Қарулы күштердің әскери қызметшілері өрт кезінде көрсеткен қайсарлығы үшін марапатталды

Қарулы күштердің әскери қызметшілері өрт кезінде көрсеткен қайсарлығы үшін марапатталды

Қарағанды өңірлік гарнизоны әскери полиция басқармасының әскери қызметшілері көпқабатты тұрғын үй пәтерінде орын алған өрттен баланы аман алып шыққаны үшін марапатталды.

ҚР Төтенше жағдайлар министрі генерал-майор Сырым Шәріпханов тұрғын үйде болған өрттен баланың өмірін құтқару кезінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін сержант Жандос Айтқалиды «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» медалімен, ефрейторлар Ізбасар Төлеутай мен Шыңғыс Ерқанатты алғыс хаттармен марапаттады.

Сол күні әскери қызметшілер көпқабатты үйдің жанынан өтіп бара жатып, бірінші қабаттың терезесінен пәтердің түтіндеп, жанып жатқанын байқаған. Сержант Жандос Айтқали сол жерде тұрған әйелдерден пәтерде бала бар екенін естіп, бірден өртке оранған пәтерге кірген. Арғы бөлмеден баланы алып шығып, терезеден әріптестеріне береді. Сол уақытта жеткен өрт сөндірушілер жалынды ауыздықтауға кірісіп кетеді.

Қарағанды өңірлік гарнизоны әскери полиция басқармасының әскери қызметшілері өздерінің бұл әрекетін батырлық деп санамайды. Олар кез келген адам мұндай жағдайда қарап тұрмастан осылай істейтін еді дейді. Әскери қызметшілердің әрекеті жайлы әлеуметтік желі беттеріне шыққанда ғана белгілі болды. Оқиға куәгерлері жігіттерге баланы құтқарғаны үшін алғыс айтты.

«Өтіп бара жатқан әскерилер бей-жай қалмады, олардың бірі ойланбастан үйге кіріп, өрт сөндірушілер келгенше баланы алып шықты. Біз олардың лайықты әрекетін ел-жұрттың білгенін қалаймыз», – деді желі қолданушылары.

www.gov.kz сайтынан