Парижде 17–21 қазан аралығында өтіп жатқан SIAL Paris 2026 халықаралық азық-түлік көрмесінде Майлы дақылдарды қайта өңдеушілердің ұлттық қауымдастығы (МДҚӨҰҚ) өз құрамындағы кәсіпорындармен бірлесіп Қазақстанның ұлттық павильонын таныстырды.
Көрмеде күнбағыс, соя, рапс, зығыр, мақта және мақсары майлары, сондай-ақ ақуызға бай мал азығы өнімдері – шрот пен күнжара ұсынылды. Майлы дақылдарды қайта өңдеу барысында алынатын жанама өнім – күнбағыс қауызы негізінде өндірілетін отын түйіршіктері еуропалық сатып алушылардың ерекше қызығушылығын тудырды. Бұл өнім жаңартылатын отын ретінде пайдаланылады.
Еуропа елдері қазірдің өзінде қазақстандық май өнімдерін тұрақты сатып алушылар қатарында. Қазақстан Еуропалық одаққа күнбағыс шротын жеткізуші жетекші үш елдің қатарына кіреді.
Майлы дақылдарды қайта өңдеушілердің ұлттық қауымдастығының деректеріне сәйкес, соңғы төрт жылда Еуропалық одақ пен Норвегияға өсімдік майларын, шрот пен күнжараны экспорттау көлемі жыл сайын 100 мың тоннадан асып, екі есе өскен. 2025/2026 маркетингтік маусымда жеткізілім көлемі 114 927 тоннаны құрады.
Күнбағыс қауызы негізінде өндірілетін отын түйіршіктерінің экспорты да артып келеді. Қауымдастықтың мәліметінше, Қазақстаннан Еуропалық одақ елдеріне жеткізілетін бұл өнімнің көлемі 2023 жылғы 1 135 тоннадан 2025 жылы 33 418 тоннаға дейін өсіп, 30 есеге артқан. Ал 2025 жылғы экспорттық жеткізілімдердің құны 1,04 млн АҚШ долларына жуықтады.
Қазақстан Республикасының Франциядағы елшісі Гүлсара Арыстанқұлованың ұлттық павильонға келуі Еуропалық одақ нарығының Қазақстан үшін маңыздылығын және отандық май өнімдерін осы нарықта ілгерілетуге мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлінетінін көрсетті. Сапар аясында Майлы дақылдарды қайта өңдеушілердің ұлттық қауымдастығының өкілдері мен Қазақстанның Франциядағы елшілігі өкілдері Еуропалық одақ елдерімен май өндірісі және қайта өңдеу саласындағы ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады.
Қазақстанның SIAL Paris 2026 көрмесіне қатысуы 2026–2028 жылдарға арналған май өнімдерінің экспортын дамыту жөніндегі жол картасын іске асыру аясында жүзеге асырылуда.
Аталған құжатты Майлы дақылдарды қайта өңдеушілердің ұлттық қауымдастығы Халықаралық сауда орталығымен (ITC) бірлесіп, «QazTrade» акционерлік қоғамының ұйымдастырушылық қолдауымен әзірледі. Жұмыс Еуропалық одақ қаржыландыратын «Ready4Trade: Транскаспий көлік дәлізі арқылы өркендеуге жол» жобасы аясында жүргізілді.
Жол картасында 2028 жылға қарай саланың жыл сайынғы экспорттық кірісін 1,5 млрд АҚШ долларына дейін жеткізу және Қазақстанды күнбағыс майын экспорттайтын әлемдегі жетекші төрт елдің қатарына қосу міндеттері көзделген.
Астанада 17-ші халықаралық аграрлық көрме — KazAgroFarm-2026 өз жұмысын бастады. Көрмеге әлемнің 25 елінен 350-ден астам компания қатысуда. ExpoGroup компаниясы ұйымдастырған іс-шара озық технологияларды таныстыруға, тәжірибе алмасуға және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналды.
Көрменің ашылу салтанатына Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов қатысты. Сондай-ақ Ливия мен Чехияның ауыл шаруашылығы министрлері, Иранның ауыл шаруашылығы вице-министрі, Германия, Канада, Нидерланд, Испания және Қытайдан келген халықаралық сарапшылар делегациялары, агробизнес өкілдері мен фермерлік шаруашылықтардың басшылары қатысты.
Ашылуда сөз сөйлеген Азат Сұлтанов Ауыл шаруашылығы министрлігінің және жеке өз атынан жоғары деңгейдегі іс шара үшін ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.
«Бүгінде Астана әлемдік аграрлық қауымдастықтың басын қосатын орталыққа айналды. KazAgroFarm — саланың жетістіктерін таныстыратын жай ғана көрме емес, тәжірибе алмасуға, озық шешімдерді енгізуге және ұзақ мерзімді серіктестік орнатуға мүмкіндік беретін халықаралық алаң. Қатысушы елдер аумағының кеңеюі Қазақстанның аграрлық әлеуетіне деген қызығушылықтың жоғары екенін көрсетіп, халықаралық ынтымақтастықты дамытудың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашады», — деді вице-министр.
Оның айтуынша, басты мақсат-азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, еңбек өнімділігін арттыру және отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін күшейту.
«Біздің стратегиялық мақсатымыз — Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін технологиялық тұрғыдан дамыған, тиімді әрі орнықты салаға айналдыру. Ол үшін өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығына заманауи шешімдерді енгізу, цифрландыруды, автоматтандыруды және дәлме-дәл егіншілікті дамыту, инвестициялық және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту қажет. Көрме жаңа бірлескен жобаларды іске қосуға, өзара тиімді келісімдер жасауға және еліміздің экспорттық әлеуетін нығайтуға ықпал етеді деп сенемін», — деп атап өтті Азат Сұлтанов.
