
2025 жылдың бірінші тоқсанында «Ақ Бидай – Терминал» астықты ауыстырып тиеу көлемін 509%-ға ұлғайтты. Соңғы екі жылда алғаш рет астық терминалы өндірістік қуаттылығын 100% пайдаланды.
Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Ақтау портындағы астық терминалына барған сапары барысында хабардар болды.
Қаңтардан наурыз айына дейін Ақтау порты 40 теңіз кемесін қабылдап, экспортқа 126,1 мың тонна астық жөнелтті. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда алты есе көп. 2024 жылы терминал арқылы 20,7 мың тонна арпа мен жүгері экспортқа жөнелтілген болатын.
Ауыстырып тиеу қарқынының артуына ирандық импорттаушылар тарапынан қазақстандық астыққа деген сұраныстың көбеюі себеп болды. Азық-түлік келісімшарт корпорациясы Иран Ислам Республикасына 60 мың тоннадан астам арпа жөнелтуді жүзеге асыруда.
Қазақстандық астық трейдерлері де терминал қызметіне үлкен қызығушылық танытуда. Бүгінде 2025 жылдың соңына дейін астықты ауыстырып тиеу бойынша 12 ұзақмерзімді келісімшартқа қол қойылған.
Астық терминалының техникалық мүмкіндіктері артқан көлемді қабылдап, тиеуге толық мүмкіндік береді. Терминалда жалпы сыйымдылығы 22,5 мың тоннаны құрайтын 11 астық сақтау силосы бар. Көлік инфрақұрылымының өндірістік қуаттылығы сағатына 350 тонна астықты ауыстырып тиеуге есептелген. Бұл тәулігіне теміржол вагондарынан 3 мың тоннаға дейін астық қабылдап, 4 мың тоннаға дейін астықты теңіз кемелеріне тиеуге мүмкіндік береді.
Болжам бойынша, 2025 жылы «Ақ Бидай – Терминал» арқылы жалпы 400 мың тоннаға дейін астық ауыстырып тиеледі.