеллектті қолданатын бірқатар жобаларды жүзеге асырып жатыр.
Қорғаныс министрлігі мен Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруді жетілдіру жөніндегі бірлескен жоспарын іске асыру шеңберінде әскери қызметшілердің балаларына жыл сайын жазғы демалыс ұйымдастырылады.
Биыл ата-анасы Алматы гарнизонында қызмет өткеріп жатқан Қонаев қаласының мектептерінен 9-10 сынып оқушыларының үлкен тобы Қапшағай су қоймасындағы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығына барды. Үш апта ішінде көп балалы, толық емес отбасылардан шыққан 28 бала, сондай-ақ ерекше күтімді қажет ететін балалар өсіріп отырған отбасылар денсаулығын нығайтып, күш-қуат ала алады.
Таза ауада демалудан басқа, балаларға арналған тамаша бағдарламалар да бар: түрлі үйірмелердегі сабақтар (музыка, театр, сурет салу), оған қоса әскери-патриоттық іс-шаралар. Балаларға әскери бөлімдерде ашық есік күндері үнемі өткізіліп тұрады, онда оқушылар әскери техникамен, қару-жарақпен танысады, тіпті қолдарында шынайы автоматты ұстап көреді. Парашютпен секіруге арналған тренажерді сынап көруге болатын әуе-десанттық кешенге бару және қоян-қолтық ұрыстың элементтерін көрсету де балалардың ерекше қызығушылығын тудырады.
Алматы гарнизоны әскери қызметшілерінің отбасы мүшелерімен жұмыс жөніндегі қызмет бастығы Адалят Насырованың айтуынша, мұндай іс-шаралар балалардың денсаулығын нығайтып қана қоймай, олардың патриоттық тәрбиесіне де ықпал етеді.
- Жыл сайын балаларымыздың үйге біраз нәрсе үйреніп оралғанын көреміз. Олар жаңа достар тауып, уақытты тиімді өткізеді, ең бастысы – ата-аналарының қызметі туралы мақтанышпен айтады. Бұл біздің әскери қызметшілердің отбасыларын қолдау және болашақ Отан қорғаушыларды тәрбиелеу жөніндегі жұмысымыздың маңызды бөлігі, – деп атап өтті ол.
Жыл сайын «Балдәурен» орталығында және оның филиалдарында мыңнан аса әскери қызметшінің балалары демалады, бұл Қорғаныс министрлігінің өз қызметкерлерінің отбасыларын қолдауға жүйелі көзқарасын көрсетеді.
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштерінің базасында Каспий теңізінің қазақстандық секторында теңізде жүзу қауіпсіздігін арттыруға арналған ғылыми‑практикалық конференция өтті.
Іс-шараның бастамашысы әскери мамандар мен мамандандырылған азаматтық ұйымдардың өкілдерін тәжірибе алмасу және практикалық шешімдер әзірлеу үшін біріктірген Әскери-теңіз күштерін гидрографиялық қамтамасыз ету қызметі болды.
Конференцияны ашқан Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы вице-адмирал Серік Борамбаев қауіпсіз навигация үшін нақты гидрографиялық деректердің рөлі негізгі екенін атап өтті.
– Гидрографиялық деректер – теңіз қауіпсіздігінің негізі. Оларсыз кемелерді тиімді басқару, төтенше жағдайлардың алдын алу және навигацияның тұрақтылығы мүмкін емес. Деректерді өзектендіру, техникалық жарақтандыруды жаңғырту және білікті мамандарды даярлау негізгі басымдықтар болып қала бермек, – деді Гидрографиялық қамтамасыз ету қызметінің бастығы 2-дәрежелі капитан Данияр Давишев.
Қатысушыларға заманауи гидрографиялық және навигациялық-өлшеу жабдықтарының, сондай-ақ су астындағы жағдайды зерттеу және картографиялық ақпаратты нақтылау үшін қолданылатын сүңгуірлік жабдықтардың мамандандырылған көрмесі таныстырылды.
Көрсетілгендер навигацияның дәлдігін арттыруға, теңіз карталарын тезірек жаңартуға және ықтимал қауіпті аймақтарды жедел анықтауға мүмкіндік береді.
Жұмыс талқылаулары барысында сарапшылар навигациялық деректерді ұдайы жинау және оларды жаңарту, әскери және азаматтық құрылымдар арасында ақпарат алмасуды кеңейту, мониторингтің цифрлық технологияларын енгізу және акваторияны ұшқышсыз құрылғылармен және қашықтықтан зерттеу құралдарын пайдалану мәселелеріне назар аударды.
Каспийдің күрделі гидрометеорологиялық жағдайында жұмыс істей алатын гидрограф мамандары мен сүңгуірлерді даярлаудың маңыздылығы ерекше атап өтілді.
