Алматы облысында оңтүстік облыстардың сүт өндірушілеріне арналған консалтинг және оқыту орталығы ашылды

Алматы облысында оңтүстік облыстардың сүт өндірушілеріне арналған консалтинг және оқыту орталығы ашылды

Алматы облысы Панфилов ауылында «Байсерке Агро» оқу ғылыми-өндірістік орталығының базасында сүт өндірушілерге арналған консалтингтік қызметтер орталығының ашылу салтанаты өтті.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі – Мемлекет басшысының еліміздегі агроөнеркәсіптік кешенін дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында жобаның бастамашысы болды. Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылдың қыркүйегінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германияға сапары аясында Қазақстанның оңтүстігінде сүт өндірісі саласында мал шаруашылығы саласының қызметкерлерін оқыту орталығын құру туралы үшжақты шартқа қол қойылды.

Жоба Уве Веддигенің басшылығымен сүт өндіру саласындағы KFM қазақстандық-неміс жобасының екінші кезеңі шеңберінде іске асырылды. Орталықпен GFA Consulting Group GmbH (Германия), «Байсерке Агро» ғылыми-өндірістік орталығы және Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми-зерттеу институты айналысатын болады, бұл сүт саласында практикалық дағдыларды игерудің арқасында шаруашылықтардың рентабельділігі артып, өнім сапасы жақсарады.

Қазақстандағы KFM бағдарламасының жетекшісі Уве Веддиге орталықтың басты міндеті - Қазақстанда халықаралық деңгейдегі консультанттарды жеткілікті мөлшерде дайындау, содан кейін олар өз бетінше мамандар дайындай алатынын атап өтті. Сонымен қатар, оқытудың арқасында кадрлар тапшылығы азаяды, жаңа және қолданыстағы сүт фермаларында персоналдың біліктілігі артады, ал жастар сүт өндірісі саласына көңіл бөле бастайды.

«Мамандарды халықаралық стандартқа сай дайындау сүт шаруашылығының барлық бағыттары бойынша жүзеге асырылады, соның ішінде: сиырларды тамақтандыру, тұяқтарды өңдеу, емдеу, сауу және т.б.», - деп түсіндірді Уве Веддиге.

Орталықтың жұмысы үшін «Байсерке Агро» агрохолдингі 30 орындық дайын жатақханасы бар инфрақұрылымды, асхананы, теориядан өту үшін оқу сыныптарын, практикалық дағдыларды алу үшін сауудың заманауи түрлері бар сүт-тауар фермасын ұсынды. Орталықтың әлеуетті контингенті аграрлық университеттердің түлектері мен студенттері, сондай-ақ сүт фермалары мен үй шаруашылықтарының мамандары болады.

Сондай-ақ, орталықта жекелеген сүт фермаларының (пилоттық) техникалық және басқару персоналы, сондай-ақ консультациялық қызметтер мен мамандандырылған мекемелердің жергілікті жеткізушілері өз біліктілігін арттыра алады. Сонымен қатар, пилоттық шаруашылықтар ұзақ мерзімді перспективада өнім көлемін ұлғайту үшін инвестицияларды жоспарлау және іске асыру бойынша нұсқаулық алады. Тәжірибелік курстарды жүзеге асыруға сүт саласының үздік шетелдік және жергілікті мамандары тартылады.

KFM бағдарламасы Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Германия Федеративтік Республикасының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы федералды министрлігі арасындағы ынтымақтастық жобасын іске асыру жөніндегі бірлескен ниет туралы мәлімдемесі аясында жүзеге асырылуда. Мәлімдемеге Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы желтоқсанда Берлинге ресми сапары барысында қол қойылды. Құжат тұрақты сүт өндіру саласындағы кәсіпорын құзыреттерін дамытуды көздейді.

Жобаны Қазақстанның солтүстігінде жүзеге асырды, онда Ақмола, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының 12 пилоттық шаруашылығының мамандары оқытылды. Барлығы 400-ден астам маман оқудан өтті. Практикалық жұмыс сиырлардың өнімділігін арттыруға, жемге талдау жүргізуге, фермадағы жұмыс хаттамасын жасауға және сақтауға бағытталған.