ҚАНТ ҚЫЗЫЛШАСЫН ӨСІРУ – АЗЫҚ-ТҮЛІК ҚАУІПСІЗДІГІНІҢ КЕПІЛІ

ҚАНТ ҚЫЗЫЛШАСЫН ӨСІРУ – АЗЫҚ-ТҮЛІК ҚАУІПСІЗДІГІНІҢ КЕПІЛІ

Елімізде ауыл шаруашылығын алға шығару мақсатында атқарылып жатқан жұмыстардың ауқымы барған сайын кеңейе түсуде. Оның ішінде отандық қызылша тұқым шаруашылығын оңтайландырып арттыруға айырықша көңіл бөлініп отыр. Осы бағытта қант қызылшасына ерекше назар аударыла бастады. Енді осы бір мәні мен маңызы зор көкейкесті мәселеге ғылыми тұрғыдан байыпты түрде таразы талқысына салсақ, тағлымы жетерлік талай жайларға қаныға түсеміз.

Әлемдегі қант нарығына үңілер болсақ, қант негізінен қант құрағынан және қант қызылшасынан алынады. Қант құрағының өндірісі 1,4 млрд тоннаны құрайды. Ал, қант қызылшасының үлесі 270 млн тонна. Әлемдегі қант өндірісінің жалпы көлемі 131 млн тонна болса, оның ішінде қант құрағынан – 98 млн тонна, қант қызылшасынан – 33 млн тонна (25,2 %) шығарылады. Ең ірі қант құрағынан өнім өндірушілер Бразилия – 27,7 млн тонна, Үндістан – 19,9 млн тонна, Қытай – 9,7 млн тонна, АҚШ – 2,2 млн тонна екен. Ал,қант қызылшасынан АҚШ – 4,6 млн тонна, Германия – 4,3 млн тонна, Франция – 4,2 млн тонна, Ресей – 2,3 млн тонна, Польша – 2,0 млн тонна, Түркия мен Украина – 1,9 млн тонна деп айта беруге болады.

Енді Қазақстандағы қант қызылшасын өндірудің қазіргі жағдайына тоқталатын болсақ, соңғы жылдары еліміздің жаңа әлеуметтік-экономикалық бағыт-бағдарына байланысты республиканың ауылшаруашылығында, оның ішінде қант қызылшасы өнеркәсібінде күрделі өзгерістер болды. Осы заманғы аграрлық қарым-қатынастағы елдердің даму тенденциясына талдау жасау Қазақстанның АӨК-нің (агроөнеркәсіп кешені) ары қарай дамуы мемлекеттік қолдаудың тиімділігі және қант зауыты төңерегіне топтасқан кооперативтік бірлестіктерді құру есебінен инновацияны енгізуге тең дәрежеде ыңғайлы жағдай жасау арқылы бәсекеге қабілеттілікті арттыруға жұмылдырылуы керек екендігін көрсетеді.

Қант қызылшасын өсіру елдің азық-түліктік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде стратегиялық негізгі бағыттың бірі болып табылады. Республикада қант қызылшасын өсірген жылдардағы егістік алқабының ең жоғарғы көлемі 80,8 мың гектарға жетіп, орташа өнімділік әр гектарына 270 центнерді құраған еді. Бұл ретте қызылша ауыспалы егістігі айналымын игеру үшін 213,5 мың гектар суармалы жер пайдаланылды. Осының арқасында өнімділік жөнінен ең жоғары нәтижеге 1972 жылы қол жеткізілді. 73,1 мың гектардың әр гектарынан 338 центнерден тәтті түбір жиналып, мемлекетке 2349,5 мың тонна қант қызылшасы өткізілді. 1976 жылы Талдықорған облысының екі ауданы: Киров (5,2 мың гектардан) және Талдықорған (9,2 мың гектардан) тиісінше 366 және 375 центнерден өнім алды. 2004 жыл мен 2014 жыл аралығында елдегі қант қызылшасы алқабы 22,3 мыңнан 1,2 мың гектарға дейін күрт қысқарды.

Қазақстанда қызылша өсіруді қайта дамыту үшін үлкен мүмкіндіктер бар. Республиканың табиғи-климаттық жағдайы бұл дақылды Алматы облысының 9 ауданында (Алакөл, Ақсу, Шеңгелді(Қапшағай қаласы), Ескелді, Кербұлақ, Қаратал, Көксу, Сарқанд, Талдықорған қаласы), Жамбыл облысының 5 ауданында (Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай, Мерке) өсіруде және Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарының шаруашылықтары да қызығушылық танытуда. Әрине, бұл ретте өнімділіктің, өнімнің сапасы мен шығын көлемінің айтарлықтай әртүрлі болары анық. Өткен жылдардағы қант қызылшасын өсірудің тәжірибесі республикада суармалы жердің әр гектарынан 400 центнерден, тәлімі жерден 200-250 центнерден тұрақты өнім алуға болатынын көрсетеді. Сонымен қатар жобада Солтүстік пен Орталық Қазақстан (Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстары) жағдайында да отандық және шетелдік жаңа будандарға экологиялық сорт сынағын жүргізудің мүмкіндігі де қарастырылатын болады.

