Пайдаланылмайтын жайылымдық жерлерді анықтау және қайтару - ҚР АШМ басты басымдықтарының бірі

Пайдаланылмайтын жайылымдық жерлерді анықтау және қайтару - ҚР АШМ басты басымдықтарының бірі

Бос жайылымдық жерлер мәселесі елдің барлық өңірлерінде өзекті болып отыр. Алайда, 2019-2021 жылдары жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 8,1 млн.га пайдаланылмайтын немесе мақсатсыз пайдаланылатын ауыл шаруашылығы жерлері, оның ішінде 6,8 млн. га жайылымдық жерлер анықталды.

Егер 2021 жылды алатын болсақ, онда 1,3 млн.га пайдаланылмайтын жайылымдар мен егістік жерлер анықталды. Осыған байланысты, ауыл шаруашылығы министрлігі 2022 жылы осы жұмыстың қарқынын арттыруды және ағымдағы жылдың соңына дейін тағы 5 млн.га пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді анықтауды жоспарлап отыр, бұл өткен жылдың осындай көлемінен 3 есеге артық.

Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде министрліктің бұл жұмысты жүргізбейтіні және арнайы тежеп отырғаны туралы ақпарат, оның ішінде жайылымдарға жүктемені есептеу үшін "Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру"(АШЖБ) мемлекеттік дерекқорынан "Qoldau" ақпараттық жүйесіне ақпарат беру бөлігіндегі ақпараттар жариялануда. 

Ауыл шаруашылығы министрлігі АШЖБ және "Qoldau" арасында интеграцияның жоқтығы туралы әлеуметтік желілердегі жарияланымдарға жауап беру мақсатында және мәселені егжей-тегжейлі қарау үшін аталмыш жарияланымдардың авторларын шақырды.

 Жұмыс кездесуі барысында қоғам қайраткері М.Тайжан мен "Qoldau" платформасының өкілдеріне ретроспективті түрде АШЖБ және "Qoldau" жүйелері арасындағы интеграцияның тұрақты жұмыс істеп тұрғанын растайтын құжатталған фактілер ұсынылды.

 Кез келген уақыт кезеңі үшін автоматты режимде қажетті ақпаратты алу мүмкіндіктері көрсетілді. Бұдан басқа, жайылымдарға жүктемені есептеу үшін бүгінгі күннің өзінде "Qoldau" жүйесі қосыла алатын қосымша интеграциялық сервис ұсынылды.  

Сонымен қатар, талқылау барысында әлеуметтік желілерде интеграцияның жоқ екендігі мәселесін көрсету арқылы шындығында "Qoldau" жүйесіне жерді ұтымды пайдалану мәселелерімен байланысты емес басқа коммерциялық сервистерге қызмет көрсету үшін платформа операторларына қажет АШЖБ базасына (бұл қолданыстағы заңнамаға қайшы келеді) толық, шектеусіз қолжетімділіктің болмағандығы көрсетілгендігі анықталды.

Осыған байланысты Министрлік  АШЖБ-ға толық қолжетімділік заңнаманың талабы бойынша ұсынылмайтынын атап өтті. Заңнама ветеринариялық іс-шаралар мен жануарлар аурулары, оның ішінде аса қауіпті аурулар бойынша мәліметтерді үшінші тұлғаларға және мемлекеттік органдарға беруге тыйым салады.

Сондай-ақ, "Qoldau" жүйесіне қолданыстағы және ұсынылып отырған интеграция аясында ұсынылған мәліметтер шарттық міндеттемелерді орындау үшін жеткілікті екендігі түсіндірілді. Өйткені жайылымға жүктемені анықтау бойынша жұмыс жерді ғарыштан қашықтықтан зондтау арқылы жүргізілмейді. Бұл АШЖБ-дан алынған мал туралы ақпарат пен Жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі (ЖК ААЖ) мәліметтері арасындағы деректерді салыстыру әдісімен, бекітілген және ғылыми негізделген жүктеме формулаларын ескере отырып жүзеге асырылады.

Осылайша, Ауыл шаруашылығы министрлігінің атына АШЖБ-мен интеграцияның жоқтығы және соның салдарынан "Qoldau" жүйесі жайылымдарды космомониторингті жүзеге асыра алмады деп тағылған айыптар  шындыққа жанаспайды және негізсіз болып табылады.

"Qoldau" өкілдері мен қоғам қайраткері М.Тайжан Министрліктің дәлелдерімен келісіп, екі жүйенің қолданыстағы интеграциясының бар екенін мойындады.

Сонымен қатар, сараптамалық кеңестің отырысында вице-министр Б.Бекбауов "Qoldau" ақпараттық жүйесінің субсидиялау бөлігіндегі  проблемалары туралы айтты. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің негізгі талабы субсидиялау тетіктеріне қолжетімділік үшін ақы төлеуді алып тастау болып табылады. Ал қолданыстағы заңнамаға сәйкес мемлекеттік қолдау (субсидиялау) шаралары мемлекеттік қызметтер болып табылады және тегін көрсетілуі тиіс.

Осыған байланысты, Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан "АӨК субсидиялаудың мемлекеттік ақпараттық жүйесін" әзірлеу жұмыстары аяқталуда.

Бұл жүйе фермерлер мен жалпы мемлекет үшін келесі оң әсерді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Біріншіден, бұл жүйеде АӨК субсидиялау бойынша барлық мемлекеттік қызметтер электрондық форматта көрсетілетін болады.

Екіншіден, фермерлер үшін субсидиялау қызметтері тегін, қосымша ақы алынбай көрсетілетін болады.