KazAgroFarm-2026 көрмесін өткізу халықаралық іскерлік байланыстарды нығайтуға, инновацияларды ілгерілетуге және Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін орнықты дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашуға ықпал етеді.
Көрме экспозициясы дәстүрлі түрде аграрлық саланың екі негізгі бағытын қамтиды. KazAgro бағыты тұқым мен өсіру технологияларынан бастап, егін жинау және өнімді сақтауға дейінгі өсімдік шаруашылығының толық өндірістік циклін қамтиды. Ал KazFarm бағыты мал шаруашылығына арналған шешімдерді ұсынады.
Олардың қатарында генетика, асыл тұқымды мал өсіру, ет пен сүт өндіру және дайын өнім шығару бағыттары бар.
Көрмеде цифрландыруға, автоматтандыруға, жасанды интеллектке, роботтандыруға және дәлме-дәл егіншілік технологияларына ерекше назар аударылады.
Қатысушылар ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарының жаңа үлгілерін, сондай-ақ өздерінің технологиялық әзірлемелерін таныстырады.
Көрменің басты оқиғаларының бірі — қазақтың ақбас сиыр тұқымының 75 жылдығына арналған «Ақбас» қазақтың ақбас сиыр тұқымы күні. Сонымен қатар агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың өзекті мәселелеріне арналған панельдік сессиялар, семинарлар, конференциялар және кәсіби кездесулер өткізу жоспарланған.
Қазақстандық фермерлер үшін көрме шаруашылықтарды дамытуға арналған заманауи шешімдермен танысуға, өндірушілермен және сарапшылармен тікелей байланыс орнатуға, жаңа технологияларды зерделеуге әрі әлеуетті серіктестер табуға мүмкіндік береді.
Қазақстанда отандық бағбандықты дамыту, жеміс-жидек өнімдерін өндіру көлемін арттыру және елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайту бағытындағы жұмыстар жүйелі жүргізіліп келеді. Бұл ретте алма бақтарының аумағын ұлғайтуға, өнімді сақтау мен өңдеу инфрақұрылымын жетілдіруге, сондай-ақ қазақ бағбандығының мақтанышына айналған әйгілі «Апорт» алмасын қайта түлетуге басымдық берілуде.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, былтыр еліміздегі алма бақтарының жалпы аумағы 26,2 мың гектарға жетті. Жыл соңында 205,2 мың тонна алма жиналып, әр гектардан алынған орташа өнімділік 83,9 центнерді құрады. Алма бақтарының басым бөлігі Түркістан облысында – 13,4 мың гектар, Алматы облысында – 6,3 мың гектар, Жетісу облысында – 3 мың гектар және Жамбыл облысында 1,4 мың гектар аумақты алып жатыр.
Қазіргі таңда ішкі нарықтағы алмаға деген сұраныстың 74%-ы отандық өндіріс есебінен қамтамасыз етіледі. Алдағы уақытта өндіріс көлемін арттырып, саланың тиімділігін көтеру импортқа тәуелділікті азайтуға және халықты жергілікті өніммен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге қолдау көрсету мақсатында мемлекет бірқатар субсидиялау шараларын жүзеге асыруда. Минералдық тыңайтқыштар мен пестицидтер сатып алуға жұмсалған шығындардың 60%-ға дейінгі, көшет сатып алу шығындарының 50%-ға дейінгі, ал суару суына жұмсалған шығындардың 85%-ға дейінгі бөлігі өтеледі.
Сондай-ақ инвестициялық субсидиялау аясында ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу шығындарының 30%-ға дейінгі, суару жүйелерін салу және кеңейту шығындарының 80%-ға дейінгі бөлігі мемлекет тарапынан өтеледі. Ал кемінде 5 гектар аумаққа қарқынды алма бағын отырғызуға жұмсалған инвестициялық шығындардың 40%-ына дейінгі мөлшерде субсидия беріледі. Бұдан бөлек, сыйымдылығы 1 000 тоннадан асатын жеміс сақтау қоймаларын салу және кеңейту шығындарының 40%-ға дейінгі бөлігі өтеледі.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қазақ бағбандығының тарихында айрықша орны бар «Апорт» алма сортын қайта түлету жұмыстары да жалғасып келеді. Сапалы көшет өсіру, аналық ағаштарды сақтау және осы сорт егілетін бақтардың аумағын кеңейту міндеттерін «Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» серіктестігінің Талғар өңірлік филиалы жүзеге асыруда.
Өткен жылы мамандар 2 080 көшет өсіріп, 10 гектар жерге «Апорт» алма бағын отырғызды. Ал биылғы жылы көшет өсіру, аналық ағаштарды күтіп-баптау, жаңадан отырғызылған бақтардың жай-күйін агротехникалық талаптарға сай ұстау және алдағы жылдарға қажетті отырғызу материалын дайындау бағытында кешенді жұмыстар жүргізілді.
Аталған шаралар сапалы көшеттердің қорын молайтуға, «Апорт» сорты егілетін алқаптарды кезең-кезеңімен кеңейтуге және осы бірегей сорттың өндірістік әлеуетін қалпына келтіруге бағытталған.
Бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында алдағы уақытта бірнеше негізгі бағыт бойынша жұмыстар жүргізу жоспарланып отыр. Олардың қатарында «Апорт» сортының сапалы көшеттерін көбейту және өндіріс көлемін біртіндеп арттыру, аналық және қалемше алынатын бақтарды сақтау мен дамыту, оларды агротехникалық талаптарға сай күтіп-баптау бар.