Қант қызылшасы – біздің елімізде қант алуға арналған негізгі шикізат, оның өндірілу деңгейі елдің азық-түліктік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Бұл қайта өңдеу тұрғысынан барынша сұранысқа ие дақылдың бірі. Дегенмен, өкінішке орай, тұқым өндірісі жөнінен біз елдің тұтыну деңгейінен әлдеқайда артта қалдық. Тұқым нарығында импорттық тұқым 95% құраса, ал, отандық өнімнің үлесі бар болғаны 5% ғана. Бұған қоса көптеген аймақтарда, себілетін тұқым сапасына деген бақылаудың жоқтығынан, карантиндік зиянкестер мен аурулардың еніп кету қаупі туындауда. Қазақстанда қант қызылшасы тұқымын өңдеу, жетілдіру зауытының жоқтығы және элиталық-тұқым шаруашылықтарының болмауы алынған қант қызылшасы тұқымын осы заманғы халықаралық стандарттарға (сорттау, кептіру және т.б.) сай себу кондициясына жеткізуге мүмкіндік бермейді. Осыдан барып жылдағы 25-30 мың егіс бірлігі көлеміндегі шағын цех салудың қажеттілігі туындап отыр. Ол бізге жоғары сапалы тұқым алуға және оны төмендетуге мүмкіндік туғызбақ. Осыған байланысты отандық ғалымдар, өзіміздің селекциядағы жоғары сапалы қант қызылшасы тұқымын алу үшін, аталған жобаны қолға алып, іске кірісті. Қант қызылшасы тұқымдық материалының сапасы оны өндеу жағдайымен тікелей байланысты.

Ерекше атап айтатын жай, Алматы облысында қант қызылшасын өсірудің қайтадан қарқынды түрде өріс алуы қуантады. 2015 жылы қант қызылшасының алқабы 4020 гектарға жетіп, 124,7 мың тонна тәтті түбір жиналды. Көптен бері тоқтап тұрған Көксу, Ақсу қант зауыттары іске қосылды. Барлық қажетті ауқымды істер атқарылды. «Хильниченко және К» сеіктестігінің қызылшашылары орта есеппен әр гектардан 730 центнерден алды, ал, кейбір учаскелерінде өнім 810 центнерге дейін жеткен. Облыста 2021 жылы қант қызылшасының егістігі 21 мың гектарға ұлғайды. Әр гектардың шығымдылығы орта есеппен 376 центнерден айналып, жалпы 250 мың тоннадан астам тәтті түбір алынған. 2020 жылы 380 центнерден алынды.

Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты Қазақстандағы қант қызылшасы өндірісін ғылыми жағынан қамтамасыз ететін бірден-бір мекеме. Бұл ретте өнімі сапалы, өнімділігі жоғары әрі ауруға төзімді жаңа сорттар мен будандарды шығаруға, бастапқы және элиталық тұқым әзірлеуді өз деңгейінде жүргізуге, сондай-ақ, оны өндірудің технологиясын жетілдіруге ерекше назар аударылады. Біздің міндетіміз – қант қызылшасының элиталық тұқымы мен аудандастырылған будандарының бастапқы компоненттерін көбейту.

Мәселен, республикада жоғары репродукциялы қант қызылшасы тұқымын шығарумен бүгінгі уақытта тек Алматы облысындағы аттестаттаудан өткен екі элиталық-тұқымдық шаруашылық: «ҚазЕжӨШҒЗИ» және «Қамқорлық» ЖШС айналысады. Осы орайда «ҚазЕжӨШҒЗИ» ЖШС жылдық мөлшері 1,5 тоннадан 4,0 тоннаға дейін жететін өзіндік элиталық тұқым өндірсе, ал «Қамқорлық» ЖШС де жыл сайын отандық будан тұқымын 7-ден 10 тоннаға дейін шығарады. Алдағы уақытта тұқым өндірудің осындай көлемі және оны қосымша ұйымдастырылатын тұқым шаруашылықтары арқылы ұлғайту егістік алқабының жоспарланған деңгейіне қол жеткізер еді.

Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының жекеменшік әріптестері – «Қамқорлық» элиталық тұқым шаруашылығы ЖШС-мен және «Жылыбұлақ» ЖШС-мен бірлесе отырып, отандық қант қызылшасы тұқымының үлесін 2020 жылға дейін кезең-кезеңімен жалпы қажеттіліктің 50% жеткізуді, отандық өндірісті егістік сапасы жоғары тұқыммен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. «Ақсу», «Айшолпан», «Тараз», «Шекер», «Памяти Абугалиева» атты қазақстандық қант қызылшасы будандандарын, сондай-ақ қант қызылшасының жаңа бәсекеге қабілетті түрлерін өсіру жөніндегі ұсыныстарды республикада ғана емес, осындай табиғи-климаттық жағдайымен бұл бағалы дақылға сұранысы бар Қырғызстан мен Өзбекстанда да пайдалануға болады.

Мемлекеттің қант қызылшасы кешенін экономикалық дамуымыздағы негізгі рөлі – елдің азық-түліктік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қабылданған талаптар негізіндегі, жалпы экономиканы өркендету аясында кеңейтілген жұмыстарға институтционалды жағдай жасауда жатыр. Жобаны жүзеге асыру қант қызылшасы егіс алқабын және қант қызылшасы көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл тұтастай алғанда, осы әлеуметтік маңызды өнім бойынша азық-түліктік қауіпсіздікті нығайтады.

Қазақстан Республикасында өнімділігі, сапасы жоғары, қоршаған ортаға бейімділігі жағынан шетелдік түрлерімен бәсекеге түсе алатын қант қызылшасы будандарын енгізу арқылы, өнімділікті арттырып қант өңдеу инфражүйесінің (қосымша жұмыс орындарын құру) дамуына, өнімнің өзіндік құнының кемуіне және қант қызылшасы саласының экономикалық тиімділігіне әкеледі деп толық сеніммен айта аламыз.

 

Бастаубаева Шолпан Оразқызы және Қонысбеков Керімтай Төлеуқасымұлы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидатары