Айдарбек Сапаров АӨК-не инвестиция тарту жұмысын күшейтуді тапсырды

Айдарбек Сапаров АӨК-не инвестиция тарту жұмысын күшейтуді тапсырды

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың төрағалығымен 2025 жылдың қаңтар–сәуір айларында агроөнеркәсіптік кешенге инвестиция тарту жұмыстарының қорытындысына арналған кеңес өтті.

Кеңес барысында министр инвестиция ауыл шаруашылығын дамытудың және елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты құралдарының бірі екенін атап өтті. Алайда жекелеген өңірлерде жобаларды іске асырудың қарқыны мен сапасы алаңдаушылық тудырады.

«Инвестиция тарту – біздің жұмысымыздың басым бағыттарының бірі. Бірақ бірқатар өңірде бұл бағыттағы белсенділік әлі де төмен. Себебін анықтап, жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимылды күшейту және әрбір жоба бойынша жеке жауапкершілікті қамтамасыз ету қажет», – деді Айдарбек Сапаров.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлының айтуынша, 2025 жылдың қаңтар–сәуір айларында АӨК-нің негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 211,9 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 117%-ға жоғары.

Инвестициялық жоспарларды іске асыруда Солтүстік Қазақстан облысы мен Шымкент қаласы алда келеді. Ал Маңғыстау облысында бірде-бір жоба жүзеге асырылмаған. Сонымен қатар, Астана, Атырау, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Ұлытау және Жетісу облыстарында көрсеткіштер төмен.

Министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, 2025–2027 жылдарға арналған АӨК-не инвестициялар бойынша жол картасын әзірледі. Құжат жалпы құны 3,3 трлн теңгені құрайтын 677 жобаны іске асыруды көздейді. Оның ішінде 2025 жылы 611,2 млрд теңгеге 282 жобаны жүзеге асыру жоспарланған.

Ең көп инвестиция тартылатын бағыттар – ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, суару жүйелерін дамыту және мал шаруашылығы.

Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату аясында 2025 жылы 141 инвестициялық жобаға 200 млрд теңге қарастырылған.

Ауыл шаруашылығы министрлігі халықаралық компаниялармен жұмысты жалғастыруда. Ірі инвесторлардың қатарында – PepsiCo және Mars компаниялары, сондай-ақ Қытайдың DALIAN HESHENG компаниясы бар.

Биыл Шымкент қаласында жылыжай кешенін салу бойынша “Alsera” ЖШС-мен, ал Алматы облысында қант зауытын салу бойынша “QazaqArab Sugar” ЖШС-мен келісімдерге қол қойылды.

Айдарбек Сапаров инвестициялық жобаларды сапалы дайындау, қаражатты уақытылы игеру және нәтижелерге жауапкершілік барша қатысушылар үшін басты басымдыққа айналуы тиіс екенін ерекше атап өтті.

«Біз Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін орнықты дамыту үшін отандық және шетелдік инвесторларды тарту жұмыстарын жалғастырып келеміз. Өңірлер жобаларды іске асыруда белсенділік пен жауапкершілік танытуы маңызды. Себебі әрбір жоба – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің, саланы жаңғыртудың және отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі буыны», – деді министр.

АӨК-нің инвестициялық әлеуетін дамыту ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік саясаттың маңызды міндеті болып қала береді.