Маңғыстау облысына жасаған жұмыс сапары аясында ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров өңірдің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен кездесу өткізіп, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жолдарын және өзекті мәселелерді талқылады.
Табиғи-климаттық ерекшеліктерге байланысты Маңғыстау облысының ауыл шаруашылығындағы жалпы өңірлік өнімдегі үлесі небәрі 0,7% шамасында. Алайда министрдің айтуынша, өңірде азық-түлік және қайта өңдеу өнеркәсібін кеңейтуге мүмкіндік беретін оң беталыстар байқалуда.
«Біз 2021–2022 жылдардағы құрғақшылық мал шаруашылығының осалдығын күшейткен қиын кезеңді жақсы білеміз. Сол уақытта Маңғыстау облысын дамытуға арналған кешенді жоспар әзірленіп, бүгінде оның алғашқы нәтижелері көріне бастады», – деді министр.
2024 жылдың қорытындысы бойынша өңірдің ауыл шаруашылығы өнімі 40,4 млрд теңгені құрап, 1,9%-ға артты. Мал шаруашылығы өнімі 2,3%-ға өсіп, 34,2 млрд теңгеге жетті.
2025 жылы мал шаруашылығын субсидиялауға 1,3 млрд теңге қарастырылған, оның 1,2 млрд теңгесі мал азығын сатып алуға бағытталмақ. Өңір ерекшеліктерін ескере отырып, енді фермерлер төтенше жағдайдың жариялануына немесе ауа райының қолайсыздығына қарамастан субсидия ала алады. Сонымен қатар биыл да мал азығын тасымалдауға арналған жеңілдетілген тарифтер қолданыста болады.
Министр агроөнеркәсіптік кешенге, әсіресе мал шаруашылығы саласына инвестиция тарту жұмысын жандандырудың маңыздылығын атап өтті. Соңғы үш жылда өңірде аталық - аналық құстарды өсіруге арналған алаң құрылысы, сою пунктін жаңғырту, жылыжай кешендері мен жеміс сақтау қоймаларын салу сияқты тоғыз жоба жүзеге асырылды.
Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату бағдарламасы аясында биыл өңірде «Қарағантүпек» ЖШС және «Caspiy Milk» ЖШС арқылы түйе фермаларын құру бойынша екі жоба іске асады. Жобалардың жалпы құны – 3,3 млрд теңге, жобалық қуаттылығы – жылына 4 440 тонна өнім.
Маңғыстау облысының агроөнеркәсіптік кешенін дамыту жөніндегі 2025–2027 жылдарға арналған жол картасы аясында жалпы құны 13,7 млрд теңгені құрайтын тоғыз жоба жоспарланған. Олардың қатарында жылыжайлар салу, түйе сүтін өңдеу, құс және балық шаруашылығын дамыту жобалары бар.
Айдарбек Сапаров ауыл шаруашылығы саласына көрсетілетін мемлекеттік қолдаудың бұрын-соңды болмаған шаралары туралы хабарлады. Атап айтқанда, көктемгі егін егу мен күзгі жиын-терімге арналған жеңілдетілген қаржыландыру көлемі 700 млрд теңгеге дейін, ал 5% мөлшерлемемен берілетін ауыл шаруашылығы техникасының лизингі 200 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды.
Ауыл шаруашылығы өнімін өңдеуді жеңілдікпен қаржыландыруға 48 млрд теңге бөлінбек. Сондай-ақ бордақылау алаңдары мен құс фабрикаларын қысқа мерзімді қаржыландыру бағдарламасы іске қосылады. Оның жалпы көлемі – 50 млрд теңге.
Селекциялық-асылдандыру жұмыстарын субсидиялау реформасы жүргізілуде. Бұл ретте ашық әрі жария тетіктерге көшу және жеңілдетілген несиелеу жүйесі қарастырылған.
Кездесу барысында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мал шаруашылығын субсидиялау, саланы қаржыландыру және өнім өткізуге қатысты сұрақтар қойды.
Бизнес өкілдері қазіргі қолданыстағы мал шаруашылығын субсидиялау нормативтерін қайта қарап, арттыруды ұсынды. Министр бұл мәселенің маңыздылығын атап өтіп, ұсыныстың етті мал шаруашылығын дамыту жөніндегі жұмыс тобының алдағы отырысында қаралатынын жеткізді.
Кездесу соңында министр тиісті департаменттерге фермерлер жасаған барлық ұсыныстарды талдап, пысықтауды тапсырды.