Қарағанды облысында аусыл диагнозы анықталды – ҚР АШМ

Қарағанды облысында аусыл диагнозы анықталды – ҚР АШМ

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Қарағанды облысы Шет ауданының  Киікті ауылдық округінде көп мөлшерде сілекей ағуы, дене температурасының көтерілуі және азықтан бас тартумен мүйізді ірі қара мал анықталғанын хабарлайды.

Жануарлар ауруларының диагнозын анықтау үшін сиырлардан  биологиялық материал сынамалары алынып, олар ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталығына жіберілді.

 

Зертханалық зерттеулердің нәтижелері бойынша аусыл диагнозы қойылды.

 

Осыған байланысты 2022 жылғы 14 Қаңтарда Киікті ауылдық округі әкімінің шешімімен ауру малдар табылған «Мұрат» фермерлік шаруашылығына карантин қойылды.

«Республикалық эпизоотияға қарсы отряд» РММ ветеринариялық-карантиндік іс-шараларды жүргізуге кірісті, инфекция ошағын жою бойынша арнайы техника және 16 маман жұмылдырылды.

Өңірдегі эпизоотиялық жағдай бақылауда.