Сонымен бірге Сиверс алмасының тұқымынан телітуші көшеттер өсіру, көшет өндіруге қажетті телітуші материал қорын қалыптастыру, ағаштарды телу мен көзшелеп ұластыру әдістерін жетілдіру, біржылдық стандартты көшеттер өсіру технологияларын дамыту көзделген. Бұған қоса, көшет питомниктерінің материалдық-техникалық базасын нығайту, «Апорт» сортын өсіруге ниетті фермерлерді сапалы отырғызу материалымен қамтамасыз ету және көшет өндірудің ғылыми негіздерін жетілдіру жұмыстары жалғасады.
Алма шаруашылығының өркендеуі өнімді терең өңдеу саласының дамуына да серпін беріп отыр. 2025 жылы Қазақстанда 19,6 млн литр алма шырыны өндірілді. Ал 2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында бұл көрсеткіш 12,6 млн литрді құрады.
Жалпы, елімізде алма шаруашылығын дамыту көшет өсіруден бастап, бақ отырғызу, өнім жинау, сақтау және өңдеуге дейінгі өндірістің барлық кезеңін қамтиды. Мемлекеттік қолдау шаралары, заманауи технологияларды енгізу және бағалы генетикалық қорды сақтау отандық бағбандықтың әлеуетін арттырып, саланың тұрақты дамуына жол ашады.
Ал әйгілі «Апорт» сортын қайта түлету – тек ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға бағытталған бастама ғана емес, ұлттық мұраны сақтаудың да маңызды бөлігі. Ғылыми зерттеулер мен заманауи агротехнологияларды бағбандықтың бай дәстүрімен ұштастыру арқылы Қазақстанның даңқын асырған осы бірегей алманың өсірілу аясын кеңейтіп, келер ұрпаққа аманат етуге жол ашылмақ.
Құны 4 млрд доллар болатын алты инвестициялық жоба, жаңа өндірістік қуаттар және 3,6 млрд долларлық өңделген өнім экспорты. Қазақстан агроөнеркәсіп кешенін дамытудың жаңа моделін қалыптастырып келеді. Бұл модельде экономикалық өсімнің басты көзі шикізат емес, қосылған құны жоғары өнім өндіру болмақ.
Қазақстан ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеу көлемін ұлғайтып, ішкі нарықта ғана емес, халықаралық өндірістік тізбектерде де сұранысқа ие өнімдер шығаруға басымдық беріп отыр. Негізгі назар астықты терең өңдеуге, май-тоңмай, ет және сүт өнеркәсібін дамытуға, кәсіпорындарды жаңғыртуға әрі дайын өнім экспортын арттыруға бағытталған.
Аграрлық әлеуеті қалыптасқан ел үшін бұл өнеркәсіптік өсімге қол жеткізу ғана емес, экономикалық тиімділікті арттырудың да маңызды тетігі. Астық, майлы дақылдар, ет пен сүтті ондаған түрлі өнім өндіруге қажетті шикізат ретінде пайдалануға болады. Олардың қатарында тағамдық ингредиенттерден бастап өнеркәсіптік компоненттерге дейін бар. Ауыл шаруашылығы өнімі ел ішінде неғұрлым терең өңделсе, қосылған құнды арттыруға, өткізу нарықтарын кеңейтуге және аралас өндіріс салаларын дамытуға соғұрлым мол мүмкіндік туады.
Өңдеу өнеркәсібін дамыту Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған басым бағыттардың қатарына кіреді. «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауда бұл бағыттың маңызына айрықша назар аударылған.
Өңдеу қарқыны артып келеді: шикізаттық әлеуеттен дайын өнім өндіруге дейін
Соңғы жылдары Қазақстанда өңдеуге жіберілетін ауыл шаруашылығы шикізатының үлесі артты. 2023-2025 жылдары ет, сүт, майлы дақылдар, жүгері, күріш және қарақұмық сияқты негізгі өнім түрлерін өңдеу көрсеткіші 35%-дан 64%-ға дейін өсті. 2026 жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 70%-ға жеткізу міндеті қойылған.
Осы мақсатқа жету үшін мемлекет қаржылық және инвестициялық қолдау тетіктерін қарастырған. Кәсіпорындарға жеңілдетілген қаржыландыру, инвестициялық субсидиялар, салықтық жеңілдіктер және отандық шикізатты сатып алуды ынталандыру шаралары қолжетімді.
2024-2026 жылдары өңдеу кәсіпорындарының айналым қаражатын қаржыландыруға шамамен 230 млрд теңге бағытталды. Саланы дамытудың тағы бір тетігі Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін өзге өңірлерге тарату бағдарламасы. Осы бағдарлама аясында ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге арналған жалпы құны 42,3 млрд теңге болатын 39 инвестициялық жоба қаржыландырылды.
Алайда өңдеу көлемін ұлғайту үшін қаржылық қолдаудың өзі жеткіліксіз. Неғұрлым күрделі әрі сұранысқа ие өнім шығаратын жаңа өндіріс орындарын іске қосу қажет. Бұл ретте болашағы зор бағыттардың бірі астықты терең өңдеу. Қазақстан алдағы жылдары осы саладағы өндірістік қуаттарды едәуір арттыруды көздеп отыр.
4 млрд долларлық алты жоба: астық өңдеу саласында не өзгереді?
Астық Қазақстанның агроөнеркәсіп кешеніндегі негізгі ресурстардың бірі. Алайда оны өнеркәсіпте пайдалану дәстүрлі азық-түлік өндірісімен шектелмейді. Заманауи технологиялар астық шикізатынан крахмал, глютен, шәрбаттар, биоэтанол, аминқышқылдары және мал азығына арналған компоненттер өндіруге мүмкіндік береді.
Қазір Қазақстанда жыл сайын шамамен 510 мың тонна астық терең өңдеуге жіберіледі. Елде крахмал өнімдерін, глютен мен биоэтанол өндіретін үш мамандандырылған кәсіпорын жұмыс істейді. 2025 жылы шамамен 152 мың тонна крахмал өнімі өндірілсе, 2026 жылдың қаңтар–тамыз айларында бұл көрсеткіш 97,9 мың тоннаны құрады.
Түркістан, Жамбыл, Қостанай және Ақмола облыстарында, сондай-ақ Астана қаласында крахмал, глютен, шәрбаттар, биоэтанол және терең өңдеу арқылы алынатын өзге де өнімдерді өндіруге бағытталған алты жоба жүзеге асырылуда. Олардың жалпы құны — 4 млрд доллар.
Жаңа кәсіпорындар крахмал, глютен, шәрбаттар, биоэтанол, мал азығына арналған компоненттер және қосылған құны жоғары басқа да өнімдер шығарады. Кейбір жобалар іске асырудың практикалық кезеңіне өтіп үлгерді. Атап айтқанда, «Қазкрахмал» кәсіпорны пайдалануға берілді, ал Fufeng жобасы аясында алғашқы өнім алынды.
Жоспарланған өндірістік қуаттардың ауқымы отандық астықты тиімді пайдалану мүмкіндіктерін едәуір кеңейтеді. Қазақстан негізінен шикізат сатумен шектелмей, тамақ өнеркәсібіне және басқа да салаларға қажетті ингредиенттер мен компоненттер өндірісін ұлғайта алады.
Дегенмен, мұнда инвестиция көлемінің өзі ғана шешуші рөл атқармайды. Жаңа өндірістік кешендердің тиімді жұмыс істеуі үшін тұрақты шикізат жеткізілімі, сенімді энергиямен жабдықтау, су ресурстарына қолжетімділік, көлік инфрақұрылымы және өткізу нарықтары қажет. Өндірістік желілер толық жүктелмесе немесе өнімнің өзіндік құны бәсекеге қабілетті болмаса, ірі жобалардың өзі күтілген экономикалық нәтиже бермеуі мүмкін.
Май, ет және сүт өнеркәсібі: өсімге өңдеу арқылы қол жеткізу
Саланы дамыту астық өндірісімен ғана шектелмейді. Қазақстанда жалпы жылдық қуаты 4,5 млн тоннадан асатын шикізатты өңдеуге қауқарлы май-тоңмай өнеркәсібінің шамамен 90 кәсіпорны жұмыс істейді. Елде өсірілген күнбағыстың 90%-дан астамы ішкі нарықта өңделеді.
Ендігі міндет өнім түрлерін көбейтіп, терең өңдеу арқылы алынатын тауарлар өндірісін ұлғайту. Өсімдік майымен қатар, мамандандырылған майлар, тағамдық ингредиенттер және отандық кәсіпорындар мен шетелдік тұтынушылар сұранысқа ие басқа да компоненттер өндіру маңызды.
Ет және сүт өнеркәсібінде шамамен 210 ет өңдеу және 180 сүт өңдеу кәсіпорны жұмыс істейді. Олар шұжық өнімдерін, ет консервілерін, жартылай фабрикаттарды, қышқыл сүт өнімдерін және басқа да дайын тауарларды шығарады. 2025 жылы ет консервілерінің өндірісі 48,3%-ға өсті.
Сонымен қатар жүн мен жеміс-көкөніс өнімдерін өңдеуде, сондай-ақ құрама жем өндіруде қосымша мүмкіндіктер бар. Бұл бағыттарды дамыту ауыл шаруашылығы шикізатын тиімдірек пайдалануға және қазақстандық өнімдердің түр-түрін көбейтуге жол ашады.
Фермерлер үшін бұл өнім өткізудің қосымша арналары мен шикізатқа деген сұраныстың тұрақтануына мүмкіндік. Өңірлер үшін — инвестиция, жаңа жұмыс орындары және ілеспе инфрақұрылымның дамуы. Алайда түпкілікті нәтиже бүкіл өндірістік тізбектің қаншалықты үйлесімді жұмыс істейтініне байланысты. Яғни ауыл шаруашылығы өндірушілері, өңдеу кәсіпорындары, тасымалдаушылар мен сауда компаниялары өзара тиімді байланыс орнатуы қажет.
Агроөнеркәсіп өнімдерінің экспорты 7 млрд долларға жетті
Өңдеу көлемінің артуы сыртқы сауда көрсеткіштерінен де байқалады. Қазақстанның аграрлық экспортындағы өңделген өнімнің үлесі жыл сайын ұлғайып келеді. 2024 жылы оның үлесі 52%-ға жетіп, экспорт көлемі 2,66 млрд долларды құрады.
2025 жылдың қорытындысы бойынша өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 3,6 млрд долларға дейін өсіп, бір жылда 35,3%-ға артты. Оның аграрлық экспорттағы үлесі 52% деңгейінде сақталды. Ал 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 70%-ға жеткізу міндеті қойылған.
Қазақстан үшін бұл өндіріс барысында көбірек технологиялық кезеңдерден өткен тауарлар арқылы сыртқы нарықтардағы орнын нығайтуға мүмкіндік. Сонымен қатар өңдеу саласын дамыту жекелеген өндіріс бағыттарының импорттық ингредиенттер мен жартылай фабрикаттарға тәуелділігін төмендетуге ықпал етуі мүмкін.
Алайда өндіріс көлемінің өсуі экспорттың автоматты түрде ұлғаюына кепілдік бермейді. Жаңа нарықтарға шығу үшін кәсіпорындар өнім сапасының тұрақтылығын қамтамасыз етіп, қауіпсіздік пен сертификаттау талаптарына сай болуы, бәсекеге қабілетті баға ұсынуы және тауарды үздіксіз жеткізе алуы керек. Бұған қоса, сатып алушылармен ұзақ мерзімді келісімшарттар жасасу және экспорттық бағыттарды әртараптандыру маңызды.
