Азық-түлік келісімшарт корпорациясы Қытайға экспорттау үшін астық пен майлы дақылдарды қайта өңдеп жеткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізді

Азық-түлік келісімшарт корпорациясы Қытайға экспорттау үшін астық пен майлы дақылдарды қайта өңдеп жеткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізді

«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ мен «Memolux» ЖШС арасында Солтүстік Қазақстан облысындағы қайта өңдеу зауытына қазақстандық астықты жеткізу туралы келісім жасалды. Қазіргі уақытта 10 мың тонна астықты жөнелту жұмыстары жүргізілуде. Болашақта ұлттық оператор жыл сайын 500 мың тонна дәнді және 100 мың тонна майлы дақылдарды жеткізу көлемін арттыра алады.

Азық-түлік корпорациясының өкілдері Солтүстік Қазақстанда «Тайынша-Май» ЖШС және «Memolux» ЖШС инвестициялық жобаларын жүзеге асырған «Сиань Ай Цзюй» өнеркәсіптік тобының акционерлерімен келіссөздер жүргізді.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және экспорттау саласындағы ынтымақтастық туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Тараптар дайын өнімді, оның ішінде ұн мен өсімдік майын Қазақстанның ішкі нарығына және Қытай Халық Республикасына экспорттау көлемін ұлғайту мүмкіндігін талқылады.

Аталған ынтымақтастық Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінің экспорттық әлеуетін дамыту үшін стратегиялық маңызға ие. Бұл орайда негізгі назар қосылған құны жоғары ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруді ынталандыруға аударылады. Бұл бастамаларды жүзеге асыру – агроөнеркәсіп кешеніндегі қайта өңделген өнім үлесін 70%-ға дейін жеткізу жөніндегі Мемлекет басшысы қойған міндеттерге сәйкес келеді.