Ауыл шаруашылығы жерлерінің тиімді пайдаланылуын бақылауды күшейту аясында ҚР АШМ Жер ресурстарын басқару комитетінің Ақтөбе облысы бойынша жер ресурстарын басқару департаменті Алға ауданында ауыл шаруашылығы алқаптарының пайдаланылуына жоспардан тыс тексеру жүргізді.
Тексеру нәтижесінде егіс жұмыстарына арналған жалпы аумағы шамамен 1600 гектар жер учаскесі ұзақ уақыт бойы мақсатты түрде пайдаланылмағаны анықталды.
Жер заңнамасының талаптарын сақтау мақсатында департамент жерді игеру және анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы міндетті нұсқама берді. Алайда қабылданған шараларға қарамастан, нұсқама талаптары орындалған жоқ.
Аудандық соттың шешімімен серіктестікке 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды. Сонымен қатар, Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты департаменттің жер учаскесін мәжбүрлеп алып қою туралы талабын қанағаттандырды.
Сот шешімінің нәтижесінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы шамамен 1200 гектар жер мемлекеттік меншікке қайтарылды.