Сондықтан өндірістік қуаттарды арттырумен қатар, қазақстандық өнімдерді шетелде ілгерілетуге және тұрақты сұраныс қалыптастыруға бағытталған жұмыстарды да күшейту қажет.
2030 жылға қарай аграрлық өндірістің құрылымы күрделене түседі
Алдағы жылдары Қазақстан бір-бірімен тығыз байланысты бірнеше міндетті шешуі керек. 2026 жылдың соңына дейін ауыл шаруашылығы шикізатының негізгі түрлерін өңдеу үлесін арттыру жоспарланған. 2029 жылға дейін жыл сайын шамамен 5,8 млн тонна шикізатты терең өңдейтін өндірістік қуаттар құрылуға тиіс. Ал 2030 жылға қарай аграрлық экспорттағы өңделген өнімнің үлесін 70%-ға жеткізу көзделіп отыр.
Бұл межелерге жету үшін жаңа өндіріс орындарын іске қосумен шектелуге болмайды. Оларды тұрақты шикізатпен қамтамасыз ету, инфрақұрылымды дамыту, қолданыстағы кәсіпорындарды жаңғырту және өткізу нарықтарын кеңейту қажет.
Терең өңдеу Қазақстанға өзінің ауыл шаруашылығы әлеуетін тиімді пайдалануға және қосылған құны жоғары өнім өндірісін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Дегенмен, нақты нәтиже инвестициялық жобалардың қаншалықты жүзеге асатынына, кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігіне және тұрақты сұраныстың болуына байланысты.
Осылайша, өңдеу өнеркәсібін дамыту Қазақстан экономикасын әртараптандырудың маңызды бағыттарының біріне айналып келеді. Астықты терең өңдеуге арналған алты ірі жоба, қолданыстағы өндірістердің кеңеюі және экспорт көлемінің артуы аграрлық секторда дайын өнім үлесін ұлғайтуға негіз қалайды.
Ал бұл өзгерістердің экономикалық тиімділігі қаншалықты жоғары болатынын нақты өндіріс көлемі, жаңа қуаттардың жүктелу деңгейі және қазақстандық кәсіпорындардың ішкі әрі халықаралық нарықтарда бәсекеге қабілетті болуы айқындайды.
Жерсеріктер пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтауға көмектессе, цифрлық платформалар мемлекеттік қолдау шараларын алуды жеңілдетеді, ал жасанды интеллект өндірісті дәлірек жоспарлауға мүмкіндік береді. Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені цифрлық трансформацияның жаңа кезеңіне қадам басуда. Енді деректер жер ресурстарын басқарудың, өндірістік үдерістерді бақылаудың және саланың тиімділігін арттырудың негізгі тетігіне айналып келеді.
Ауа райына, топырақтың жай-күйіне және су ресурстарының қолжетімділігіне тәуелді ауыл шаруашылығы үшін уақтылы әрі сенімді ақпараттың маңызы зор. Ол ықтимал тәуекелдерді ертерек анықтауға, ресурстарды ұтымды бөлуге және мемлекеттік қолдау шараларының нәтижелілігін бағалауға мүмкіндік береді. Ендігі міндет — жекелеген цифрлық шешімдерді мемлекетке де, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге де нақты пайда әкелетін бірыңғай жүйеге біріктіру.
Электронды формат - фермерлер үшін зор мүмкіндік
Цифрландырудың ең маңызды бағыттарының бірі — мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа көшіру. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Таласбек Қанафиннің айтуынша, ведомство көрсететін 80 мемлекеттік қызметтің 75-і, яғни 94 пайызы онлайн қолжетімді.
Gosagro.kz платформасы арқылы мемлекеттік қолдау шараларының 20 бағыты бойынша өтінім беруге болады. Қазіргі уақытта платформада 200 мың пайдаланушы тіркелген. Цифрлық платформаға көшу ауыл шаруашылығы өндірушілеріне 1 миллиард теңгеден астам қаражат үнемдеуге мүмкіндік берген.
Электрондық кезек, күту тізімдері және мәліметтерді автоматты түрде тексеру рәсімдердің ашықтығын арттырады. Дегенмен мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа көшіру бюрократияны өздігінен толық жоя алмайды. Егер фермер мемлекеттік дерекқорларда бұрыннан бар құжаттарды қайта тапсыруға мәжбүр болса, әкімшілік жүктеме азаймайды.
Сондықтан келесі кезеңде ақпараттық жүйелерді өзара ықпалдастырып, олардың арасында деректердің автоматты алмасуын қамтамасыз ету қажет. Бұл артық қағазбастылықты қысқартып, өтінімдерді қарау мерзімін жеделдетуге және мемлекеттік қолдау көрсету кезінде негізді шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде шаруалар өндірісті дамытуға көбірек уақыт бөле алады, ал мемлекет бөлінген қаражаттың тиімділігін бағалаудың қосымша тетіктеріне ие болады.
Жерсеріктер жер ресурстарының пайдаланылуын бақылауға көмектеседі
Жер ресурстары — ауыл шаруашылығының негізгі байлықтарының бірі. Цифрлық мониторинг жердің пайдаланылуын бақылауды жетілдіруге және ерекше назар аударуды қажет ететін учаскелерді жедел анықтауға мүмкіндік береді.
2026 жылы JerInSpectr жүйесі арқылы жерлерді қашықтан мониторингтеу аясында жалпы ауданы 8,3 миллион гектарды құрайтын 18 мыңнан астам карточка қалыптастырылған. Оның ішінде 9 132-сі жайылымдық алқаптарға, ал 8 951-і егістік жерлерге қатысты. Мониторинг 17 облыстағы 188 ауданды қамтыған.