Конференция қорытындысы бойынша қатысушылар теңізде жүзу қауіпсіздігі жүйесін нығайту жөніндегі күш-жігерді, оның ішінде бірлескен оқу іс-шаралары, техникалық шешімдермен алмасу және нормативтік-әдістемелік базаны өзектендіру арқылы үйлестіруді жалғастыруға келісті.
Ақтауда 2-ші шілдеден 26-шы шілдеге дейін Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің Әскери институты әскери-теңіз кафедрасының курсанттары үшін теңізде тәжірибе өтіп жатыр. Оқу-жаттығу жиындары Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Әскери-теңіз күштеріне қарасты 29011 әскери бөлімінің базасында ұйымдастырылған.
Болашақ офицерлер әскери-теңіз күштерінің бөлімдерінде дайындықтан өтіп, вахта қызметі мен штурмандық қызметтің дағдыларын меңгеруде, сондай-ақ ашық теңізде жаттығу өткізуде. Алғашқы кезеңде курсанттар судағы қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқаулықтан өтіп, бөлімшелерге бөлініп, сынақ парақтарын алды.
Ерекше назар апаттық жағдайлардағы іс-әрекеттерге, сүңгуір жабдықтарын меңгеруге және суда өмір сүру негіздеріне аударылуда. Сабақтар әскери кемелер бортында да, оқу-жаттығу орталықтарында да өткізіледі.
Негізгі дайындықтан бөлек, курсанттар мәдени-тәрбиелік бағдарламаға да қатысуда: олар мұражайларға, ескерткіштерге барып, Ақтаудың тарихы және көрнекі жерлерін аралауда.
Әскери-теңіз факультетінің доценті, бірінші дәрежелі капитан Артур Тудаковтың айтуынша, теңізде өтетін тәжірибе болашақ офицерлердің қалыптасуында маңызды рөл атқарады: «Теңіз үстінде жедел ойлауға, тәртіпке және жауапкершілікке үйретеді. Бұл — курсанттарға теориялық білімді бекітіп қана қоймай, кәсіби қасиеттерді қалыптастыруға мүмкіндік беретін баға жетпес тәжірибе».
Кеме тәжірибесі курсанттардың жеке тұлғалық өсуіне, әскери және кәсіби дағдыларын дамытуына ықпал етеді, бұл олар үшін Әскери-теңіз күштерінде табысты қызмет атқару үшін қажет.
Талдықорғанда 18404 әскери бөлімінің әскери қызметшілері әуе-десанттық дайындықтың ең күрделі элементтерінің бірі — суға парашютпен секіруді меңгеруге кірісті.
Жаттығулар шұғыл жағдайда суға қону кезіндегі іс-қимылдарды пысықтауға бағытталған арнайы бағдарлама аясында өтуде. Сабақтар барысында әскери қызметшілер суда тез бағдар алуға, өзін-өзі құтқару құралдарын қолдануға, сүңгуге, жабдықтардан арылуға және жағаға шығуға үйренуде. Мұндай тәжірибе таулы, орманды жерлер мен ашық су айдындарында әрекет етуге тиіс десанттық-шабуылдау бөлімшелерінің жауынгерлері үшін аса маңызды.
— Суға түсу — бұл жоғары физикалық дайындық пен психологиялық төзімділікті талап ететін күрделі сынақ. Біздің міндетіміз — әскери қызметшілерді кез келген жағдайда сенімді әрі үйлесімді әрекет етуге үйрету, — деді әуе-десанттық техника бойынша аға офицер-нұсқаушы, майор Нұржан Тантабаев.
Дайындықтың соңғы кезеңі —Капшағай су қоймасына практикалық десант түсіру болады. Онда десантшылар жауынгерлік жағдайға барынша жақын ортада ашық суға секіру кезіндегі іс-қимылдарды пысықтайды.
Парашютпен дайындық «қанатты жаяу әскердің» жауынгерлік машығының негізгі бөлігі болып қала береді, ол әрбір сарбаздың төзімділігін, шапшаңдығы мен өз күшіне деген сенімділігін қалыптастырады.
"Мәтібұлақ" полигонында әскери міндеттілермен жиын өтуде. Іс-шаралар Гвардейск гарнизоны 22326 әскери бөлімінің базасында Алматы, Жамбыл облыстары мен Алматы қаласынан келген әскери міндеттілерге ұйымдастырылды.
Жиынға бұрын мерзімді әскери қызмет өткерген 370-тен астам қазақстандық қатысып жатыр. Іс-шаралар әскери дайындалған ресурстарды дайындауға және жинақтауға, әскери дайындықтан өткен қажетті резервті әзір ұстауға, сондай-ақ қажет болған жағдайда жауынгерлік қолдануға дайындықты қамтамасыз етуге бағытталған.
