Қазақстан мен Ұлыбритания аграрлық саладағы ынтымақтастықты нығайтуда

Қазақстан мен Ұлыбритания аграрлық саладағы ынтымақтастықты нығайтуда

Екі ел ауыл шаруашылығы саласындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі дамытуда. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссияның 11-отырысына қатысты.

Отырыс барысында тараптар аграрлық саладағы өзара ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделілік білдіріп, бірқатар маңызды келісімдерге қол қойды.

«2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдері бойынша тауар айналымы 50 миллион АҚШ долларын құрады. Біз бұл көрсеткішті едәуір арттыруды көздеп отырмыз. Келіссөздер аясында нақты уағдаластықтарға қол жеткізілді», — деді Ермек Кенжеханұлы.

Кездесу аясында аграрлық ғылым, экспорт және өнімді өңдеу, сондай-ақ озық агротехнологияларды трансферлеу бағыттарын қамтитын ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықтың жол картасына қол қойылды. Сонымен қатар, су ресурстарын басқару және биопрепараттарды (оның ішінде AstraZeneca фармацевтикалық компаниясының қатысуымен) жергілікті өндіріске енгізу бойынша меморандумдарға да қол қойылды.

Аталған келісімдер ауыл шаруашылығының орнықты дамуына, сондай-ақ саланың климаттық өзгерістерге бейімделу әлеуетін арттыруға бағытталған.

Вице-министр британдық агротехнологияларды енгізу және инвестиция тарту — Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік беретініне назар аударды.

Қазақстандық делегацияны отырыста ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Алибек Қуантыров басқарды. Іс-шараға екі елдің салалық министрліктерінің, ұлттық компаниялары мен жеке сектор өкілдері қатысты.

Үкіметаралық комиссия Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайтудың маңызды тетігі болып қала береді. Бұл комиссия қол жеткізілген уағдаластықтардың жүйелі түрде іске асырылуына және стратегиялық әріптестіктің жаңа бағыттарының дамуына ықпал етуде.