Ербол Тасжүреков БҚО фермерлерінің сұрақтарына жауап берді

Ербол Тасжүреков БҚО фермерлерінің сұрақтарына жауап берді

АШМ Вице-министрі Ербол Тасжүреков жұмыс сапарымен Батыс Қазақстан облысына барды. Вице-министр ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен кездесіп, өңірдің бірнеше агрокомпанияларында болды.

Кездесу аясында Ербол Тасжүреков ауыл шаруашылығы министрлігі жүргізіп жатқан жұмыс туралы айтып, фермерлердің сұрақтарына жауап берді.

Батыс Қазақстан облысында киіктердің ең ірі саны мекендейді. Бүгінде бұл ауыл тұрғындарының өзекті мәселелерінің бірі.  Киіктердің шабуылынан 1 мыңнан астам шаруа қожалықтары зардап шекті, шығын 7,9 млрд теңгеге бағаланды.

Вице-министр әкімшілендірудегі қиындықтарға және жоғары сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне байланысты елде киіктерден алаңдарды  сақтандыру бағдарламалары жоқ екенін түсіндірді. Алайда АШМ тиісті сақтандыру өнімдерін әзірлеу бөлігінде ғылыми институттармен жұмысты жалғастыруда. 

Сонымен қатар, осы мәселе құзыретіне кіретін экология және табиғи ресурстар министрлігі киіктердің санын реттеу бойынша іс-шаралар жүргізуде, деп атап өтті вице-министр.

Фермерлер ауылдағы жеңілдетілген несиелеу мәселелеріне де қызығушылық танытты. Ербол Тасжуреков «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде қолданыстағы бизнесті дамытуға немесе жаңа бизнесті ашуға «арзан» шағын қарыз алу мүмкіндігі туралы айтып берді.  БҚО-да бұл мүмкіндікті 500-ден астам ауыл тұрғындары пайдаланды, оларға жалпы сомасы 2,1 млрд теңге берілді. 

Бұдан басқа, СҚО-ның ірі инвестициялық жобаларды іске асыру жөніндегі тәжірибесін тираждау шеңберінде өңірде құны 6 млрд теңге болатын 4 сүт-тауар фермасы ашылады, олар импортты алмастыру және ішкі нарықты отандық сүт өнімдерімен қанықтыру жөніндегі жұмысқа өз үлесін қосады.

Кездесуде егін жинау науқанының барысы да талқыланды. Еліміздің батысында астық жинау аяқталуда. Соңғы деректер бойынша өңірде 285,0 мың тонна астық бастырылды, өнімділігі 9,9 ц/га құрайды. Фермерлер 1,5 млн тоннадан астам шөп қорын құрды (жоспардың 74%).

Айта кетейік, БҚО ауыл шаруашылығын қаржыландыруға осы жылы 15,6 млрд теңге бөлінген.

Жұмыс сапары аясында Ербол Тасжүреков БҚО-ның жекелеген аудандарына барды. Жұмыс істеп тұрған сүт-тауар фермаларының жұмысымен, сондай-ақ жаңа СТФ құрылысының барысымен танысты.