– Оқу жиыны бір айға созылады. Оқытудағы басты назар практикалық сабақтарға аударылады. Әскери міндеттілер тактикалық, атыс және саптық дайындық дағдыларын жетілдіріп, бөлімшелер құрамында іс-қимылдарды пысықтап, бірыңғай сапта жұмыс істеуді үйренеді, – деп түсіндірді жиын жетекшісі, Гвардейск гарнизонының бастығы полковник Файзулла Досанов.
Барлық қатысушылар бақылау сынақтары мен емтихандардан өтеді. Бағдарламаны өзінің әскери-есептік мамандығы бойынша сәтті меңгерген әскери міндеттілерге кезекті әскери атақ берілетін болады.
– Әскерде борышымды өтегенмін, бірақ уақыт өте келе дағдылар ұмытылады, ал мұндай жиындар машықты қалпына келтіруге және жетілдіруге көмектеседі. Жиынға еш ойланбастан келдім. Отан алдындағы борышым – оны қорғауға дайын болу деп санаймын, – деді жиынға қатысушы Ернар Маутханов.
Жиынға қатысушылар барлық қажетті заттармен қамтамасыз етілген. Әскери бөлімге дейін және кері қайту жолындағы уақытпен қоса, жиын өтетін барлық кезеңде әскери міндеттілердің жұмыс орындары мен атқаратын лауазымдары сақталады. Сонымен қатар, оларға республикалық бюджет есебінен орташа айлық жалақы төленеді.
Қорғаныс министрлігінің бастамасымен қолданыстағы заң нормалары жауынгерлік оқуда жақсы нәтиже көрсеткен мерзімді қызмет сарбаздарына мемлекеттік грант бойынша жоғары білім алуға мүмкіндік береді.
2024 жылдың көктемінде Шымкент қаласынан мерзімді әскери қызметке шақырылған 86 сарбаз еліміздің жоғары білім ордаларында оқуға мемлекеттік білім беру гранттарының иегерлері атанды.
Сондай жандардың бірі қатардағы жауынгер Жанболат Еспен болды. Армияға дейін ол жергілікті әскери басқару органдарының бірінде инспектор болып жұмыс істеді. ЖОО-ға ҰБТ балдарын есепке алмай және жақсы мінездеме арқылы түсу мүмкіндігі туралы білген Жанболат грантқа оқуға түсем, жоғары білім алам деп алдына мақсат қойды.
Қарағанды гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде борышын өтеген ол өзін жақсы жағынан көрсетті, жүктелген міндеттерін адал орындады, жауынгерлік және мемлекеттік-құқықтық даярлық бағдарламасын сәтті игерді. Оның мақсатқа ұмтылысы мен жауапкершілігін командирлері де байқады.
12 ай әскери борышын өтегеннен соң былтыр көктемде әскерге шақырылған үздік әскери қызметшілердің қатарында Жанболат Еспен де мемлекеттік грантқа ие болды. Анасы Сәрсембаева Гүлжаухар оны мақтан тұтады. Қорғаныс істері жөніндегі басқарма бастығының орынбасары майор Ердәулет Темірбаев та жерлесі үшін қуанышты екенін айтты.
– Ол армия тек өмір мектебі ғана емес, сонымен қатар табысты кәсіби мансап құрудың негізі бола алатындығының айқын көрсетті, – деді Е. Темірбаев.
Жанболат Еспен туған жері Шымкентке оралып, құжаттарды рәсімдеп, Мирас университетінде оқуға дайындалып жатыр. Запасқа шығарылғаннан кейін ол қызмет туралы алған әсерін бөлісіп, өзінің грантқа түссем деген арманының қалай орындалғанын айту үшін Абай, Әл-Фараби және Тұран аудандарының өзі істеген қорғаныс істері жөніндегі біріккен басқармасына барды. Жанболаттың бұл ісі Шымкент жастарын саналы таңдау жасауға және қызметті адал атқаруға үлгі боларлық.
Елорданың «Алатау» спорт сарайында Қорғаныс министрлігінің, Бас штабтың және Қарулы күштер құрылымдық бөлімшелерінің әскери қызметшілері арасында жүзуден жарыс өтті. XV Спартакиада аясында ұйымдастырылған жарыстар Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналды. Сайысқа 32 команда құрамында 128 спортшы қатысты.
Төрелік екі топ: Қорғаныс министрлігінің бөлімшелері, Бас штаб және Қарулы күштердің бас бөлімшелері бойынша ұйымдастырылды.
Ерлер арасында 100 метрге жүзуде жеке біріншілік үш жас санаты: 30 жасқа дейін, 40 жасқа дейін және 40 жастан асқандар бойынша өтті. Әйелдер 50 метрге жүзді. Оларда жас ерекшелігіне бөлу болған жоқ. Сонымен қатар, 4х50 метрлік командалық эстафета өтті.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсіміне ҚР Қарулы күштері Бас штаб бастығының бірінші орынбасары генерал-майор Сәкен Жүсіпов пен Қорғаныс министрлігі Спорт комитетінің төрағасы полковник Арман Әбеуов қатысты.
– Жарыс барысында жекелеген спортшылар жүзудің тамаша техникасын көрсетіп, бізді қуантты. Жалпы, дайындық деңгейі жақсы, командалардың бірлігін және олардың жеңіске деген ұмтылысын көрдік, – деп атап өтті генерал-майор С. Жүсіпов.
Чемпионат қорытындысы бойынша бірінші топта Қару-жарақты бақылау және инспекциялауды қамтамасыз ету орталығының командасы жеңіске жетті, екінші орында – Әскери өкілеттіліктер орталығы, үшінші орында – Жедел жоспарлау департаменті.
4х50 метрлік эстафетада орындар былайша бөлінді: Қару-жарақты бақылау және инспекциялауды қамтамасыз ету орталығы, Метрологиялық қамтамасыз ету және стандарттау орталығы, Ақпараттық қамтамасыз ету департаменті.
30 жасқа дейінгі санатта жеке есепте алтынды Әскери-ғарыштық бағдарламалар орталығының атынан қатысқан капитан Ренат Сәкенов олжалады. 40 жасқа дейінгілерде Қару-жарақты бақылау және инспекциялауды қамтамасыз ету орталығының әскери қызметшісі капитан Мұрат Смағұлов ең жақсы уақытты көрсетті. 40 жастан асқан жүзушілер арасында бірінші болып Мемлекеттік құпияларды қорғау департаментінің подполковнигі Әлнұр Қуанғалиев мәреге жетті. Бұл топтағы әйелдер арасында Ақпараттық қамтамасыз ету департаментінің капитан Лариса Адамович үздік деп танылды.
Екінші топта Тыл бастығы басқармасының спортшылары чемпион атанды, екінші орын ҚР Ұлттық қорғаныс университетінің командасына, үшінші орын – Әскери полиция бас басқармасына берілді.
4х50 метрлік эстафетада Тыл бастығы басқармасының командасы жеңіске жетіп, екінші орынды ҚР Ұлттық қорғаныс университеті, үшінші орынды Әскери полиция бас басқармасы иеленді.
30 жасқа дейінгілерде Тыл бастығы басқармасының майоры Мейірбек Атбаев ең жақсы уақытты көрсетті. 40 жасқа дейінгі топта сол бөлімшенің подполковнигі Евгений Ерастов чемпион атанды. 40 жастан асқан санатта бірінші орынды Әскери инфрақұрылым бас басқармасының подполковнигі Илья Моргунов еншіледі. Әйелдер арасында Қару-жарақ бастығы басқармасының подполковнигі Ұлпан Талап үздік нәтиже көрсетті.
Жарыс әскери қызметшілердің командалық рухын нығайтуға ықпал етіп, қарқынды әрі тартысты өтті. Командалар мен сайысқа қатысушылар кубоктармен, грамоталармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Алматыда "Нархоз университеті" КЕАҚ әскери кафедрасы студенттерінің әскери ант қабылдауы салтанатты түрде өтті.
Болашақ запастағы офицерлер мен сержанттарды әскери кафедра бастығы запастағы полковник Тілек Әбдірахманов, Нархоз университеті президентінің кеңесшісі профессор Саможан Өмірзақов, ЖОО кәсіподақ төрағасы Октябрь Тұрсынжанов, Қарулы күштердің ардагері отставкадағы генерал-майор Владимир Тузиков және студенттердің туыстары құттықтауға келді.
ЖОО кафедрасында запастағы офицерлерді даярлау тылдық, құқықтық, қаржылық, құрылыс және жұмылдыру қамтамасыз етуді қамтитын сегіз әскери-есептік мамандық бойынша жүргізіледі. 2021 жылдан бастап азық-түлік, затпен және қосалқы бөлімшелерді пайдалануды қоса, қамтамасыз етудің сегіз бағыты бойынша запастағы сержанттарды даярлау жүзеге асырылуда.
– Әскери кафедрада оқу бізге тәртіпті, командада нақты жұмыс істеуді және бейбітшілікті бағалауды үйретті. Әскери ант қабылдаған біз кез келген уақытта Отанды қорғауға дайын болуды саналы түрде түсіндік, – деді студент Әлібек Жолдасбеков.
Салтанатты ант қабылдау рәсімі студенттерді Қарулы Күштер қатарында қызмет етуге дайындаудың маңызды кезеңі және әскери кафедра жұмысының лайықты қорытындысы болды.
Айта кетейік, 2002 жылдан бері бірінші түлектерден бастап университеттің әскери кафедрасы 4365 офицер мен 1289 запастағы сержанттарды дайындады.