Ақмола облысында ірі мал шаруашылығы жобалары іске асырылуда

Ақмола облысында ірі мал шаруашылығы жобалары іске асырылуда

Ақмола облысында агроөнеркәсіп кешеніндегі ірі жобалар белсенді түрде жүзеге асырылып жатыр. Солардың бірі — Торғай ауылдық округінде мал шаруашылығы кластерін құру.

«Ерейментау-Астық» ЖШС 10 мың бас қойға арналған бордақылау және өсіру фермасының құрылысын бастады.

Компаниялар тобының бас директор орынбасары Қоныспек Нұрғазиннің айтуынша, жоба аясында бордақылау алаңына арналған базаны салу және қайта жаңарту, серуен алаңдарын, қоршаулар мен астық қоймаларын, сондай-ақ мал азығын өндіретін цех тұрғызу көзделген. Сонымен қатар, тракторлар, азық таратқыштар мен жем өндіруге арналған құрал-жабдықтарды сатып алу жоспарланған.

«Біз экспорттық бағытты белсенді түрде дамытып жатырмыз. Жыл басынан бері қазақстандық өнімдерді Катарға жеткізуді бастадық. Қазақстандық ет араб елдерінде жоғары сұранысқа ие және өз бренді ретінде танылған. Біз ірі көлемдегі жеткізілімдерге ұзақ мерзімді келісімшарттар жасасуға дайынбыз. Қазіргі таңда БАӘ-де аккредитациядан өту жұмыстары жүріп жатыр», — деді «Алтын таға» холдингінің сату бөлімінің басшысы Алтынбек Орынбаев.

Ерейментау қаласында 10 мың бас ірі қараға арналған сиыр етін өндіретін агроөнеркәсіп кешені салынады. Жоба аясында жылына 90 мың тонна жем және 7,6 мың тоннадан астам сиыр етін өндіру жоспарланған.

Жобаның инвесторы — «Big Farm» ЖШС. Компания бұл тік интеграцияланған кешенге 77 млрд теңгеден астам инвестиция салуды жоспарлап отыр. Бұл Қазақстанның экспорттық әлеуетін айтарлықтай арттырып, 380 тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қызметкерлер үшін тұрғын үйлер салу да қарастырылған.

Ақмола облысындағы мал шаруашылығы кластері — аграрлық секторды дамыту мен елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған стратегиялық бағдарламаның маңызды бөлігі. Бұл бастама ет пен ет өнімдерінің экспорт көлемін арттыруға сеп болмақ.