Жерсеріктік суреттер әрбір учаскеге барып тексеру жүргізбей-ақ, ауқымды аумақтарды талдауға мүмкіндік береді. Бұл ықтимал проблемаларды анықтап, бақылау іс-шараларын ең қажет жерлерге бағыттауға көмектеседі.
Сонымен қатар қашықтан мониторинг жүргізу жерді толыққанды тексерудің орнын баспайды. Жердің пайдаланылуын бағалау кезінде маусымдық ерекшеліктерді, жауын-шашын мөлшерін, топырақтың жай-күйін және шаруашылық жүргізу ерекшеліктерін ескеру қажет. Цифрлық деректер шешім қабылдаудың жалғыз өлшемі емес, қосымша талдау жүргізуге негіз болуы тиіс.
Алдағы уақытта мұндай құралдар жер ресурстарын жүйелі басқаруға және ауыл шаруашылығы алқаптарының нақты қалай пайдаланылып жатқанын дәлірек бағалауға мүмкіндік береді.
Мал есебінен өнімнің қадағалануына дейін
Мал шаруашылығында цифрландыру мал басын есепке алуға, жануарлардың орын ауыстыруын бақылауға және ветеринариялық қызмет көрсетуді жетілдіруге көмектеседі. Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендірудің ақпараттық жүйесінде ірі және ұсақ малдың, сондай-ақ жылқының жалпы саны шамамен 39,6 миллион басқа жеткен.
Бұл инфрақұрылымды TortTulik мобильді қосымшасы мен ветеринария мамандарына арналған, әзірленіп жатқан жасанды интеллект негізіндегі көмекші толықтырады. Балық шаруашылығында eFish жүйесі қолданылады. Ал өсімдік шаруашылығында өнімнің қадағалануын қамтамасыз ететін ИСПР ақпараттық жүйесі әзірленіп жатыр. Жобаны аяқтау 2027 жылдың соңына жоспарланған.
Аталған шешімдер есепке алу деректерінің нақтылығын арттыруға және өндірістік үдерістердің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған. Болашақта өнімнің бүкіл өндірістік тізбек бойындағы қозғалысын қадағалау мүмкіндігі қазақстандық тауарлардың сыртқы нарықтардағы бәсекелік артықшылықтарының біріне айналуы ықтимал. Өйткені халықаралық нарықтарда өнімнің шығу тегін растау және қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін дәлелдеу барған сайын маңызды болып келеді.
Смарт-фермалар: технология нақты нәтиже беруі керек
Цифрлық трансформация мемлекеттік платформалар деңгейінде ғана емес, тікелей шаруашылықтардың өзінде де жүзеге асып жатыр. Топырақ ылғалдылығын өлшейтін датчиктер, метеостанциялар, ұшқышсыз ұшу аппараттары мен жерсеріктік суреттер егістіктің жай-күйін бағалауға, тәуекелдерді анықтауға және агротехникалық жұмыстарды түзетуге мүмкіндік береді.
Дәлме-дәл егіншілік әрбір учаскенің ерекшелігін ескеріп, су, тыңайтқыштар мен өсімдіктерді қорғау құралдарын ұтымды пайдалануға жол ашады. Мал шаруашылығында роботтандырылған сүт-тауарлы фермалар мен мониторинг жүйелері бірқатар өндірістік операцияны автоматтандырып, жануарлардың жай-күйін бақылауға көмектеседі. Ал жасанды интеллект өндірісті жоспарлаудың жаңа мүмкіндіктерін ашады.
Сонымен бірге мұндай технологияларды енгізу инвестицияны, техникалық қызмет көрсетуді, тұрақты байланыс инфрақұрылымын және білікті мамандарды қажет етеді. Вице-министрдің айтуынша, саланың өкілдері бұл қажеттілікті жақсы түсінеді. Қазіргі заманғы технологиялық шешімдерді ірі агрохолдингтер ғана емес, шағын шаруашылықтар да кеңінен қолдана бастаған.
Digital Agro Platform: деректерді бір жүйеге біріктіру
Цифрландырудың келесі кезеңі Digital Agro Platform платформасын және Smart Data Agro талдамалық деректер қоймасын дамытуға байланысты. Олардың негізгі мақсаты — мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі мәліметтерді біріктіріп, агроөнеркәсіптік кешенді кешенді түрде талдауға негіз қалыптастыру.
Жер ресурстары, мал шаруашылығы, мемлекеттік қолдау және өндірістік қызмет туралы мәліметтерді өзара салыстыру сәйкессіздіктерді анықтауға, ауыл шаруашылығы өндірушілерінің қажеттіліктерін дәлірек бағалауға және мемлекеттік саясатты жетілдіруге мүмкіндік береді.
«Агроөнеркәсіптік кешенді цифрлық трансформациялау дегеніміз — саланы деректерге сүйене отырып басқару жүйесіне көшу. Мұнда технологиялар неғұрлым негізделген шешімдер қабылдауға, ресурстарды тиімді пайдалануға және ауыл шаруашылығының тұрақтылығын арттыруға көмектеседі. Ең бастысы, цифрлық шешімдер мемлекетке де, әрбір ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге де нақты пайда әкеліп, еліміздің аграрлық секторының дамуы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етуі керек», — деді Таласбек Қанафин.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің қызметкерлері мемлекеттік қызметшілер арасында өткен республикалық Government Chess Cup 2026 шахмат турнирінде жүлделі орындарға ие болды.
Сайысқа еліміздің өңірлерінен іріктеу кезеңдерінен сүрінбей өтіп, өңірлік жарыстарда жеңімпаз атанған 20 команда, жалпы саны 80 адам қатысты.
Командалық есепте Астана қаласының мемлекеттік қызметшілер құрамасы бірінші орынға ие болды. Оның құрамында министрліктің Персоналды дамыту департаменті басқармасының басшысы Арман Абданбеков те бар.
Арман Абданбеков жекелей сайыста да топ жарып, жүлделі орынға шықты. Ол бірінші тақтада ойнаған тоғыз партияның сегіз жарым ұпайын жинап, алтын медаль жеңіп алды.
Сондай-ақ ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Ақмола облысы Астрахан аудандық аумақтық инспекциясының өсімдіктерді қорғау және карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторы, бас маман Гүлжан Қайбогорова да жеңіс тұғырынан көрінді.
Ақмола облысының құрамасы сапында әйелдер тақтасында өнер көрсеткен бас маман тоғыз партияның барлығында жеңіске жетіп, мүмкін болған тоғыз ұпайдың тоғызын да жинады. Осылайша, жекелеген сайыста бірінші орынды иеленді.
Жеңімпаздарды құттықтаймыз! Алдағы уақытта да толағай табыстар мен жаңа жеңістер тілейміз!
Солтүстік Қазақстан облысының Аққайың ауданында жалпы ауданы 1,9 мың гектар болатын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жайылымдық жерлердің пайдаланылмай жатқаны анықталды. Бұл Заң Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің Жер ресурстарын басқару департаменті жүргізген тексеру нәтижесінде белгілі болды.
Еліміздің жер заңнамасына сәйкес, шаруа немесе фермер қожалығын жүргізу не ауыл шаруашылығы өндірісін жүзеге асыру үшін берілген жер телімдері пайдаланылмай жатқаны анықталған күннен бастап бір жыл ішінде нысаналы мақсатына сай пайдаланылмаса, заңда белгіленген тәртіппен мәжбүрлеп алып қоюға жатады.
Анықталған заң бұзушылықты жою және заңдылықты қалпына келтіру мақсатында департамент Солтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына жер учаскесін мәжбүрлеп алып қою туралы талап арыз берді.
Сот департаменттің талап арызын толықтай қанағаттандырды. Нәтижесінде жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды.
Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жалғасуда.
Қазақстандық ғалымдар алма ағаштарын бактериялық күйіктен қорғауға арналған отандық «Лактин АС» және «Плантарин АС» биологиялық препараттарын өндірістік жағдайда сынақтан өткізді.
Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарындағы жалпы аумағы 500 гектарға дейінгі алма бақтарында жүргізілген сынақтар қорғау құралдарының тиімділігін көрсетті. Алма ағаштарын кешенді қорғау жүйесінің тиімділігі өндірістік жағдайда 92 пайызға, ал шағын учаскелерде жүргізілген тәжірибелерде 95 пайызға дейін жетті.
Биологиялық құралдарды Ж. Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары Микробиология және вирусология институтының мамандарымен бірлесіп, сүт қышқылды бактериялар негізінде әзірледі. Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының мамандары препараттарды өндірістік жағдайда сынақтан өткізіп, оларды қолдану тәсілдерін жетілдірді. Сондай-ақ шаруашылықтарда жүргізілген тәжірибелер арқылы алма бақтарын қорғау жүйесінің тиімділігін бағалады.
Сынақ нәтижелері бойынша Түркістан облысында алма ағаштарын аурудан қорғау тиімділігі 90-92 пайызға жетіп, өнімділік әр гектардан 2 тоннадан астам артты. Алматы облысында бактериялық күйікке бейім «Апорт» сорты бойынша қорғау тиімділігі 84 пайызға дейін жетті. Бұл өңірде өнімділік әр гектардан 1,5-2 тоннаға артты.
«Апорт» сортына жүргізілген жекелеген зерттеулер де оң нәтиже көрсетті. Биологиялық препараттарды екі рет қолданғаннан кейін бактериялық күйіктің таралуы мен даму деңгейі шамамен сегіз есе төмендеген.
Жаңа әзірлеменің маңызды тұстарының бірі – бактериялық күйікке бейім тарихи «Алматы апорты» сортын сақтауға үлес қосу мүмкіндігі. Отандық биологиялық препараттар алма ағаштарын қорғаудың жеке құралы ретінде ғана емес, биологиялық әдістер мен өзге де фитосанитариялық шараларды ұштастыратын кешенді қорғау жүйесінің құрамдас бөлігі ретінде қолданылады.
Сынақ нәтижелері отандық ғалымдар әзірлеген биологиялық препараттардың жеміс ағаштарын қорғаудағы әлеуетін көрсетті. Бұл жұмыс Қазақстанда өсімдіктерді биологиялық жолмен қорғау технологияларын дамытуға және отандық ғылыми әзірлемелерді ауыл шаруашылығы өндірісіне кеңінен енгізуге мүмкіндік береді.
Биылғы өнімнің 135 мың тоннасы «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» акционерлік қоғамының мемлекеттік қорына жеткізілді. Бұл – 2026 жылғы ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алу бағдарламасы бойынша келісілген астық көлемінің үштен біріне жуығы.
Астықтың басым бөлігі Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарынан жеткізілді.
Нақтырақ айтқанда, 19 қазандағы мәліметке сәйкес, Қостанай облысының шаруалары 75 мың тонна, Солтүстік Қазақстан облысының диқандары 42,9 мың тонна, ал Ақмола облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері 10,8 мың тонна астық өткізген.
Мемлекеттік қорға тапсырылған астықтың 89 пайызы – үшінші сұрыпты бидай. Бұдан бөлек, шаруалар төртінші және бесінші сұрыпты бидай мен арпа да жеткізіп жатыр.
Биыл ұлттық астық операторы ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алуға 31,9 млрд теңге бөлді. Бағдарламаның басты мақсаты – шаруаларға көктемгі егіс жұмыстарына қажетті қаражатты алдын ала беріп, күзгі өнімінің бір бөлігін өткізуге мүмкіндік жасау. Қаржылай қолдау алған шаруашылықтар күзде келісімшартта көзделген көлемде астық және майлы дақылдар жеткізеді.
Қыркүйек айының соңында Үкімет биылғы жылғы астықты сатып алу бағасын бекітті. Келісімшарт талаптарына сәйкес, бидай мен арпаны мемлекеттік қорға жеткізу 2026 жылғы 1 қарашаға дейін аяқталуы керек.
Форвардтық келісімшарттар аясында сатып алынған астық мемлекеттік резервті толықтыруға және жемшөп қорын қалыптастыруға жұмсалады. Бұл елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және ауыл шаруашылығы салаларының шикізатқа деген сұранысын өтеуге мүмкіндік береді.
«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» акционерлік қоғамы басқарушы директоры Сағат Төлеудің айтуынша, астық қорын қалыптастыру кезінде ұн тарту кәсіпорындарының, мал шаруашылығы ұйымдары мен құс фабрикаларының қажеттілігі ескеріледі.
«Мемлекеттік астық қоры агроөнеркәсіптік кешеннің әртүрлі салаларындағы кәсіпорындарды қажетті шикізатпен қамтамасыз етуге арналған. Ұн тарту кәсіпорындарына азық-түлікке жарамды бидай қажет болса, мал шаруашылығы мен құс фабрикаларына жемшөптік астық керек. Сондықтан форвардтық бағдарлама аясында жеткізілетін астық көлемі осы қажеттіліктерге сай болуы маңызды. Қорды сапалы бидаймен толықтырумен қатар, жемшөптік астықтың да жеткілікті көлемде түсуіне назар аударамыз. Шаруалар келісімшартта көрсетілген міндеттемелерін орындап, өнімді белгіленген мерзімде әрі талапқа сай сапада жеткізеді деп сенеміз», – деді Сағат Төлеу.
Азық-түлік келісімшарт корпорациясы 2022 жылдан бері ішкі нарықты қолжетімді жемшөппен қамтамасыз ету үшін арнайы қор қалыптастырып келеді. Осы қор арқылы мал шаруашылығы кәсіпорындары мен құс фабрикалары қажетті шикізатты белгіленген бағамен сатып алады. Бұл мал мен құс өсіруге, ет өндіруге және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзіндік құнын төмендетуге ықпал етеді.
Ақмола облысындағы «Ақкөл Құс» құс фабрикасының жылдық өндірістік қуаты 90 млн жұмыртқадан 200 млн данаға дейін ұлғайтылмақ.
Бұл жөнінде өңірге жұмыс сапарымен барған Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалиннің кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен танысуы барысында мәлім болды. Кәсіпорынның қуатын күшейту мақсатындағы жоба барысында жаңа өндірістік корпустар салынып, инфрақұрылым жаңғыртылатын болады.
«Ақкөл Құс» құс фабрикасы 2014 жылдан бері жұмыс істейді, негізінен тағамдық тауық жұмыртқасын өндіруге маманданған. Қазіргі уақытта фабрикада жұмыртқалайтын тауықтарға арналған алты корпус, жас құстарды өсіруге арналған екі корпус, жеке жем цехы және жұмыртқаны сұрыптау жабдықтарымен қамтамасыз етілген қойма бар. Құс саны 300 мың бастан асады. Жыл басынан бері 48 млн дана жұмыртқа өндірілген.
Кәсіпорын өнімдері Ақмола және Түркістан облыстарына, Астана мен Көкшетау қалаларына, сондай-ақ Қырғызстанға жеткізіледі. Соңғы екі жылда фабрикада құстарды ұстау және өсіру жабдықтары жаңартылды.
Жоба аясында жалпы сыйымдылығы 324 мың басқа арналған жұмыртқалайтын тауықтарға арналған төрт заманауи корпус салу көзделген. Бұл жылына қосымша 110 млн данаға дейін жұмыртқа өндіруге және кәсіпорынның жалпы өндірістік қуатын жылына 200 млн данаға жеткізуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар жас құстарды өсіруге арналған ғимараттар салу, сағатына 30 мың жұмыртқаға дейін сұрыптайтын желісі бар жұмыртқа қоймасын тұрғызу және жем цехының қуатын кеңейту жоспарланған. Инфрақұрылымды жаңарту өндірістік үдерістердің тиімділігін арттыруға, құс санының өсуіне байланысты қажеттіліктерді қамтамасыз етуге және өнімнің өзіндік құнын төмендетуге жол ашады.
Қазіргі уақытта жобаның жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. Құрылыс жұмыстарын 2026 жылғы қарашада бастау көзделген. Қытай мен Еуропадан жабдықтарды жеткізу және монтаждау жұмыстары келесі жылға белгіленген. Жобаның бірінші кезеңін келесі жылы сәуірде аяқтау көзделсе, толық өндірістік қуатқа 2028 жылдың ортасында шығу жоспарланған.
Кәсіпорынның өндірістік қуатын кеңейту отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыруға және елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі болмақ.
Қолданыстағы құс фабрикаларын жаңғырту және жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру нәтижесінде 2028 жылға қарай Ақмола облысында тағамдық жұмыртқа өндірісін жылына 1 млрд данаға дейін жеткізу межеленіп отыр. Бүгінде өңір Қазақстанның тағамдық жұмыртқаға деген қажеттілігінің 15%-ын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ елдегі құс етінің жалпы өндірісінің 30%-ы Ақмола облысының үлесіне тиесілі.