Айдарбек Сапаров Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумында сөз сөйледі

Айдарбек Сапаров Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумында сөз сөйледі

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Қазақстан мен Ресейдің «Ауыл шаруашылығы - мықты экономиканың негізі» атты XIX өңіраралық ынтымақтастық форумында сөз сөйледі. АШМ басшысы ауыл шаруашылығы саласындағы шекараны кеңейтетін және сенімді мемлекетаралық ынтымақтастықты қалыптастыратын форумның маңыздылығы мен дер кезінде өтіп жатқанына тоқталды.

Айдарбек Сапаров Ресей Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі екенін және елдің тауар айналымының 30%-дан астамын құрайтынын еске салды. Өзара сауда көлемін ұлғайту үшін екі ел жеткізілетін өнімнің номенклатурасы мен көлемін кеңейтуді жоспарлап отыр.

«Біздің еліміздің Ресейге көкөністер, жемістер, күріш, ет, мақта және т.б. өнімдерді жеткізу көлемін арттыру әлеуеті зор. Сонымен қатар, сауда шектеулерін, оның ішінде ветеринарлық және фитосанитарлық кедергілерді алып тастау жұмыстарын жалғастыру қажет. Бұл ретте Қазақстан экономикасы үшін де, Ресей үшін де «сұр» импортты анықтау және оған қарсы күресу өте маңызды», - деді министр.

Ол 2023 жылы бидай саласында осындай жағдай қалыптасқанын атап өтті. Сондықтан республикада бидайды автомобиль көлігімен әкелуге тыйым салу ұзартылды, сондай-ақ теміржолмен әкелуге шектеулер енгізілді. Осының арқасында Қазақстан лицензияланған элеваторлар, қайта өңдеу және құс шаруашылығы кәсіпорындары арқылы нақты алушыларды білетін болады. Бірақ шектеулер Қазақстан аумағы арқылы Ресей бидайының транзиттік теміржол тасымалына әсер еткен жоқ.

Бұдан бөлек 2026 жылдың 1 маусымынан бастап Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде астық қолхаттарын өзара тану күшінде болады. Бұл ретте электрондық астық қолхаттарының айналым жүйесі Қазақстанда көптеген жылдар бойы табысты жұмыс істеп келеді, сондықтан республика өз тәжірибесін ресейлік әріптестерімен бөлісуге дайын. Өз кезегінде қазақстандық сарапшылар Ресейдің өсімдік шаруашылығы өнімдерін қадағалау бөлігіндегі тәжірибесін зерттеп жатыр.

Пленарлық сессияда Айдарбек Сапаров азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Қазақстан мен Ресей Федерациясы ветеринарлық қызметтері арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың маңыздылығы туралы айтты. Министрдің айтуынша, бір жарым жылға созылатын және сауда-экономикалық процестерді толық іске асыруға мүмкіндік бермейтін қазақстандық мал шаруашылығы өнімдеріне қойылған шектеулерді қайта қарау қажет.

«Сондай-ақ бірлескен ірі инвестициялық жобаларды іске асыруға үлкен әлеует бар. Ресей мен Қазақстан әлемдегі ауыл шаруашылығы өнімдерінің ірі өндірушілері мен экспорттаушылары. ЕАЭО елдерінің импортты алмастыру, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және экспорттық нарықтарға, ең алдымен Қытайға шығу мәселелерін шешу мақсатында АӨК-те нақты кооперациялық жобаларды іске асыру біздің бірлескен міндетіміз болуға тиіс», - деп түсіндірді министр.

Министр инвестициялар үшін әлеуетті бағыттардың бірі терең өңдеу – жоғары қайта бөлінген өндіріс жобалары, сондай-ақ ет пен сүт, көкөніс, қант қызылшасы, өсімдік майы, құс өндіру және өңдеу саласындағы жобалар екенін атап өтті. Жалпы Қазақстан Ресейдің жетекші селекционерлерімен және тұқым өсірушілерімен, сондай-ақ отандық тұқым шаруашылығын дамыту үшін республика нарығына келуге дайын инвесторлармен тәжірибе алмасуға дайын.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту деңгейін жылына 8-10%-ға дейін жеткізу жөнінде шаралар қабылдауда. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының аумағында өндірілетін ресейлік маркалы техниканы сатып алуға жеңілдікпен қаржыландыру мақсатында ресейлік даму институттарына ҚазАгроҚаржы ұлттық операторын ауыл шаруашылығы техникасы лизингі бойынша қорландыру мүмкіндігін қарастыру ұсынылады», - деді Айдарбек Сапаров.

Қорытындылай келе министр Қазақстан мен Ресейдің ауыл шаруашылығы министрліктері арасында құрылған арнайы жұмыс тобының жұмысын жандандыруды және күшейтуді ұсынды. Министрдің пікірінше, туындаған барлық мәселелерді жедел шешу үшін топтың жұмысын түпкілікті нәтижеге қол жеткізу үшін қайта форматтау қажет.