Атырау облысында жерді заңсыз пайдаланғаны үшін 42 заңбұзушы жауапкершілікке тартылды

Атырау облысында жерді заңсыз пайдаланғаны үшін 42 заңбұзушы жауапкершілікке тартылды

Өңірде жер пайдалану саласында заңдылықты қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыс жалғасуда. Биылғы жылдың наурыз-сәуір айларында ҚР АШМ ЖРБК Атырау облысы бойынша жер ресурстарын басқару департаменті құқық белгілейтін құжаттарсыз мемлекеттік жерлерді өз бетімен иелену фактілерін анықтап, жолын кесті.

Тексеріс нәтижесінде жер заңнамасын бұзған 42 жеке және заңды тұлғаға қатысты әкімшілік істер қозғалды. Барлық құқықбұзушылықтар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 136-бабына сәйкес сараланды. Істерді қарау нәтижесінде жалпы сомасы 7 миллион теңге көлемінде айыппұл салынып, ол мемлекет кірісіне толықтай өндірілді.

Сонымен қатар, құқықбұзушыларға анықталған заңбұзушылықтарды жою жөнінде міндетті түрде орындалуы тиіс нұсқамалар берілді.

Бұдан бөлек, департамент екі жер учаскесін нысаналы мақсаты бойынша игеру қажеттігі туралы нұсқама берді. Алайда талаптар орындалмағандықтан, аталған учаскелерге қатысты мәжбүрлеп алып қою туралы талап-арыздар берілді. Сот шешімдерімен жер учаскелерін алып қою белгіленді.