АӨК дамыту жөніндегі Қоғамдық кеңестің отырысы өтті

АӨК дамыту жөніндегі Қоғамдық кеңестің отырысы өтті

2022 жылы 18 ақпанда ҚР агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі Қоғамдық кеңестің отырысы өтті, онда көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге дайындық мәселелері, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту тұжырымдамасы, сондай-ақ кеңес қызметінің ұйымдастырушылық мәселелері талқыланды. Кеңес жұмысына Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев қатысты.

Қоғамдық кеңестің төрағасы Жексенбай Дүйсебаев отырысты аша отырып, кеңес ауыл шаруашылығы министрлігі әзірлейтін стратегиялық және бағдарламалық құжаттар мен субсидиялау қағидаларын әзірлеуге белсенді қатысатын 18 адамды біріктіретінін атап өтті.

2021 жылы кеңес қарауына 142 нормативтік-құқықтық актілер келіп түсті, олар бойынша сындарлы ұсыныстар әзірленіп, жіберілді.

Қоғамдық кеңес Жер кодексіне енгізілген өзгерістерді, бюджеттік бағдарламалар жобаларын, ҚР АӨК дамыту жөніндегі 2021 – 2025 жылдарға арналған Қлттық жобаны, сондай-ақ АӨК дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасын, «Жеке қосалқы шаруашылық туралы» заңды және өзге де стратегиялық құжаттарды талқылауға белсенді қатысты.

Көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы туралы Егіншілік департаменті директорының м.а. Медет Жәдігерұлы баяндады.

Оның айтуынша, 2022 жылғы егіс алқаптарының болжамды құрылымы 22,9 млн гектардан асады, бұл 2021 жылғы деңгейден 13,5 мың гектарға артық.

Егуді қамтамасыз ету үшін тұқым себу жоспардан 100% жүзеге асырылды. 1,5 млн тонна тұқымға сараптама жүргізілді, оның 99% кондициялы деп танылды, 89,3% егіс стандартының 1 және 2-сыныбына сәйкес келеді.

Техниканың дайындығы шамамен 90% құрайды, бұл ретте 143,3 мың трактор, 4,7 мың бірлік жоғары өнімді егіс кешендері, 76,9 мың тұқым сепкіш, 221,2 мың топырақ өңдеу құралы бар.

Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін арзандатылған дизель отынымен қамтамасыз ету мәселелері шешіліп жатыр. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 400 мың тонна көлемінде ЖЖМ бөлінді. Отандық минералдық тыңайтқыштарды өндірушілермен аграрийлердің қажеттіліктерін толық қамтамасыз ету туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

  Минералдық тыңайтқыштарды енгізу 695,0 мың тонна деңгейінде жоспарланып отыр, бұл 2021 жылдың қорытынды көрсеткішінен 68,5 мың тоннаға артық, облыстардың жергілікті бюджеттерінде субсидиялауға 26,8 млрд теңге көзделіп отыр.

«2021 жылы әлемдік нарықта минералды тыңайтқыштар бағасының айтарлықтай өсуін ескере отырып, ағымдағы жылы бюджет қаражатының тапшылығы ықтималдығы бар. Қазіргі уақытта республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлу мәселесі қарастырылып жатыр», - деді Медет Жәдігерұлы.

«Кең дала» бағдарламасы арқылы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін жеңілдікпен несиелендіруге 70 млрд теңге бөлінді, ал азық-түлік корпорациясын форвардтық сатып алу бағдарламасы арқылы 80 млрд теңге бағытталады. Осы бағдарламалар бойынша өтінімдерді қабылдау басталды.

Фермерлерді қолдау мақсатында көктемгі егіс жұмыстарына бюджеттік несиені республикалық бюджетті нақтылау кезінде қосымша 70 млрд теңгеге ұлғайту мәселесі қарастырылуда. 

Жалпы көктемгі дала жұмыстарына дайындық жоспарлы түрде жүргізіліп жатыр, деп сендірді кеңес мүшелерін Медет Жәдігерұлы.

АӨК дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасының негізгі бағыттары мен күтілетін нәтижелері туралы АШМ Стратегиялық жоспарлау және талдау департаментінің директоры Сәуле Молдабаева хабардар етті.

Тұжырымдама мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыруға, азық-түлік, ветеринариялық және фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, жер ресурстарының қолжетімділігіне, қаржы құралдарын жетілдіруге, сондай-ақ экспорттық әлеуетті дамытуға бағытталған.

«Жалпы алғанда, тұжырымдаманы іске асыру нәтижесінде он жыл ішінде азық-түлік тауарларымен (оның ішінде әлеуметтік маңызы бар) қамтамасыз ету деңгейін кемінде 80% деңгейінде жеткізу, агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспортын 3 есе ұлғайту, ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін 3 есе арттыру, АӨК инвестициялар ағынын 4 есе ұлғайту, ауыл, орман және балық шаруашылығындағы қадағаланбайтын (көлеңкелі) экономиканың үлесін ЖІӨ-де 0,5% дейін төмендету жоспарлануда», - деді Сәуле Молдабаева.

Отырыс соңында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Кеңес өз қызметінің басынан бастап мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы диалог пен серіктестіктің тиімді алаңына айналғанын атап өтті.

«Жалпы, Ауыл шаруашылығы министрлігі жүйелі жұмыс жүргізуде, барлық салаларда біртіндеп сапалы өзгерістер орын алып жатыр. Олар еліміздің болашағына тікелей әсер етеді. Бұл ретте әрбір реформаны мұқият жүргізіп, барлық шешімдерді мұқият таразылау өте маңызды», - деп қорытындылады Ербол Қарашөкеев.

Кеңес мүшелері министрге бірқатар сұрақтар қойып, саланың дамуына қатысты өз ұсыныстары мен көзқарастарын білдірді. Атап айтқанда, агарлық ғылым мен кадрлар даярлау, субсидиялар, мал шаруашылығын дамыту және басқа да маңызды мәселелерді қозғады. Өз кезегінде, Ербол Қарашөкеев келіп түскен сұрақтарға жауап беріп, кеңес мүшелеріне ауыл шаруашылығы саласын жақын келешектегі дамытудың негізгі аспектілері бойынша министрліктің ұстанымдарын жеткізіп, өз көзқарастарымен бөлісті.

Кеңес отырысының қорытындысы бойынша 2022 жылға арналған жұмыс жоспары қабылданды, оны орындау және тұжырымдаманы іске асыру бойынша сапалы ұсынымдар берілді.