Ербол Қарашөкеев Қазақстандағы алғашқы республикалық өсімдік өсірушілер слетінің қатысушыларымен кездесті

Ербол Қарашөкеев Қазақстандағы алғашқы республикалық өсімдік өсірушілер слетінің қатысушыларымен кездесті

2021 жылғы 21 қазанда еліміздің барлық өңірлерінен саланың жетекші мамандарының қатысуымен Қазақстанның өсімдік өсірушілерінің алғашқы республикалық слеті өтті. Іс-шараға ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, Парламент Мәжілісінің депутаттары, бизнес және азаматтық қоғам өкілдері қатысты.

Өзінің құттықтау сөзінде ведомство басшысы аграрийлердің ерен еңбегінің арқасында бүгінде 16 млн тонна астық пен дәнді-бұршақты дақылдар жиналғанын, бұл елді толық қамтамасыз етуге, сондай-ақ экспорттық нарықтардағы өз позицияларымызды сақтауға мүмкіндік беретінін атап өтті. Қазақстан өңірдегі негізгі азық-түлік хабы болып табылады, өнім жоғары сапалы және зор сұранысқа ие.

«Біз бүгін сіздерге құрмет көрсетіп, өндіріс озаттарының слеттерін өткізудің бұрынғы дәстүрлерін жаңғыртамыз. Осы заманауи көрме кешенінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өсімдік шаруашылығының озық мамандарының слетін өткізіп отырмыз. Бірінші слеттің бүкіл халық үшін мерейлі жыл – Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу жылында өтіп жатқаны қуанышты», - деді министр.

Пандемия азық-түлік жүйелерінің маңыздылығын, оның басымдылығын және өндіріс көлемін ұлғайту қажеттілігін айқын көрсетті.

Үкімет агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобаны қабылдады, ол бүкіл сала үшін стратегиялық құжат болып табылады.

 «Ұлттық жобаның міндеттерінің бірі-  еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру болып табылады. Бұл бойынша жұмыс істеу керек. Нәтижесінде әр гектардан түсетін табыс та артады», - деді Ербол Қарашөкеев.

Жобада сапалы тұқымдарды пайдалану көлемін - өндіріс негізін ұлғайту, минералды тыңайтқыштарды енгізу көлемін ұлғайту, сондай-ақ өсімдіктерді уақтылы және толық қорғау көзделген. Ұлттық жоба аясында барлық бағыттар қаржыландырудың жеткілікті көлемімен қамтамасыз етілген.

Биыл отандық өндіріс техникасын сатып алу кезінде инвестициялық субсидия 30% - ға дейін ұлғайтылды. Өздігінен жүретін бүріккіштерді, жемшөп жинайтын комбайндарды, қызылша жинайтын техниканы сатып алу кезінде, сондай-ақ кооперативтердің техниканы сатып алу кезінде 50% инвестциялық субсидия қолданылады.

Сондай-ақ, шара барысында Ербол Қарашөкеев ведомстволық наградаларын табыстап, агроөнеркәсіптік кешеннің дамуына елеулі үлес қосқан сала өкілдерін Ауыл шаруашылығы министрлігінің құрмет грамоталарымен марапаттады.

«Халық өндірістің батырлары туралы білуі тиіс, сіздердің еңбектеріңіздің арқаларыңызда үстелдерімізде нан мен басқа да өнімдер бар. Мұндай слеттер тек үздік болуға ынталандырып қоймай, сонымен қатар ауыл шаруашылығы қызметкерінің мәртебесін дәріптейді» - деп қосты ведомство басшысы.

Сөз соңында Ербол Қарашөкеев жиналғандарды кәсіби мерекелері - Нан күнімен құттықтап, зор денсаулық пен мол табыс тіледі.