

Маман атанып, әскери дайындықтан өткен резерв қатарына қосыл
Қорғаныс министрлігінің Әскери-техникалық мектебінде оқу Қазақстан азаматтарына әскери-есептік мамандықты меңгеруге, әскери билет алуға және қажет жағдайда келісімшарт бойынша әскери қызметке орналасуға мүмкіндік береді.
Оқуға мерзімді әскери қызметтен түрлі себептермен өтпеген 24 пен 27 жас аралығындағы әскерге шақырылушылар, сол секілді әскери қызметке жарамды немесе денсаулық жағдайына байланысты болмашы шектеулері бар әскери міндетті азаматтар қабылданады.
Жыл сайын даярланатын әскери-техникалық мамандардың саны Қорғаныс министрлігі тарапынан айқындалады. Оқуға кезекке тұру үшін eGov.kz порталы арқылы өтініш беру қажет. «Әскери есеп және қауіпсіздік» бөлімінде «Әскери-техникалық және өзге де мамандықтар бойынша даярлауға жіберу үшін әскерге шақырылушылар мен әскери міндеттілерді кезекке қою» мемлекеттік қызметі орналастырылған.
2026 жылы бір мамандық бойынша даярлау құны 545 мың теңгені құрайды.
Әскери-техникалық мектептерде азаматтар әскери, материалдық-техникалық және әскери қамтамасыз ету бағыттарында мамандықтарды меңгереді. Оқу барысында алған білім мен дағдылар азаматтық экономика секторында да сұранысқа ие. Мұнда логистикалық орталықтардың мамандары, автокөлік пен сауытты техниканы жөндеу шеберлері, автоэлектриктер, аккумуляторшылар, газ және электр дәнекерлеушілер, аспаздар, наубайшылар және басқа да мамандар даярланады. Қарулы күштердің қажеттіліктерін қамтамасыз ету мақсатында пилоттық режимде ұшқышсыз басқарылатын авиациялық құрылғылар операторларын даярлау бағдарламасы іске асырылып жатыр. Таңдаған мамандыққа байланысты оқу мерзімі орта есеппен 40–46 күнді құрайды.
Оқу уақыты кезінде тыңдаушылар әскери киіммен, жатын орынмен және күніне үш мезгіл тамақпен қамтамасыз етіледі. Олардың жұмыс орны мен атқарып отырған лауазымы сақталады. Бұдан бөлек заң жүзінде мұндай қызметкерлерді жұмыс берушінің бастамасымен жұмыстан шығаруға және білім беру ұйымдарынан оқудан шығаруға тыйым салынған. Оларға оқу демалысы да беріледі.
Оқуды аяқтағаннан кейін түлектер Әскери ант береді. Бітірушілерге сертификаттар табысталып, «қатардағы жауынгер» әскери атағы мен әскери билет беріледі. Әскери-техникалық мектепте оқыған азаматтар әскери даярланған резерв құрамына енгізіліп, мерзімді әскери қызметке шақырылмайды.
Әскери-техникалық бейіндегі білім беру ұйымдары Ақтөбе, Алматы, Атырау, Қарағанды, Көкшетау, Қызылорда, Павлодар, Семей, Талдықорған, Тараз, Өскемен, Орал және Шымкент қалаларында жұмыс істейтінін айта кетелік. Оқу легіне қабылдау мерзімдері туралы ақпаратты жергілікті әскери басқару органдарынан және әскери-техникалық мектептерден алуға болады.